Kyzylorda-news.kz  Әлеуметтік сала реформаларының басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Соған сай мемлекеттен көрсетілетін халықты қолдауға арналған шаралар ішкі саясатта басым бағыттардың бірі саналады. Қазіргі таңда қоғамдағы негізгі оқиғалардың дені осы әлеуметтік мәселе төңірегінде туындайды. Әсіресе «әлеуметтік» ұғымымен қорғау, көмек, қызмет, оңалту, ортаға әсер ету, қамсыздандыру секілді тіркестер құлағымызға әбден сіңісті. Әйтсе де мұның астарында әрбір мәселеге атүсті қарамай, көмекке зәру жандарға мемлекеттен қол ұшын созу өте өзекті. Бұл ретте әлеуметтік сала мамандарының еңбегі ерекше.

Әлеуметтік салаға  86 жыл

Облыстың құрылу тарихымен тамырлас, іс барысында етене жұмыс жасап келетін бұл салаға да 86 жыл толуда. 1938 жылы Қызылорда облысының құрылуымен  қатар әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің де өз тарихы басталды. Бұл саланың жұмысы халықтың еңбекке жарамсыз бөлігінің қажетін қанағаттандыруға және тұрмыс деңгейін қолдауға бағытталды. Ұлы Отан соғысының басталуы үлкен міндет жүктеуімен белгілі. Ауыр кезеңде соғыс мүгедектерін жұмысқа орналастыру, жаңа мамандыққа оқыту, көмек көрсету, әскери қызметшілердің отбасын жұмыспен қамтумен айналысатын бөлімдер ашылды.

1946-1950 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы өте ауыр еді. Әлеуметтік қамсыздандыру бөліміне 4000-ға жуық соғыс мүгедегі тіркелді. Зауыттарда, фабрикаларда және ауыл шаруашылығында жұмыс күші жетіспеді. 1950 жылдың басында соғыс мүгедектеріне, соғыста қаза болғандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Жасы ұлғайғандарға, асыраушысының қаза болуына байланысты және уақытша еңбекке жарамай қалғандарға зейнетақы тағайындалды. Көпбалалы және жалғызбасты аналар жәрдем ала бастады. КСРО Жоғарғы Кеңесінің «Мемлекеттік зейнетақы туралы» заңына сәйкес 1956 жылы әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің жұмыс көлемі ұлғайды.  Көпбалалы аналарды мемлекеттік орден-медальдармен марапаттау жұмыстары қолға алынды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң халықты әлеуметтік қамсыздандырудың өзіндік жүйесі қалыптасты. «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі интернат үйі салынып, қолданысқа берілді. Қызылорда облыстық халық депутаттары Кеңесі атқарушы комитетінің шешімімен 1991 жылы психоневрологиялық-жүйке аурулары интернаты құрылды. Дегенмен, жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтетін кезеңінде жұмыссыздық деңгейінің өсуі, жалақы, зейнетақы мен балалар жәрдемақысының бірнеше айлап берілмеуі халықтың тұрмыс-тіршілігінің төмендеуіне әкелді. Осы уақытта әлеуметтік қамсыздандыру саласы осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін біршама шараны жүзеге асырды.

2000 жылғы 3 маусымдағы ҚР Үкіметінің қаулысымен «Кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес жөніндегі 2000-2002 жылдарға арналған бағдарлама» қабылданды. Ал 2001 жылғы 17 шілдеде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңы қабылданды. Осы жылы Қазалы психикалық-жүйке ауруларының интернаты алғашқы қызмет алушыларды қабылдады. 2003 жылы аймаққа қоныс аударған этникалық қазақтар –оралмандарды белгіленген лимиттерге сәйкес тұрғын үймен қамту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді.

Облысқа келген 200-ге жуық оралман отбасыларын тұрғын үймен және отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Алғашқылардың бірі болып Қармақшы ауданы, «Шобанқазған» елді мекеніндегі тұрғындар Көмекбаев ауылына көшіріп әкелінді.
2012 жылы өңірде әлеуметтік саланың әлеуетін көтеру мақсатында «Талсуат» ауылдық округінде орналасқан үш әлеуметтік нысанның құрылысын республикалық бюджет қаражаты есебінен салу басталды. Соның ішінде республикада алғаш рет мүгедектерге арналған типтік оңалту орталығының жобасы әзірленіп,150 орындық мекеме ашылды.

Мүгедектерге арналған оңалту орталығы 2017-2018  жылдар  аралығында екі рет Астанада өткен әлеуметтік мекемелер арасындағы  республикалық конкурста «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме»  номинациясын иеленді. 2013 жылы 22 қарашадағы Мемлекет басшысының Жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні болып белгіленді. 2013 жылдан бері облыс әкімінің бастамасымен еліміздің жоғары оқу орындарында білім алатын, халықтың осал топтарынан шыққан студенттерге облыс әкімінің гранты тағайындалып келеді.
Жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету мақсатында қыркүйек айының соңғы жексенбісі Еңбек күні болып белгіленді. 2014-2019 жылдар аралығында басқарма ең алғаш рет облыстық «Еңбек әулеттерінің форумын» өткізді. Форум 56 еңбекшілер династиясын республика көлеміне таныстырды. Биылдан бастап Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі күшіне енді. Жаңа кодекске сәйкес, облыста Еңбек мобильділігі орталығы, Қызылорда қаласы мен аудандарда «Мансап» атауымен филиалдары ашылып, жұмыс жүргізуде.

Бүгінгі күнге Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы 9 бөлімнен құрылған. Басқарма халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау, нысаналы топтарды әлеуметтік қорғау бағыттарындағы жұмыстарды үйлестіреді. Оған қарасты 5 арнаулы әлеуметтік-медициналық мекеме қарттар мен мүгедектігі бар азаматтарға оңалту, арнаулы әлеуметтік қызметтерін көрсетуде.

Кодекстің көмегі

Әлеуметтік кодекс 5 бөлім, 19 тараудан және 267 баптан тұрады. Негізгі жаңалықтың бірі– Отбасының цифрлық картасы.
Әлеуметтік кодексті жалпы ТМД мемлекеттері тәжірибесіне енгізілген алғашқы біртұтас әлеуметтік құжат деп айтуға болады. Жаңа кодекстің негізгі мақсаты – бұл халықтың түсінуін жеңілдету үшін осы саладағы қолданыстағы заңнаманың барлық нормаларын бір құжатқа шоғырландыру. Бүгінгі күні Әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қолданыста 17 заңнама бар. Осы заңнаманың барлық нормалары  біріктірілген. Кодекс адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Ол туғаннан кәмелетке толғанға дейінгі әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру іс-шаралары, өмірлік қиын жағдай туындаған кездегі әлеуметтік көмек, сондай-ақ жасы ұлғайған шақтағы қолдаулардың барлығы енді осы бір құжатпен реттеледі.

Облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті басшысының орынбасары Төреахмет Жолымбетовтің айтуынша, енді отбасы және әлеуметтік жағдай туралы барлық дерек бір жерге жинақталып, базаға енгізіледі. Демек, әр отбасының дербес дерекқоры жасалған. Бұл дерекқор мемлекеттік органдардың қазіргі ақпараттық жүйелері негізінде қалыптастырылуда. 
Цифрлық карта халықтың мемлекеттік қолдау жүйесіне тең қол жеткізуін қамтамасыз етеді, яғни мемлекет кімге, қашан, қандай көмек қажеттігін анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алады.

Екіншіден, отбасы мүшелерінің әлеуметтік мәртебесіне және әл-ауқат дәрежесіне қарап, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігін жеткізіп отыратын электронды жаршы қызметін атқарады. Мұндай ақпарат әр отбасына мемлекеттік орган тарапынан SMS-хабарлама түрінде жіберілуде. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта жүргізіледі.  Ол дегеніміз – азаматтарға әлеуметтік төлем мен көмек ақпараттық жүйелердегі деректер негізінде тағайындалады. Қолданыстағы қағаз құжаттар кезең-кезеңімен жүйеден шығарылады. SMS-хабарламаны министрлік арқылы әр отбасы туралы цифрлық ақпаратты зерттей отырып, күнделікті жіберіп отырады.

«Бұл кодекс еліміздің жаңа әлеуметтік саясатын айқындайды, мемлекет пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа үлгісін қалыптастырады. Сондай-ақ жаңа әлеуметтік келісімнің негізін қалайды. Бір сөзбен айтқанда, жаңа кодекс бүгінгі күннің талаптарымен мейлінше үндеседі» деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы мұндай маңызды құжат ТМД мемлекеттері ішінде алғаш рет қолданысқа енгізілгенін атап өтті.
Жалпы жаңа кодекстің көмегі орасан. Оның тиімділігі қазірдің өзінде нәтижесін берді.

Бартер әдісімен жалақы төленді

Иә, сан саланы қамтитын бұл мекеменің атқарар қызметі де көп. Халықтың қажетіне жарап, алғысын алып жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегі ерекше. Облыстың 86 жылдық дамуында айрықша орны бар сала осы уақыт ішінде түрлі кезеңдерді бастан өткеріп, бүгінде тұрақтанды. Бірақ сонау қиын жылдарда осы саланың алға жылжуына айтарлықтай еңбек сіңірген жандарды ұмытуға болмайды. Сала ардагері Рахия Такенова апай сол кезеңдерді былайша еске түсірді:

– Тоқсаныншы жылдардың басында бөлім басшылығына тағайындалдым. Бұл еліміздегі тәуелсіздіктің алғашқы өтпелі кезеңдері болатын. Жәрдемақы төлейтін қаржы жоқ. Әлеуметтік салаға адам туғаннан бастап, қайтыс болғанға дейін жүгінеді. Зейнетақы қорына ақша түсіру үшін сала қызметкерлері аудандарда айлап іссапарда болатын. Сол уақытта үш күнге деп іссапарға кетіп, бір айдан соң үйімізге қайттық. Тынымсыз тірліктің нәтижесінде жағдай біртіндеп жақсара бастады. 1997 жылы зейнетақы қоры тарап, салыққа өтті. Ол уақытта техника да, қазіргідей ғаламтор да жоқ. Қиын кезеңде  ауызбіршілікпен  бір-бірімізге тілектес болып жұмыс істеген әріптестерім Майдан Мәселеева, Жанар Дәулетбаева, Алтын Есқараеваға шын жүректен алғысымды айтамын. 2006 жылы осы саладан зейнетке шықтым. Қазіргі әлеуметтік саланың мәселесі түбегейлі шешілген. Барлық төлем уақытылы төленеді. Облыс пен біздің саланың 85 жылдық мерейтойында әріптестеріме халықтың алғысын арқалап жүре беріңіздер, – деймін.

Әлеуметтік саланың ең қиын кездеңдері тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына сәйкес келді. Бірнеше ай жалақы, жәрдемақы берілмеді. Сонда да жұмыстың ауырлығына төзіп, халықтың жағдайын жақсарту жолына 10 жыл уақытын арнаған Майдан Мәселееваның есімі өңір халқына жақсы таныс. Ол  1997-2007 жылдар аралығында басшылық қызметте болып, саланың бір ізге түсуіне ерен еңбек сіңірді. Майдан Аяшқызымен қатар қызмет еткен Алтын Есқараева сол кездерді сипаттап берген еді.

–    Ең қиын жылдарды Майдан Аяшқызымен бірге өткердік. Ол – саланы 10 жыл басқарып, аяққа тұрғызған кісі. Бізге салық басқармасынан келді. Екеуміз қызметке қатар кірістік. Жүйені жақсы біледі. Ең бірінші әлеуметтік саланың есеп-қисабына жұмыс жасады. Барлық кәсіпорын зейнетақы қорына қарыз еді. М.Мәселеева бұрын салықта жұмыс істегеннен кейін әрбір мекеменің жағдайын жақсы біледі. Сондықтан зейнетақы қорындағы барлық қарызды түгендей бастадық. Өйткені қорға ақша түсті деген сөз балалардың жәрдемақысына ақша түсетінді білдіреді. Сол кезде ең үлкен мұнай компаниясымен соттасып, 1 млрд теңгеден астам ақшаны зейнетақы қорына түсірген еді. Біртіндеп басқа да кәсіпорындардан солай ақша түсірте бастадық. Солай жәрдемақы қарыздарынан құтылдық. Күн-түн демей жұмыс істедік. Барлық қызметкерді саланың жұмысын аяққа тұрғызуға жұмылдырды. «Талсуаттағы» әлеуметтік орталықтың салынуына да қосқан үлесі мол. Одан басқа да нысандардың ашылуына атсалысты. Мекемелердің жабдықталуына да көңіл бөлді. Қаржы басқармасын Қалқазбек Әжібеков басқаратын. Сол кісімен бірлесе қаржылық жағдайды есептеп, барлық интернат пен балалар үйінің материалдық-техникалық жағдайын жақсартты. Республикалық бюджеттен бөлінетін қаржының артуына да қызмет жасалды. Арал ауданындағы әрбір үйдің картасы жасалып, онда  бір үйде бір адамның жұмыспен қамтылуына көмек берді. Облыстағы қыз-келіншектердің барлығы Майдан Мәселееваға тікелей келетін. Әрбірімен жеке-жеке сөйлесетін. Үлкен адамдардың жағдайын тыңдап, өтініштерін орындайтын. Мүгедектігі бар адамдардың өтініш-тілектерін жоғарыға ұсыныс ретінде жіберетін. Одан кейін де қаншама басшы келіп жұмыс атқарды. Ирина Ким республикадан келетін қаржының дұрыс болуына атсалысты. Жазира Жылқышиева тұсында жаңашылдық басталды. Осал топтарға арналған облыс әкімінің гранты бекітілді. Осы уақыт ішінде қаншама бала тегін білім алды. Бұл кезеңде мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсарту үшін жол картасы дайындалды. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту үшін барлық мүмкіндік жасалды, – деді Алтын Итенқызы.

Әлеуметтік саланың ғасырға жуық тарихы бар. Бұрыннан келе жатқан саланың бірегейі. Еліміз тәуелсіздік алған жылдан бастап сала Үкіметтің басты назарында болды.

Сол уақыттары жұмыссыздық деңгейі 40 пайызға жетті. Жаппай жұмыссыздық белең алды. Мұның барлығын ретке келтіру үшін қыруар жұмыс жасалды. Мысалы, зейнетақының өзі 6 айлап берілмеген кезде бартермен өтелді. Қордаланған қарызды етпен, ұнмен, маймен есептесіп қайтарған уақыт болған. Қиын кезеңдер Арал ауданындағы аналардың теміржолды жауып тастауына дейін әкелді. Әсіресе бюджет қызметкерлерінің жалақысы қордаланып қалды. Әлеуметтік қызметкерлер Арал, Қазалы ауданында қона жатып, жұмыс жасады. Сол жылдары облысты басқарған Бердібек Сапарбаевтың қызметі орасан еді. Осы қордаланған мәселелерді шешу үшін мемлекетте бірнеше заңнама қабылданды. Соның бірі – 1998 жылы зейнетақы туралы шыққан жаңа заң. Одан басқа балалы отбасыларға арналған, мүгедектігі бар, ҰОС ардагерлеріне арналған жәрдемақы мен жеңілдіктер қабылдана бастады. 

Облыста 2012 жылы «Талсуатта» әлеуметтік сауықтыру орталығының салынуы адамдардың денсаулығының жақсаруына септігін тигізді. Оңалту жұмыстары атқарылып, әлеуметтік нысандар пайда болды. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жұмыссыздық деңгейін төмендетті. 2015 жылы БҰҰ Бас конвенциясын Қазақстан ратификация жасады. Содан кейін еліміздегі мүгедектігі бар адамдардың жағдайын жақсартуда бірқатар заң қабылданды. Қазіргі кезде мүгедектерге қажетті құрал-жабдықтардың барлығы әлеуметтік портал арқылы алынады. Бұл – адамдардың қызметті өзіне толықтай жасай алуына берілген мүмкіндік.

Саладағы тұрақты көрсеткіштер

2023 жылдың 1 қазанына дейін 27050 жаңа жұмыс орны құрылды. оның 11307-сі тұрақты.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» шеңберінде жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде жүгінген 54187 адамның Ұлттық жобаға қатысушы ретінде 35764 адам тіркеліп, барлығы жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолданды. Атап айтқанда, 8112 адам бос жұмыс орындарына орналастырылды, 14933 адам субсидияланатын жұмыс орындарына жолданды. 3523 «Электронды еңбек биржасы» порталы арқылы онлайн оқудан өтті. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 8474 адам жолданды, 722 қайтарымсыз грант алды.

Былтыр облыс бойынша 59 рет бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілді, онда 863 жұмыс берушіден 5224 бос жұмыс орны ұсынылып, жәрмеңкеге қатысқан 3478 жұмыссыздың ішінен 567 адам тұрақтыға, 247 адам уақытша жұмысқа орналастырылып, 966-сы кеңес алды.
Сондай-ақ өткен жылы 9148 адамға жұмысынан айырылуына байланысты жәрдемақы тағайындалды.

2023 жылдың 1 қазанына дейін аз қамтамасыз етілген 49883 отбасына 3350,2 млн теңге әлеуметтік көмек төленген, 9002 отбасыға 3485,1 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 8965 отбасыға 3152 млн теңге  төленген. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы бір жастан алты жасты қоса алғанға дейінгі 14089 балаға 409,6 млн теңге қосымша берілді. Әлеуметтік келісім-шарт негізінде көмек алушылардың қатарындағы еңбекке жарамды жастағы 1095 адам жұмыспен қамтылды.

Облыстың шежірелі 86 жылдық даму тарихында әлеуметтік саланың алар орны маңызды. Өйткені сол уақыттан бері  жұмыс жасап келе жатқан саланың барлық кезеңі өңірдің құрылуы, қалыптасуы, өркендеуімен тығыз байланысты. Бұл саланың жұмыс нәтижесі халықтың әл-ауқаты мен әлеуметтік жағдайының тұрақталуымен өлшенеді. Ал бүгінде еліміздің дамуына әлеуметтік сала бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жобалардың да қосқан үлесі мол.

 

Фото: Сыр бойы 

Тағы да оқыңыз: