Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Кезекті отырысқа арнайы қатысқан Қызылорда облыстық санитариялық- эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова аса қауіпті саналатын бұл аурудың облыс көлеміндегі эпидемиологиялық ахуалы мен оған қарсы атқарылып жатқан шаралар барысын баяндап, орын алған олқылықтар туралы айтты.

«Кенелердің белсенділігі көктем, жаз, күз мезгілдерінде артқанымен, олардың тіршілік етуі жыл бойы жалғасады. Жылы қора-жайлардың ішінде жұмыртқалап, фенологиялық дамуы тоқтамайды. Сондықтан сақтық шараларын бәсеңдетуге болмайды», — деп ескертті Әлия Әбдіқайымова.

Шиелі ауданында кенелерге қарсы күзгі дәрілеу жұмыстары 21 қыркүйекте басталды. Зиянкеске қарсы өңдеу алдында қора-қопсылардың қи-қоқыстан тазалануы өте маңызды. Себебі қанша өңдеу жұмыстары жүргізілгенімен көңнің арасында ұялап қалған кенелерден сауықтыру мүмкін болмайды.
Сондықтан бүгінгі комиссия отырысына төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов, ауданға қарасты барлық ауылдық округ басшыларына елді мекендердегі тазалық жұмыстарына тікелей жауапты екендерін ескертіп, механикалық тазалау жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Тағы да оқыңыз: