Kyzylorda-news.kz  «Әр бала – отбасының, әр азамат – мемлекеттің көрінісі»  деген сөз бекер айтылмаған. Бала тәрбиесі – жеңіл жұмыс емес, онда әкенің де, ананың қатысы теңдей болуы тиіс. Әсіресе, әкенің рөлі өте маңызды. Өйткені, ол баласы үшін еліктеудің нағыз үлгісі және ең басты кеңес берушісі.

11 қараша күні Қармақшы ауданына қарасты Төретам кентіндегі №85 орта мектепте  «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының, ата-ананы педагогикалық қолдау орталығының жоспарына сәйкес,  «Әке – отбасы тірегі» тақырыбында  әкелер семинары  өтті. Мағыналы жиынның басты мақсаты – жағымды отбасының бейнесін дәріптеу, балаларды тәрбиелеудегі әкелердің рөлін күшейту, ізгілікті-рухани құндылықтар негізінде қоғамда белсенді азаматтарды қалыптастыру, отбасы, мектеп, жергілікті  мемлекеттік  басқару  органдары  мен  қоғамдық  ұйымдар арасындағы  ынтымақтастықты  жандандыру, жасөспірімдер  арасындағы бақылаусыздық пен құқықбұзушылықтың алдын-алу жұмыстарына ер азаматтарды тарту, бала бойында тәртіп, жауапкершілік, еңбекқорлық, шығармашылық қабілеттерді, салауатты өмір салтын қалыптастыруда әкелермен тәжірибе алмасу, ой бөлісу.

Семинарға  мектеп оқушыларының әкелері, аудандық  мәслихат  депутаты А.Жакешов, Байқоңыр қаласындағы білім беруді дамыту секторының меңгерушісі Ж.Алданова, Байқоңыр қаласы прокуратурасының прокуроры М.Серік, ҚР ІІМ Байқоңыр қаласындағы  Өкілдігінің   Әкімшілік полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция  инспекторы Е.Баймагамбетов қатысты. Семинардың алғашқы сөзі мектеп директоры  Жасұлан Жұматайұлына берілді.  

– Халқымызда «Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын», «Әкесі қой баға білмегеннің, баласы қозы баға білмейді», «Баласы жаман болса, әкесін түйе үстінен ит қабар»  деген өмір  көшімен ілесіп бізге жеткен, өз мәнін жоймай, тәрбиелік қуатын өз бойына жинақтаған ұлағатты сөздер біздің халқымызда көптеп кездеседі. Әке тәрбиесі біздің бүгінгі қоғам үшін қат дүниеге айналып барады. Осы олқылықтың орнын толықтыруымыз керек, – деген мектеп басшысы түрлі кезеңдерде  бала тәрбиесіндегі  әкенің  рөлі  әр түрлі сипатта көрінетіндігі туралы ой қозғады. Семинарға қатысушыларға әр баланың өсіп-жетіліп,  өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын таба білуіне әкенің рөлі зор екендігін атап өтті. 

Семинар барысында қатысушыларға әке мен бала туралы бейнероликтер көрсетіліп, жағдаяттық тапсырмалар орындатылды. Байқоңыр қаласы прокуратурасының  прокуроры  М.Серік  кәмелеттік жасқа толмаған балалар арасында құқықбұзушылық және қараусыздықтың, бопсалаудың, қысым көрсетудің алдын алу  бойынша  түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

Семинар соңында №85 мектептің 11-сынып оқушысы  облыстық, республикалық ақындар мүшайрасының жеңімпазы Еркебұлан Жалғасбаев оқушылармен бірге ата-аналарды кітап оқуға шақырып, үндеу жарияласа, мектеп директоры Жасұлан Жұматайұлы ата-аналарды бала тәрбиесінде жұмыла жұмыс жасауға шақырып,семинарды қорытындылады.

 

Гүлмира АХМАҒАНБЕТОВА

Тағы да оқыңыз: