Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырған болатын.
Осы орайда, Президенттің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Аталмыш акция аясында Сыр өңірінде де, «Таза Қазақстан – таза аймақ» атты экологиялық науқаны бастау алды.
Бұл игілікті іске қазалылықтар да бірауыздан үн қосуда. Қазалы ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы санитарлық тазалыққа қатысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиынға аудандағы барлық мекеме, кәсіпорын ұжымдары, көше комитеттері мен аудан тұрғындары қатысты. Басқосуда аудан басшысы аудан көлемінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайында айтып өтіп, туған жерді көркейту-көгалдандыру бағытындағы жұмыстарға бірлесе атсалысу керектігін жеткізді.
Жиында Қазалы ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов Әйтеке би кентіндегі 7 аймақ бойынша атқарылып жатқан тазалық жұмыстары бойынша хабарлама жасады. Ал, аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ғанибек Құрманалиев тазалық мәселесіне қатысты тұрғындар тарапынан орын алған құқық бұзушылықтарға қатысты қабылданған іс-шаралар туралы баяндады.
– Қашанда жұмыла жұмыс істеп, жауапкершілікті тең бөліскенде ғана, ісіміз де, алға басады. Өйткені, аудан орталығын, оның айналасын үнемі таза ұстап отыру осы отырған баршамызға ортақ дүние. Мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлініп, көшені қанша сәндегенмен, жөндегенмен, көше бойындағы қоқыс пен үйдің маңайы тазаланбаса, қоршауы жөнделіп, сырланбаса, дұрыс болмайтыны анық. Қарап отырсаң, жергілікті тұрғындардың пікірінше, көшеге тасталған күл-қоқысты Әйтеке би кенті әкімшілігі, болмаса коммуналдық мекеме, немесе қоғамдық жұмысқа келген жұмысшылар тазалауы керек деген ұғым қалыптасқан. Соның салдарынан, бүгін тазалап кеткен жерге ертесіне қайта күл-қоқыс тастау тыйылмай келеді. Сондай-ақ, түнгі мезгілде көше бұрыштарына қапшықпен қоқыс шығарып қойғандар да, көбейіп барады. Олардың санасында өзімнің шарбағымнан қоқыс шықса болды, көшеге әкімшілік қызметкерлері жауап береді деген сана қалыптасқан.
Айтылған кемшіліктерге әкімдік, немесе полиция қызкеткерлерінің бақылауға күші жетпейді. Бұл көп болып атқаратын жұмыс. Егер, бәріміз көп қаржыны қажет етпейтін ауламызды тазалауды, көшеге қоқыс тастамауды біркісідей қолға алсақ, бақыласақ, аудан орталығы ажарлана түсетіні сөзсіз. Біріксек, бұл қолдан келетін іс, – деді Дәурен Оңғарбайұлы.
Оның айтуынша, Қазалы ауданы орталығы аудан басшысы Мейрамбек Зинабдинұлының тапсырмасына сәйкес аймаққа бөлінген. Оларға жауапты болып, Қазалы аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әлмәмбетұлы бастап, аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімінің кеңесшісі, «Аманат» партиясының атқарушы хатшысы бекітілген. Жалпы, 7 аймаққа 15-20 мекеме аралығындағы 100-ден астам аудандағы барлық мекеме-кәсіпорындарды белгілеп отыр. Сонымен қатар, әр аумаққа мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес, көше комитетінің төрағаларынан жұмысшы тобы құрылған. Мұндағы мақсат – халықтың санасын ояту, түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Осы арқылы ортақ жұмысқа барша Әйтеке би кенті тұрғындарын біркісідей атсалысуға шақыру.
Қазалы ауданы полиция бөлімінің бастығының міндетін атқарушы полиция подполковнигі Ғанибек Құрманалиевтің көше тазалығы бойынша берген мәліметінде:
– Әйтеке би кентіндегі қоқыс тасталуы мүмкін аймақтарға, яғни, Әйтеке би кентінің шығыс беткейіндегі Мектепбай каналы, №5 квартал аймағындағы «Қазақ және орыс қорымдары», Әйтеке би кентінің шығыс беткейіндегі жол асты темір жол өткелі аумағына және Водокачка елді мекеніне барар жолға қызметкерлер бөлініп, аудан тұрғындары тарапынан қоқыс тастаудың алдын-алу, немесе, қоқыс тастаушы құқық бұзушыларды анықтау бағытында тәулік бойы жұмыстар атқаруда.
Сонымен қатар, күнделікті учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аймақтарын аралап, қоқыс тастау және абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтап, оларға заң жүзінде шаралар қолдануда. Осыған қоса, бөлім басшылығы мен учаскелік полиция инспекторларын және кент әкімін қосып «Тазалық» атты чат ашылып, онда атқарылған жұмыстар бойынша сұраныстар жасалынуда. Бөлім басшылығы тарапынан қосымша мобильді топтар құрылып, Әйтеке би кенті көшелеріндегі абаттандыру қағидасын бұзу деректерін анықтап, осы чат арқылы учаскелік полиция инспекторларына жолдап, учаскелік полиция инспекторларымен шаралар қабылданып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Кеңейтілген мәжілісте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов та сөз алып, елдің бірлігін, абыройын көрсететін үлкен істе ауызбірішілікпен танытуға шақырды. Сонымен қатар, көше комитеттерінің төрағаларымен аудан тұрғындары да, тазалық мәселесіне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Жиын соңында Қазалы ауданы әкімі қоршаған ортаның, туған жердің тазалығы әрбір ауладан, әрбір көшеден басталатындығын жеткізіп, ауданды көркейту бағытындағы жұмыстарға жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ, тазалық жұмыстарына тек мекеме, кәсіпорын ұжымдары ғана емес, барлық аудан тұрғындары, көше комитеттері, кәсіпкерлер өз аулаларынан бастап, атсалысу қажет екендігін айтты.
Сондай-ақ, аудан көлемінде атқарылып жатқан шаралар, анықталған құқық бұзушылықтарды әрбір учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік аймақ тұрғындарына әлеуметтік желідегі «Ватсап» чаттары арқылы жолдап, оларға осы тектес заң бұзушылықтарға жол бермеу бойынша да қосымша кеңінен насихатталуда.
Жыл басынан бері абаттандыру қағидасын бұзудың, яғни, Әкімшілік кодекстің 505 бабымен 802 деректер анықталып, шаралар көрілсе, ортақ пайдалану орынын ластаудың, яғни, Әкімшілік кодекстің 434-2 бабымен барлығы 87 деректер анықталып, олардың әрқайсысына – 18 460 теңгеден барлығы 1 миллион 621 мың 680 теңге айыппұлдар салынды.
Соңғы 5 тәулікте абаттандыру қағидасын бұзудың, яғни, әкімшілік кодекстің 505 бабымен 63 деректер анықталып әкімшілік хаттамалар рәсімделсе, ортақ пайдалану орынын ластаудың, яғни, әкімшілік кодекстің 434-2 бабымен барлығы 21 деректер анықталып, олардың әрқайсысына – 18 460 теңгеден барлығы 387 660 теңге айыппұл салынды.
