Kyzylorda-news.kz Халықтық штаб мүшелері «Достық үйінде» жергілікті этнос өкілдерімен кездесіп, Мемлекет басшысының Жолдауынан туындаған маңызды мақсат-міндеттерді баяндады.

Сыр елі өзінің қазақы ортасы мен ұлттық салт-дәстүрлерді ұстанған аймақ ретінде көпшіліктің таңдайын қақтырған. Өңірімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің айрандай ұйыған татулығы барша қазақстандықтарға үлгі.

Алдымызда тұрған үлкен саяси науқан – жалпыхалықтық референдумда да жұдырықша жұмылып, Мемлекет басшысының маңызды бастамасын қолдайтынын жеткізген ассамблея мүшелері атом энергертикасының тиімділігі турасында өздерінің пікірін білдіруде.

Кездесуде штаб мүшесі Қарақат Әбден: Сыр елі қашан да қазақы қаймағы бұзылмаған, өзінің азаматтық ұстанымы бар өңірлердің қатарынан табылып келеді. Осында өткен кездесулерімнен халықтың бірлігінің мығым екенін анық байқадым. Өздеріңізге мәлім, алдымызда тұрған референдумға атом станциясының құрылысының керек немесе керек еместігі анық болмақ. Мемлекет басшысы бұндай маңызды қадамды халықпен ақылдаса отырып, жүзеге асыруға шешім қабылдады. Жалпы, атом энергетикасына байланысты түрлі пікір бар. Адам болған соң, қоғам болған соң сан алуан пікірлердің болары заңдылық. Дегенмен, өздеріңіз ендігі атом энергетикасының тиімділігі мен ел әлеуетіне берер пайдасы жайлы толық ақпарат алған боларсыздар. Сондықтан, маңызды қадамды бірге жасайтынымызға сенім мол, – деді.

Ал, «Жасыл энергияның» маңыздылығына тоқталған штаб мүшесі Мұрат Ергешбаев: Кез-келген жерде жергілікті қауымдастықтың пікірі маңызды. Бүгінде бірнеше көршілес мемлекеттер атом станцияларының құрылысын бастауға бел буып отыр. Біздің елде 1967 жылы қолданысқа берілген бірнеше реакторлар жұмыс жасауда. Кадр әлеуеті де жеткілікті. Бірақ, оның қауіпсіздігіне де көңіл аудару қажет. Бұл тұрғыда халықаралық «МАГАТЭ» ұйымы еліміздегі реакторлардың жұмысын ұдайы бақылап отырады. Осы жылдар ішінде біздің елге ұйым тарапынан қандай да бір қарсы пікірлер түспеген. Демек, отандық мамандар өз ісінің шеберлері, – деді.

Кездесуде жергілікті қауымдастық өкілдері атом станциялары өндіретін электрдің тарифтері мен құрылыс барысы, онда қамтылатын жұмыскерлер саны жайында ақпарат алып, пікірлерін ортаға салды.

Тағы да оқыңыз: