ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Жалағаш ауданына сапары барысында өңірдегі ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерімен танысты. Арнайы «Ер-Әлі» шаруа қожалығында болып, су үнемдеу технологиясы арқылы жүргізіліп жатқан жұмыстарды көрді.
Биыл «Ер-Әлі» шаруа қожалығы жалпы ауданы 12 га жерге өнім орналастырған. Оның 8 га картоп, 0,3 га сәбіз, 2 га қауын, қарбыз еккен. Оның ішінде 20 гектарына осы су үнемдеу технологиясын қолданып отыр.
Тиімді әрі заманауи тәсілге көшу бағытындағы оң өзгерістермен таныстырған қожалық төрағасы Әліби Бекжанов суды үнемдеу технологиясы мен субсидия бойынша бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
Халық қалаулысы күріш алқаптарын аралап, еңбек адамдарымен пікірлесіп ел экономикасының негізі саналатын агросалаға жасалып жатқан қолдауларды да жеткізді. Олардың ұсыныс-тілектерін де тыңдады.
«Заманауи агротехнологияларды қолдана отырып, ауыл шаруашылығын тиімді жүргізу – бүгінгі күннің басты міндеті. Су ресурстарының тапшылығы жағдайында әр тамшы суды ұтымды пайдалану аса маңызды. Мемлекет басшысы еңбекке жағдай жасап, жұмысшы мамандықтарды құрметтеп, ауыл еңбеккерлерінің тыныс-тіршілігін жақсарту қажеттігін үнемі айтып келеді. Қазір Үкімет пен партия тарапынан да осы бағытта үлкен жобалар қолға алынып жатыр. Ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және суармалы жерлерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғаса беретін болады», -деді Мархабат Жайымбетов.