Бүгін Сырдария аудандық мәслихатындағы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысы өткізілді. Отырысқа аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов төрағалық етіп, депутаттардан бөлек қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, тиісті бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Ең алдымен депутаттар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің және «Мансап» орталығының жұмысымен танысты. Бөлім басшысы М.Қаратаев пен орталық директорының міндетін атқарушы А.Байымбетова атқарылып жатқан жұмыстар мен жаңашылдықтарды таныстырды. Депутаттар мен қоғамдық ұйым өкілдері сала қызметкерлерімен кездесіп, пікірлесті. Әрбір маманның жұмыс кабинетін көріп, көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтердің сапасын жәтілдіру бағытындағы ұсыныстарын тыңдады.

Мұнан кейін тұрақты комиссияның бірлескен отырысы өткізілді. Аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов бюджет қаражатының басым бөлігі әлеуметтік салаға бағытталып жатқанын айтып, сала жұмысының заң аясында сапалы ұйымдастырылуы үлкен жауапкершілікті талап ететініне назар аударды.

– Әлеуметтік саланың жұмысы қай кезде де өте ауқымды. Әсіресе ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қызмет көрсету, жұмыссыздық деңгейін азайту, пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеу үлкен еңбекті талап етеді. Аудандық мәслихат депутаттары сессиялар мен тұрақты комиссия отырыстарында әлеуметтік саланың жұмысына әркез мән беріп келеді. Бүгінгі бірлескен отырыс сол жұмыстардың жалғасы. Біз саланың өзекті мәселелерін бірге талқылап, тиімді ұсыныстарды жүзеге асыруға жұмыс жасауымыз керек, – деді Ержан Ертарғынұлы.

Тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы М.Қаратаевтың баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар «Мансап» орталығы директорының міндетін атқарушы А.Байымбетова есеп берді.

Негізгі баяндамалар тыңдалғаннан кейін ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. Аудандық мәслихат депутаттары А.Есназар, Ә.Серікбаев, Д.Ералиев, М.Бакуов, Е.Жақып, А.Ибрагимұлы сайлаушылардан түскен өтініштер негізінде бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Сонымен қатар ардагерлер мен қоғамдық ұйым өкілдері сала жұмысы жөнінде пікірлерін айтты. Әр мәселе бойынша сала басшылары мен мекеме қызметкерлері жауап беріп, заң шеңберінде түсіндірді.

Бірлескен отырысты қорытындылаған аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов депутаттарға жеке және заңды тұлғалар өкілдеріне арнап қабылдау ұйымдастыру, депутаттық сауал жолдау, сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысу ортақ міндет екенін айтты.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

Тағы да оқыңыз: