Kyzylorda-news.kz. Өткен Өмірұлы ауылдың баласы еді. Әкесі қатардағы колхозшы болатын. Зейнетке­ шыққанша малшы, егінші болып еңбек етті. Мұның балалық шағы Отан соғысының жеңісінен кейінгі елдің еңсесін түзеп, ес жыя бастаған, дүниеге үміт көзімен қарап, баянды тіршілікке кіріскен, жарқын кезеңімен тұспа-тұс келді. Небәрі жиырма-отыз жыл уақыт ішінде талай ғасырлар мен заманалардың еншісіне бөлсең де салмағы жеңілдемейтін, естен кетпес; жан түршігерлік; адам баласының ойлап таппайтын сұмдығы жоқ екенінің айғағы іспеттес небір қанқұйлы оқиғалар мен зұлматтарды ­басынан өткеріп; есеңгіреп, жаншылып, жер бауырлап қалған жұрт бәрібір Құдайынан қүдерін үзбеген, рухтарының отын өшірмеген екен. Жеңістің қуанышты хабарының лебімен тіршілікке деген құмарлық, құштары сергіп оянғандай қалыптары бар еді. Күнкөрістері әлі қара шай мен қара нанға қарап отырса да көңілдеріне тоқтық, тоғайым ене бастағандай жүздеріне шырай жүгіріп, өз несібелерін өздері тауып,­ өз байлықтарын өздері ­жасау қарекеті жолындағы еңбекке деген құлшыныс, ынта, жігерлері де өзгеше болатын.

Кешегі бастан кешкендеріне салауат айтып, жаратушысынан енді ондай ­зауалдарды елге бере көрмеуін тілеп, бала-шағасын асырап, сақтап, өсірудің қамын қамдап; аңсар-мақсаттары ыңғайласқан көптің бір-біріне деген қас-қабақ, қарым-қатынастарында да ынтымақтың, бауырмалдықтың нышаны сезілетін. Мұндай орта, қалыпты көріп өскен жас бала мейірім шуағына шомылып, ақкөңіл, адал жан болып ержетсе керек-ті. Өткен де осындай бақытты балалық шақты басынан өткергендердің бірі болатын. Оның үстіне иманды әке-шешенің айналасындағы тіршілікке деген қайырымды, жанашыр, елгезек болмыстары, жақсы өнегесі бала көңіліне жастайы­нан ізгілік сезімін ұялатып, мейірбандыққа бау­лыған шығар. Өткен әу бастан мына дүниеге қулық-сұмдықсыз, ақ көңілімен қарайтын. ­Сонан соң да ма, алаңсыз, бейқам өскен тәрізді. Бірақ қайратты, ақыл-есі сергек, сезімтал; алғырлығы бар-тын. Қатарлары санасып, біршама ығып қарайтын. Үлкендер, әкесінің қадырын сыйлағаны болар, бұған іштарта, жылы қабақ ­танытатын.

Ашаршылығы бар, басқасы бар бұл жұрттың басынан өткен сүрбелеңдерінің салдарынан алдындағы перзенттерінің бәрі шетінен кетіп, солардан кейін дүниеге келіп, қалқайып жүрген Өткенге әкесі «Былай тұр, былай отыр. Ананы істе, мынаны істеме» деген сияқты ескерту, тәрбиелік әңгімелерді көп айта бермейтін. Мұның жүрген жүріс, іс-қимылын сырттай ғана бақылайтын сияқты еді. «Анау болсын, мынау болсын» демей, тек, әйтеуір, көз алдымызда қарайып жүрсе екен деген ғана сыңайын бұл да іштей сезетін. Бірақ балалық танытып алдында шолжаңдап көрген емес. Ондай еркелік танытуға әкесінің егде тартып кеткен қариялық жасы да жол бермеді ме екен, қалай?! Алайда үлкен-кіші ағайыны тік тұрып сыйлайтын, көп сөзі жоқ, сабырлы, бейнетқор әкесіне өзі Тәңірдей табынып, құрметпен қарайтын. Іштей қатты жақсы көретін.

Ауылда жұмыс қолы тапшы. Жігіт біткеннің бәрі майданға аттанып, қайтып келгендері шамалы еді. Олардың да дені жарадар, жарымжан болып оралған. Қатты қайырым іске жарай бермейді. Колхоздың басы енді құралып, өсіп келе жатқан азын-аулақ малының бір отарына ие Өткеннің әкесі қыс құмды қыстап, малды осы қоныстанудың қасында төлдететін. Төл аяқтана бере ауылдың бастығы әкесін шақырып алып:

– Қария! Биылғы ауа райының жайлылығына қарағанда уақытылы суғарып, күте алсақ егіннің шығымы жақсы болатын түрі бар. Бұрынғы сушы болып жүрген кісі көрші ауылға, ағайындарының ішіне көшіп кеткенін білесіз. Енді осы жұмысқа ықтият, ­жарамды адам таба алмай қиналып жүрмін. Егін бой көтеріп келеді, суғаратын мезгілі таяу қалды. Енді өзімізге бөлінетін суды шашып-төгіп алмай, ысырап етпей, тиімді пайдаланбасақ әттеген-айға ұрынамыз. Жаздың күні ғой, мал ауыл айнала жайылар. Жеңгейдің өзі-ақ зер салып, қарай тұрар. Бірер ай уақыт қой, осы маусымға сушылықты өзіңіз атқарып беріңіз, – деп өтінгендей болып отырып, тапсырма беріпті.

Әкесі оған болмайды деп бас тарта алмаған. Қаратаудың теріскейіндегі шөлейіт далада тіршілік кешкен, жазғытұры жауын-шашыны аз болатын бұл елге судың зәрулігі, қымбаттығы шаруа баққан әрбір кісінің жанымен түсінетін жайы. Бастауын таудан алып, құмға барып сіңетін шағын, жалғыз өзенге үлкен бөгет тұрғызып, оған жи­налған суды әрқайсысы өз ауылдарына қарай оман арық тартып, осы маңдағы бірнеше колхоз бөліп пайдаланатын.

Аңызақ жайлаған сары дала, ­сусап, шөліркеген егін. Бұл жұрт үшін судың қадыр-қасиеті өзгеше-тұғын. «Қасқалдақтың қанындай» деген сөз осындайдан қалған шығар. Әсілі, еңбекқор жанның бейнетпен қоңсы қонып жүретін әдеті ғой. Әкесі бұл міндетті мойнына алғалы бері су жүретін арық-атыздарды түгендеп, тазалап, күні-түні дамыл табуды қойғанына Өткен қынжыла қарап: «Жұмыссыз отырған адам емес, бағып жүрген малы бар. Қосымша бұл бейнетке қалай мақұл болған» деп ойлайтын.
Ауыр еңбек, адал тердің текке кетпейтінін, қайтарымы болатынын ол кезде бала көңілі қалай бажайласын. Бірақ кешікпей осы тірліктің оң нәтижесіне өзі де куә болған.
Елдің шаруасына ортақ жанашыр­лықпен қараған осы өлермен еңбектің арқасында соғыстан кейінгі бас-аяғы бес-он жылдың ішінде кешегі аш-жалаңаш халайық тойынып, тоғайып шыға келген. Озат колхозшылар өмірі қолдарына ұстап көрмеген ақшаны еңбек күндеріне дорбалап алғанын көзі көрген. Тырнақтап жинап, құраған малдары мыңғырып өсіп, даласында егіні жайқалып, ауылдары «миллионер колхоз» аталып, дүрілдеп шыға келген. «Міне, қайран еңбек пен тәртіптің, ынтымақтың нәтижесі» деп ойына алатын бала кезіндегі осы күндерді бұл.

* * *

Әлі есінде. Өткеннің жетінші ­сыныпты бітірген көктемі еді. Әкесінің сол сушы болып жүрген күндері. Бірде егіндікке су жіберетін үлкен арықтың тоғаны бұзылып кетіп, таңның жарығынан түске дейін бір өзі соны жөндеймін деп жан-ұшыра арпалысып, әрең дегенде қалпына келтіріп, үйіне ұшып-зорығып жеткен әкесі үстіндегі су мен батпақтан сауыс-­сауыс болған киімдерін ауыстырып, шайдың қайнағанын күтіп, қисайып, қылжиып жатыр еді.

Бұл әкесінің әбден қажыған түріне жүрегі ауыра, аянышпен қарап, оның осы бейнетін қалай жеңілдетуге, мына шаршаған күйіне қалай жалау боларын білмей қинала, елжіреген пейілде еді. «Бірақ не істей алады? Мұның қолынан не келеді? Не істеуі керек?!» осы сұрақтар көңілінде көлденеңдеп, ойланып отырған…

Осы кезде есік алдында ас қа­мында жүрген шешесіне сәлемдесіп:

– Қария үйде ме? – деген бір кісінің дауысы естілді.

– Үйде, үйде. Жаңа ғана егіндіктен келіп, демалып жатқан болар, – деді шешесі.

«Ой, мынау біздің Ілияс ағай ғой» деп, бұл орнынан тұра бергенше ол кісі де үйге енген. Біреу келгенін сезіп, әкесі де басын көтерді.

Бұл Өткеннің сынып жетекшісі, мек­тептегі тарих пәнінің мұғалімі Ілияс ағай еді.
Қысқаша сәлемдесуден соң келген шаруасын айтты.

– Бұлар биыл жетінші сыныпты бітірді. Жетінші сынып деген мектептегі үлкен бір белес. Балалар енді жазғы демалысқа шықты. Үйді-үйді аралап, жағдайларын біліп, ата-аналарымен кездесіп жүрмін. Демалыстарын қалай, қайда өткізеді дегендей.
Әкесі мен ағайының нағашы-жиен­дік шатыстығын, араларында сыпайы қағытпа қалжың барын Өткен білетін. Өзі шаршап отырса да әкесі сол әдетіне басып:
– Е-е, енді бұлар алдарыңа салып, бағып жүргендерің емес пе?! Жай-күйін біліп, түгендеулерің керек қой, – деп әзілдей тіл қатты.

– Ой, қария-ай, қағытуыңыз қал­майды. Тірліктің бәрін алдыңызда айдап жүрген қоймен салыстырып, баға­лайсыз да отырасыз. Бұлар біздің ба­ғуымыздағы жандар емес, біздің тәр­биеміздегі мына елдің болашақтары ғой.

Әкесі Ілияс ағайдың риясыз сөзіне қошуақ болғандай:

– Жақсы! Жақсы! Аталы сөз айттың. Иә, Мына халықтың болашағы осылар ғой…

Тек Тәңірім тыныштығын, ынтымақ, берекесін берсін. Бұл жұрттың да көрер жарығы, жақсылығы бар шығар. Тәуба! Тәуекел дейік. Құдайдың көзі түзу болсын, – деді толғана.

– Айтқаныңыз келсін, – деді Ілияс ағай да қоштаған үнмен. Сонан соң Өткенге бұрылып қарады:

– Әй, мына әңгімелерді естіп отырсың ба?!

– Е-е сөзге құлақ салуы тиіс қой, – деді әкесі де бұған зер сала көз жүгіртіп.
Мұғалім келген шаруасын тиянақтай түсейін дегендей көтеріңкі тіл қатты:
– Өткеніңіз жетіншіні үздік бітірді. Үлгілі оқушыларымыздың санатында. Соған сіздерге әрі құтты болсын әрі алғыс айтып келіп отырмын, – дегенде әкесі оқыс қуанышқа кезіккен жандай, жүзіне лып етіп қызыл шырай жүгіріп, мұғаліміне бір, бұған бір ризашылықпен қарай берді.

– Ә, бәсе, зердесі болса керек еді, – дейді сәл абдырағандай үнмен.
– О-о, Зерделі балаңыз. Ақылы да, жігері де бар, – деді ағайы әңгімесін тұздықтай түсіп.
– Құдай өмір берсін. Несібесін кем қылмасын, аман жүрсе, бір жерден шығар, – деді әкесі әлдене үмітке иек артқан кісідей ойлана.

Өткеннің тұла бойы бір ыстық шарпу шарпып өткендей бусанып қоя берген. Жаңа әзірде ауыр бейнеттен мылжа-мылжа болып езіліп, сүлдесі құрып, аяқ-қолын жинай алмай жатқан адамның бір сәтте жаратқан аттай еңсе түзеп, қуаттанып шыға келген қалпына, шырайланған жүзіне қарап: «Әкем маған үміт, сенім артады ­екен-ау. Менің жетістігіме қатты қуанады екен-ау» деп іштей толқып кеткен. Осы сезім өзін алға, әлдеқандай мақсаттарға, армандарға жетелегендей болды. Әкесінің өзіне сенім, үмітінің үдесінен шығу үшін алдына міндет қойып, жүк арқалағандай жайы бар-ды.

Әкесі, әсілі, бұған «өйтпе-бүйтпе, олай ет, бұлай ет» деп арнайы көп ақыл айта бермейтін. Бірақ бала кезден естіп өскен әңгімесінің төркіні, мұның санасына ұялаған өсиеттері: «Өтірік айтпа; біреуге қиянатқа барма; қулық-сұмдық, көрсеқызар қызғаншақтықтан бойыңды аулақ ұста; бауырмал бол, адам баласын Тәңірі әу баста бір атадан таратыпты ғой, демек, Адамзат дүниесі туыстықпен ғана игілікке жетсе керек; қайырымды бол, қолыңнан келсе кісіге жақсылық жаса; ұятты естен шығарма, ұят – адамның иманының кілті; еңбектің қандайынан болса да жиренбеге» саятын.

Әкесінің ағайын ортасында, жиын, басқосуларда айтатын сөздерінің түйіні былай болып келетін: «Өзің жақсы болсаң – адамның жаманы жоқ». «Жақ­сының жақсылығы – жаманды кешіре біліп, ынтымағын жоғалтпау; атадан балаға жалғасып келе жатқан ізгі дәстүріне, ұйым, берекесіне ұйытқы болу». «Ит екеш ит те бір басына тамағын тауып жейді. Өзін-өзі асырай алады. Ал адамның иттен артықшылығы болса керек қой. Кісілік деген бар емес пе?! Кісінің кісілігі – төңірегіне шарапатын тигізу, біреуге қайырым, жақсылық жасай білуі».
Тағдырдың әлдене ауыртпа­лы­ғына ұрынған жақындарына: «Ей, батыр! Ер тарықпай – молықпайды деген. Жамандықтың да артынан келетін жақсылығы болатынынан күдер үзбе. Тәуекел ет. Құдайға сыйын» деп жұбату айтса; асқақ сөз, күпірлік ісін байқаған інілерін: «Артық қайрат жанға қас, жігітке сабыр ләзім» деп тоқтамға шақыратын. Мейманасы тасып жүріп, әлдене зауалға ұрынған жанға табалауынан гөрі жанашырлығы басым көңілмен: «Ой, болмаймын дейтін пенде жоқ – болдырмайды Тәңірі. Алмаймын дейтін дұшпан жоқ – Құдайдан аспайды Әмірі. Адам жасаған әр шаруасының арты қалай боларына зер сала, алаңдай жүрсе ғой, шіркін» деп басын шайқап отырар еді.

Өткен әкесінің осы өсиеттерін жасаған әр тірлігінде мықты ұстаным ете алды ма, жоқ па, қайдам?! Бірақ қолынан келгенінше біреуге қайырым, жақсылық жасаудан, адал сөзін айтудан бас тартпағанына өзінің сенімі кәміл.

Осынау бала кезден әкесінің әлгі нақыл сөздерін есінде бек сақтап, тіршілік кешуге бекініп, әр ісіне өрге талпынғандай ынта-жігермен кірісуді дағдыға айналдырған болатын. Әр шаруасында әкесі өзіне сынай қарап, әрі қуат, қолдау жасап отыратындай сезінетін. Бұл қай жұмысында болсын нәтижеге жетсем деген ұмтылысын өзі үшін емес, әкесінің ризашылығы, қуанышы үшін жасауға тиіс тәрізді көретін. Осы құлшыныстың жетегінде мектепті Алтын медальмен бітірді. Алдағы аламын деген арман-асулары да, өзіне деген сенімі де таудай еді. Кеңес Одағындағы қай жоғары оқу орнының да есігі ашық болды. Таңдай жүріп, Мәскеудегі Бауман атындағы тех­никалық училищеге барып түсті. Оны бітірген бойда өз республикасында­ғы сол кезде Бүкілодаққа әйгілі, үлкен завод­қа инженерлік қызметке жолдама алды. Түрлі машиналар мен техника­лар­дың күрделі бөлшектерін шығаратын, ол өнімдері Одақтың түкпір-түкпіріне тарайтын бұл алып кәсіпорынға мұндай қызметке келу жас маман үшін үлкен болашақты лауазым еді. Мұның бұл қадамын, әсіресе, ауылдастары мақтана сөз еткен. Олардың әңгімесі әкесінің де құлағына жетіп жатты, әрине. Әкесі, жарықтық, мұның жетістіктерінің, бәрін болмаса да, біразын көріп, естіп барып дүниеден өткен. Шүкірлігін айтып, ризашылықпен аттанған шығар, бәлкім.

Бұлардың жастық шағы өткен кезең, қоғам ұшамын деген жасқа қанат берген, өсемін деген жасқа өріс берген; еңбек адамының еленген, қастерленген заманы болған сияқты.

Мәскеуде оқып жүріп танысқан Жібек екеуі елге қол ұстасып бірге келген. Жібек экономист мамандығы бойынша министрлікке қызметке ­орналасты. Екеуі бір жыл, жарым жыл заводтың жұмысшылар жатақханасында тұрды да артынша кең сарайдай пәтер алды. Кешікпей аралары екі-үш ­жастан бір қыз, бір ұл сүйді. Құдайдың бұйыртқан өмірінде бақытты отбасылық ғұмыр кешті деуге болады.
Әу бастан табиғатында бар еңбекке деген ынтасы мен ерік-жігерін білім, парасатпен ұштастыра алған Өткеннің заводтағы қызмет жолы да сәтті басталып, сатылап өсу үстінде болды. Аз ғана жыл ішінде Бас инженерлік дәрежеге жетті. Осы жұмыста жүргенде өзіне партиялық жоғары лауазымға ұсыныс та түсті. Бірақ бұл өзінің осы сүйікті ісінен ажырағысы келмеді. Шаруасы шаш етектен, күндіз-түні дүрсілдеп, тыным таппай, көріктей қызып жататын өндірістің жұмысына әбден бауыр басып кеткен еді. Керек десең, әйелі екі баласының қамынан, солардың тірлігіне алаңдауынан гөрі бұған осы заводтың уайым, қуанышы басым болатын. Мұнда он мыңнан аса жұмысшы, инженерлер еңбек етті. Олардың бәрінің ажар, тұрмысы, көңілдері қандай еді. Бір үйдің балаларындай десе болатын. Мұндай ­ортаны қалай қиып ­тастап кетсін. ­Осыдан көп уақыт өтпей заводтың Бас директоры лауазымының тізгіні қолына тиген. Бұрынғы бұрынғы ма, Өткеннің енді бар ой, мақсаты да, тірлігі де заводтың қамына ауды. Қақ-соқпен ісі жоқ, алып-қашпа әңгімеден аулақ, біртоға, сабырлы мінез Жібек ұл мен қыздың тәрбиесі мен отбасының ­шаруасын бағзыдан-ақ өз мойнына алған. Бұған:

– Сен сол заводты құшақтап жатып ұйықтап, құшақтап жатып оян, – деп зілсіз ғана қағытпа жасап қояды.

Бұл:
– Сен не, мені заводтан қызғанасың ба?! Ол біздің мына үлкен қаланың соғып тұрған жүрегі ғой. Керек десең бүкіл Республикамыздың абыройы емес пе?! – деп уәж қайтарған болады бұл.

Мұның осы қалтарыссыз айтқан сөзіне, баладай аусар қалпына қарап қойып:
– Әй, әпендем-ай! Аман бол. Құдай абырой берсін заводыңа да, өзіңе, – дейтін ол.
«Адамның құлағына айтатын жақсы сөзін періште, жаман сөзін шайтан сыбырлайды» деген осы ма екен?! Бірде бұлардың еңбек ұжымын бес жылдықтың жоспарын асыра орындаған табыстары үшін құттықтаған ­Республика Партия Орталық Комитетінің бірінші хатшысының «Бұл кәсіпорын мына қала экономикасының жүрегі іспетті» демесі бар ма. Биік лауазымы өз алдына, қалың көпшілікке аса құрметті, беделді, ірі қайраткер тұлғаның аузынан мынандай лебізді естігенде төбесі көкке жеткендей болып, үйінде, кешкі­лік шай үстінде Жібекке өзінің сөзін Республика басшысының жаңғыртқа­нын айтып, мақтанған. Кейін де түрлі жиын, қабылдау сәттерінде кезігіп, сәлемдескенде:

– Әй, жүректің жүрісі қалай?! – деп толайым көңілмен сұрайтын еді ол кісі.
Айт-айтпаса да, бұл басқарған алғашқы жылдардан завод жұмысы ерекше қарқын алды. Соның ­нәти­жесінде жетпісінші жылдардың соңына қарай Мәскеудегі Халық ­ша­руашылық жетістіктері көрмесінде бұлар үлкен көрсеткішке ие болып, заводқа «Халықтар достығы» ордені табысталып, Бас директор Өткенге Еңбек Ері атағы берілді. Мұнан кейінгі ондаған жылдарда да осындай абырой биігінде жүрді. Жасы зейнет жасына келгенімен жоғарғы жақ тәжірибелі басшыдан айырылғысы келмеді білем, Өткен қызметін атқара берген. Бірақ кейінгі кезеңде жоғарғы биліктің іс-әрекетінде, саясатында өзгеріс бола бастады ма, жоқ, бұл шау тартып, ­заман ағымына ілесе алмай жүр ме, өзі де аңысын аңдамаған, түсініксіз бір жайлар белең алып келе жатқандай-тын. Оның үстіне кешегі күнгі жасаған шаруалар тоқырауға жатқызылған – «Қайта құру» науқанының да өндіріске пайдасынан гөрі салқыны тигендей ендігі кезеңде кәсіпорын тірлігі қарқын алмай, төмендей берген.

Мұны жөндеуге бір бұлардың мұршалары келмейтінін байқаған соң, «қой, өз кезеңіне ылайық жастар, жаңа адамдар істеп көрсін, мен енді қызметімді тапсырайын» деп өтініп жүріп, орнын босатқан. Алайда завод жұмысының сол құлдыраудан құлдырай бергенін естіп, біліп жүрді. Оған келіп тоқсаныншы жылдың басындағы өтпелі кезеңнің, нарықтық экономиканың беймәлім, бейтаныс қиындығы ­душар болды. Заводтың тірлігін біржола тоқтатып, жабылып тынғанынан, онмыңдаған адамның жұмыссыз тентіреп кеткенінен хабардар-тын.

Кейін «біреулер жекешелендіріп алыпты» деген сөз шықты. Онан соң кезіндегі құны алтынмен бағаланатын не түрлі ста­ноктар мен қымбат техникаларды бұзып, бөлшектеп «металомға» өткізіп, ол темір-терсекті шетел асырып ­жатыр екен деп естігенде қатты күйзелді. «Ой­пырым-ай! Оларды бұзуға қолдары қалай барады? Елдің тұнып тұрған байлығы, қазынасы емес пе еді?! ­Жарайды, мына аласапыран уақыттың салдары туғызған қиындықтың әсерінен тоқтап қалған шығар. Заман, бірақ, біржола бүйтіп қалмас. Әлі түзелер. Сол кезде керек емес пе?! Қарғыс атқыр капитализмге де өндіріс керек шығар. Сол кезде қайта іске қосуға болмас па?! Бұл не деген жаны ашымастық. Жаулық қой мынау. Есігіне құлып салып, бір-екі қарауыл қойып, ұстап тұруға болмас па?! Тапа-тал түсте өз мүлкіне өзі жау болып шапқан не деген сұмдық» деп шыр-пыр болды және осы көңіл күйдің жетегінде, «жоғары басшылыққа кіріп, сөйлесейін, осы ойымды, ренішімді айтайын» деп шешкен.
Осы шаруаға бекініп жүргенде ­кенеттен, ойда-жоқта, жүрек талмасынан өмірінің серігі, жанының жартысына айналған жары Жібегі дүние салып, бұл өз басымен болып кетті.

Әйелінің жылына мұның көңілін аулап, алыстан, жақыннан туыс-тума, жекжат-жұрттары жиналып, елдегісі бар, шетелдегісі бар жора-жолдас­тары келіп, біраз күн бірге болып, шүйіркелесіп, аруақтың алдындағы міндетті бір шаруасын атқарып, Тәңірдің салғанына көндіккендей қалып тауып, бардың амандығын тілеп, шүкірін айтып, келгендерді шығарып салып, төсегіне қисайған еді. Түнде түс көріпті.
Түсіне өткен күннің бір қуанышты оқиғасы еніпті. Өзі сол қуаныштың ортасында мәз-мейрам көңілде жүр. Бұл Жоғарғы Кеңестің үкімімен заводқа орден беріліп, өзі кеудесіне Алтын жұлдыз таққан жылғы көктемде болған мерекелік шара. Завод ауласының кіреберісіндегі үлкен алаңның ортасына орнатылған «Халықтар достығы» орденінің бейнесі қойылған, биік тұғырлы ескерткіштің ашылу салтанаты еді.
Қазағы бар, орыс-орманы бар, сан ұлты, мыңсан жұмысшы қауымның бәрінің қуанышы ортақ, мақсат-мұраттары бірге түйіскендей. Атқарған істерінің оң нәтижесін көріп, төккен терлерінің мәуелі жемісін теріп, жеп жатқан еңбек адамдарының шынайы шаттыққа толы жүздері. Әкелері мен аналарының, әпкелері мен ағаларының толайым табыстарын құттықтауға кел­ген бүлдіршін – пионерлердің мойнындағы галстуктерімен бірге алаулаған сүйкімді шырайлары қандай. Мамыр айының соңына қарай әбден толысып, сантүрлі бояу, шоқ-шоқ гүлдерге оранып түрленген табиғаттың, айнала төңіректің ажар, келбеті қан­дай. Бақытты өмір дегенің бәлкім осы шығар. О, тоба, бұл осы өмірдің ортасында болған. Осы өмірді басынан өткізіпті-ау…

Мына түстен онсыз да жабырқау көңі­ліне өткен күндерге деген әлде­қан­дай бір сағыныш тұнып, ой құ­ша­ғында оянған. Сол күндерді еске алып, қайта көз алдынан өткізіп жатып: «Барып көрейінші! Не күй, не жағдайда тұр екен. Көруім керек қой» деп ұйғарған. Ескі, қимас досына баратындай аңсары ауып, тағатсыздана, шайын асыға ішіп, солай қарай баратын автобустың аялдамасына бет алған.

Ол шеті мен бұл шеті шақырымға созылып жататын үлкен ғимараттың ауласына таяғанда заводтың өзін емес қаңқасын көргендей көңілі құлази бастаған. Бір кездегі еңселі, айбынды, ажарлы құрылыс шаң-тозаңға көміліп, әбден сүреңсізденген. Ішіне кіріп, аралап көре бастағанда жаны түршікті. Кешегі күні өмірдің тынысындай дүрсілдеп жататын алып станоктар сап түзеп тұратын атшаптырым залдардың бәрі жайма базарға айналған. Бірінде көрші елдерден келген дәм-тұзы ­татусыз, сурет жеміс-жидектер тау-тау болып үйіліп жатса, бірінде сол жақтан әкелінген, арзанқол, сапасыз, не түрлі киім-кешектер қат-қат ілініп тасталған. Автомашиналардың ескі бөлшектері, бықырсыған темір-терсектер де осында. Кең залының әр тұсында қарайып екі-үш кісі ғана көрінетін «Мейрамхана» аталғандардың екі-үшеуі қоныс теуіпті. Онан әрі жағалап шығуға дәті шыдамады. Тынысы тарылып, сыртқа қарай ұмтылды.

Мұның қазіргі жағдайы жоғалтып алған тұлпарын іздеп келіп, шашылып қалған сүйегін тапқан жанның басында болатын күй еді.

Тәлтіректей басып келіп, есіктің ­ал­дындағы ескерткіштің тұғырына сүйене беріп, артындағы алабажаққа бұрылып қарап, қалай өксіп-өксіп жібергенін аң­ғармай қалды.
Жұбайынан айырылғанда жүрегі тап осылай егіле жоқтай алды ма екен? Қайдам?!..
Осы есеңгіреген бойы, өзіне-өзі келе алмай біраз тұрып қалғанын аңдамаған.
Еңгезердей қарттың мына түрін көрген, әрлі-берлі ағылып өтіп жатқан, сапырылысқан, абыр-сабыр, алаң көңіл көптің кейбірі:

– Қайыр тілесе мешіт не шіркеудің айналасына барып отырмай ма, байғұс?! – деп оған осқырына қарап өтіп жатты…

Берік ШАХАНҰЛЫ

Anatili

Тағы да оқыңыз: