Kyzylorda-news.kz Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Қармақшы аудандық Халықтық штаб мүшелері білім саласының өкілдерімен кездесті.
Кездесуде аудандық штаб өкілдері Мақсат Есбенбетов, Сейл Жұмадьяров, Бақытбек Кеңесов елдегі энергетика тапшылығына тоқталып, мәселенің алдын алуға бағытталған жұмыстарды атап өтті. Соның ішінде АЭС құрылысы мемлекет үшін ең тиімді жоба екенін тілге тиек етті. 

"Атом электр станциясын пайдалану кезеңінде жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2 мың адамнан тұратын қызметкер қажет. Осы мақсатта болашақта атом энергетикасын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Кадрларды даярлау жоспары жеке әзірленіп, қабылданып, оның негізінде қажетті мамандар даярланатын болады", – деді штаб мүшесі Мақсат Есбенбетов.

Аудандық Халықтық штаб мүшелері АЭС құрылысы елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына оң әсерін тигізетіндігіне де тоқтап өтті.

– "АЭС құрылысы еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті қадам ғана емес, сондай-ақ төмен көміртекті экономикаға жаһандық көшу жағдайында елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторы болып табылады", - деді Сейл Жұмадьяров.

Өз кезегінде Бақытбек Кеңесов дамыған елдер қатарына қосылғымыз келсе, атом электр станциясы сияқты жобаларды қолға алуымыз керек. Атом электр станциясын салу экономикалық тұрғыдан да тиімді, әрі нәтижесі ұзақ мерзімді болады. Сонымен қатар халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді деп атап өтті.
Жиында білім саласының өкілдері АЭС салу бойынша сұрақтарын қойып, штаб мүшелерінен тиісті жауаптарын алды.

Тағы да оқыңыз: