Kyzylorda-news.kz  Қазіргі ата-ана баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қорқып, қобалжитын жағдайға жеткен. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың құйтырқы әрекетінен кейінгі адамдардың санасында қалыптасқан үрей.

Бүгінде интернет экстремистік саяси көзқарастар мен діни мұраттар және революцияны қалайтындар сияқты көптеген радикалды идеологиялардың отанына айналды.Әсіресе, соңғы жылдары қауіпті діни ағымдардың насихаттау жұмыстары ғаламторда кеңінен белең алуда. Бұл өз кезегінде қоғамның тұрақсыздығына және қақтығыстар деңгейінің жоғарылауына алып келеді.

Жалпы, жат ағымдар адамның психологиясына әртүрлі әсер етеді. Тіпті, артық жүрісі жоқ баланың компьютер алдында отырып-ақ, дұрыс жолдан тайып кету қаупі барын көп отбасы ескере бермейді.

Деструктивті діни ұйымдар арбауына түскендердің жан дүниесінде мынадай өзгерістер аңғарылады: діни соқыр сенімнің шынайылығына сену, ата-аналарға деген қарым-қатынастарында өшпенділіктің пайда болуы, оқудан, жұмысынан,дәрігерге қаралудан бас тарту, журнал, телеарна, газеттерді оқып, көруден жиіркену, тұйықтану, достарымен араласпау, әлемде орын алып жағдайлар мен дамуларға мүлде мән бермеу сияқты қасиеттер пайда болады.

Психология саласын жақсы менгерген ол топтар адам бойындағы мақтаныш,ұят, ашуланшақтық және қуаныш секілді үлкен эмоцияларды пайдаланып, тұлғаларды өз қатарына қосу үшін жұмыс жасайды. Қауіп қақпанына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Жат пиғылдағылар көзі ашық, көкірегі ояу адамды арбай алмайды десек, қатты қателесеміз. Мысалы, сырттан қаржыландырылатын кез келген діни ұйымның басты мақсаты болады. Көп кездесетін түрі қоғамға іріткі салу. Сондықтан, олар көпшілік арасында дүрбелең туғызатын адамдар тобын іздейді. Оның ішінде басқалар сенуі үшін сауаттылар міндетті түрде болуы керек. Осы себепті, олар өзіне тартқан әрбір адамның психологиясымен терең жұмыс жасайды.

Мысалы, бір адамның бірнеше жоғары білімі бар делік, бірақ мақтаншақтығы бойынша бойында осалдық бар. Мұндайды әлгілер бірден пайдаланады. Содан оған өз ағымына мүше атақты, бай адамдардың суретін көрсете бастайды. Ол фотомонтаж болуы да ықтимал. Алайда, оны бізде кім тексеріп жатады дейсіз? Бірден әлгі діни ұйымға бас ұруы әбден мүмкін. Одан ұтатаны – ел алдына мақтануға мүмкіндік алуы. Біреулерге материалдық жағдай жасалады, әке-шеше махаббатын асусап жүргендерге ондай жерден мама-папа да табыла кетеді.Мұндай арбау алдында көп адам ойлана бермейді. Әсіресе, эмоционалды күйде жүрген кез келген адам ақпаратты тез қабылдауға дайын тұрады.

Сондықтан, әрбір ел азаматы интернеттегі, әлеуметтік желілердегі діни мазмұндағы ақпараттарға сыни көзқараспен қарап, ішкі сүзгіден өткізуі керек. Яғни, күмәнмен қарап, дұрыс-бұрыстығын тексере білуі қажет. Жалпы, бұл ретте дінге қатысты сұрақтар болса, сала мамандарына тікелей жүгіну ұсынылады.

Сондай-ақ, ата-аналар балаларының шектеусіз интернет желісінде отырмауын қадағалап, олардың қандай парақшалар мен сайттарға кіретінін ұдайы тексеріп отырғаны жөн. Себебі, радикалды идеология өкілдері үшін оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдерді торына түсіру өте оңай.

Едіге Жұмахметов,

Қызылорда облысының дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің теолог маманы

Тағы да оқыңыз: