Kyzylorda-news.kz   АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб өкілдері, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов «Қазақтелеком» АҚ Қызылорда филиалының ұжымымен кездесті.

Байланыс саласының мамандары бүгінде өңіріміздің барлық елді мекендерін жоғары байланысты мобильді оператормен және ғаламтор желісімен қамтып отыр.

Басқосуда штаб мүшесі Наурызбай Сейтқалиұлы: Оңтүстік өңірлерде электр қуатының жетіспеушілігі сезілуде. Сондықтан, жетіспейтін энергия көзін Ресейден сатып алып отырмыз. Оның үстіне қазір барлық заттар электр қуатының көмегімен жұмыс істейді. Мәселен, Алматының өзінде 5000-нан аса электр қуатымен жүретін көліктер бар екен. Демек, заман алға жылжуда, соған сай біз де уақытында әрекет еткеніміз дұрыс.

Өткен жылы Корея еліне барғанымыздағы сондағы ғалымдардың 2050 жылға қарай сұраныста болатын мамандықтарды оқытып бастап жатқанын көрдік. Жаһанның алға ұмтылысы өте жылдам, демек талап солай болып отыр. Сол секілді, көрші елдердің біразы атом станциясын салуға кірісіп кетті. Оның ішінде Моңғолия, Өзбекстан секілді мемлекеттер, алыстағы Араб әмірліктері мен Египет секілді елдер бар, – деді.

Кездесуде ұжым тарапы көмірден, күннен, желден өндірілетін электр қуаттары жайлы да сауалдарын жолдады.

Бұл жайында штаб мүшесі Руслан Рүстемұлы: Мәселен 4,5 грамм уран таблеткасы 100 тонна көмір беретін электр қуатын бере алады. Сонымен қатар, көмірден тарайтын улы газдар әлемдік экологиялық ахуалға кері әсерін беруде. Көмірден шығатын күлдің өзінде бірнеге улы металдар, химиялық элементтер бар. Жаһан елдері 2060 жылға қарай көмірді қолдануды мүлде тоқтатуға бел байлады.

Ал біз айтып отырған атом энергиясы «Жасыл энергия» қатарына кіреді. Соңғы шыққан ІІІ+ буыны қолданыста тиімді екенін көрсетіп отыр. Ең басты мәселе - атомға деген фобияда. Бізге тарихтан мәлім атом апаттары станцияның І буындары кезеңінде адами фактор әсерінен болғанын ұмытпаған абзал. ІІІ+ буыны өзінің қорғаныш қабаттарымен, қашықтан басқарылатындығымен өзінің қауіпсіздігін дәлелдеген, – деді.

Ұжым тарапы атом энергетикасына байланысты толғандырған сауалдарын жолдап, штаб мүшелерімен пікір алмасты.              

Тағы да оқыңыз: