Kyzylorda-news.kz Бүгін Арал ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, бірқатар өзекті деген мәселелер күн тәртібінде кеңінен талқыланды.

Жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер ететін негізгі көрсеткіштері сала-сала бойынша қаралып келе жатқаны белгілі. Бүгінгі аппарат мәжілісінде ең ауқымды әрі маңызды сала құрылыс, автомобиль жол бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жиынның негізгі тақырыбына айналды.

Ең алдымен аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы осы бөлімнің басшысы Т.Ұзақов хабарлама жасады.

Айтуынша өткен жылы аудан бойынша орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 8,5 млрд. теңгені құрап, 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 124 пайызға артық орындалған. Дегенмен сала ауқымды болған соң кемшіліктер де жоқ емес.

Жиын барысында аудан басшысы А.Оңғарбаев саладағы бірқатар кемшіліктерді жіпке тізіп, құрылыс сапасына қатысты сын-ескертпелерден қысқа мерзім ішінде нәтиже шығару керектігін атап өтті. Сонымен қатар алдағы міндеттерге қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеп, жұмыстың белгіленген мерзім ішінде аяқталуын бақылауды салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасарына жүктеді.

Мұнан соң аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ж.Құдайберген аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекенішілік көшелердің жай-күйі туралы хабарлама жасады.

Өткен жылы ауданымыздың жол құрылысын дамытуға 5 млрд. 255 млн. теңге бөлініп, 74 шақырымнан аса жол жөндеуден өтті. Нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдардың үлесі 52 пайыздан асты. Биылғы жылы да жол құрылысына ауқымды қаражат бөлініп отыр. Аудан әкімі тиісті бөлім басшысына биылғы жылы жүзеге асатын жол құрылысы жобаларының сапалы әрі мерзімінде жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырып, бірқатар кемшіліктер бойынша атқарылуы тиіс жұмыстарды саралады. Жиында жол сапасына қатысты да кемшіліктер айтылды. Алдағы уақытта орын алған әрбір кемшіліктерге қатысты айтылған сын-ескертпелерден нәтиже шығару керектігі айтылды.

2025 жылдың 3 айында Арал ауданының аумағында 2 жол-көлік оқиғалары тіркелді, оның салдарынан 2 адам қайтыс болып, 4 адам жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғалары 60 пайызға азайған. Осы және өзге де сала бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде аудандық полиция бөлімінің басшысы Н.Әлтай хабарлама жасады.

Кешкілік уақыттарда қала ішінде автокөлік жүргізушілерінің жол ережесін сақтамайтындығы азаймай тұр. Олардың басым бөлігі жастар. Бұл бойынша аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы заң аясында қатаң шаралар қабылдау керектігін атап өтіп, жол-көлік оқиғаларын алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды жандандыруды тапсырды.

Бұдан бөлек салаға қатысты өзге де кемшіліктер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктелді.

Фото: Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: