Kyzylorda-news.kz Бүгін – ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Әлихан Нұрмұхаммедұлы Бөкейхан 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының жетінші ауылында туған. Әлиханның әкесі Нұрмұхаммед те, анасы Бегім ханым да көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты адамдар болған. Тегіне қарамастан өте кішіпейіл жандар болған. Әкесі ит жүгіртіп, құс салған – кедей адам. Егін еккен, диірмен тартқан, азын-аулақ малы болған, балаларын оқытқан. Анасы – кестеші, оюшы, сызушы, тігін машинасы жоқ кездің өзінде қолмен киім тіккен. Қайырымдылығы сол, өзінен нашарлардың киімін тігіп берген. Өздері мұсылманша қара танитын епті, ширақ, еті тірі ерлі-зайыптылар балаларын оқытуға күш салған.
Әлиханның туған інісі Смахан Төре Нұрмұхаммедұлы өз естелігінде былай деп жазады:
«Әлихан жас күнінде асықты көп ойнайды екен. Ұтқан балаға асығын береді екен. Жасы үлкен, зорлықшыл баланы сабайды екен. Алтыбақан тепкенде, әйгөлек ойнағанда зорлық қылған қыз-келіншек, бозбаланы «тыныш отыр» деп жайғастырып қояды екен. Ел көшкенде түйесі ауған балалы әйелдердің түйесін басып береді екен. Шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен».
Әлихан жасынан зерек болып өседі. Жергілікті молданың оқуынан кейін, Семейдегі үш сыныпты бастауыш мектепте, одан соң Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте жеті жыл оқыған. 1886 жылы Омбыдағы төрт жылдық техникалық училищеде, одан кейін Санкт-Петербург қаласындағы Орман шаруашылығы институтының экономика факультетінде білім алды. Төтенше емтихан тапсырып оқыған, заңгер деген де дипломы бар. Оқудан кейін Омбы қаласына оралып, орман шаруашылығы институтында математика пәнінен сабақ береді. Сол жылдары «Степной край» газетінің редакция алқасына кіреді. Ол қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулерді ғана емес, тарих, этнография, әдебиет пен фольклорға арналған жүздеген мақала жазды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сынды халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгісін жинақтап, баспадан шығарды. 1916 жылдан бастап елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласады. Орынборда қазақ тұрғындары атынан қалалық думаға сайланады. 1917 жылдың желтоқсанында бүкіл қазақтардың алғашқы құрылтайында Қазақ автономиясы жарияланып, соның тұңғыш төрағасы болып сайланады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзімен айтсақ: «Ол – халқымыздың біртуар перзенті. Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдің озық үлгісін көрсетті».
Әлихантанушы ғалым Жүсіп Сұлтанхан Әлихан Нұрмұхаммедұлын адамзат тарихында сирек кездесетін тұлға деп есептейді. Туған халқына шын мағынасында кіршіксіз қызмет етуі оны осындай биік дәрежеге көтерді. Заманында ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров көреген көсем Әлихан жайында:
«Заманда бастан-аяқ кейін кеткен,
Жасымай Алашына қызмет еткен.
Болса да қалың тұман, қараңғы түн,
Туатын бақ жұлдызға көзі жеткен.
Түймеге жарқылдаған алданбаған,
Басқадай бір басы үшін жалданбаған.
«Қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан
Басқа ойды өмірінде малданбаған» – деп жырлаған екен.
Азаттық жолындағы қиян-кескі күресте үзеңгілесі әрі адал досы болған алаштың аяулы ұлы Ахмет Байтұрсынұлы:
«Қырағы, қиян жазбас сұңқарым-ай,
Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!» – деп жүрек тебірентер жырын арнаған.
«Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы.
Бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан,
Тәңірім айырмасын талабыңнан!» – деген ақын Кәкітай Жанатайұлының Әлиханға айтқаны да көңілінде сәулесі бар кісіні бей-жай қалдырмасы анық.
Ақынның «бал тамған, ханзадам-ай, қаламыңнан» деуі тегін емес. Әлихан Нұрмұхаммедұлы – Шыңғыс ханның Жошыдан тарайтын 23-інші ұрпағы, төре тұқымынан. Арғы атасы – Барақ Сұлтан. Қазақтың соңғы хандарының бірі – Бөкей – осы Барақ сұлтанның баласы. Әрине ақ қиізге хан көтерер заманы өтіп кетті. Алайды қазақтың үш Жүзге бөлініп, бытырауы, ымыраға келе алмауы орыс империясының отаршылдығына душар еткенін жан-тәнімен сезген Әлихан Бөкейхан: «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп өз-өзіне серт берді және ақырғы демі біткенше халыққа қызмет қылам деген уәдесіне адал болды.
1937 жылы Әлихан Бөкейханға жалған айып тағылып, Мәскеуде өлім жазасына кесіледі, үкіл сол-күні-ақ жүзеге асырылды.
Саят АСҚАР,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті
Фото: wikipedia.org
