Kyzylorda-news.kz Бүгін облыстық өнер орталығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасар Ермек Көшербаевтың төрағалығымен әлеуметтік салаға бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану бойынша республикалық семинар-кеңес өтті. Оған «AMANAT» партиясының Хатшысы Шолпан Каринова, Мәжілістегі партия фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, министрліктер, орталық атқарушы органдар өкілдері, өңірлерден келген делегаттар, облыстық басқарма, департамент, инспекция, мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Семинар кеңес Қызылорда облысының қаражатты тиімді пайдалану тәжірибесін республикаға үлгі ретінде қолдану мақсатында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың тапсырмасына сай ұйымдастырылды.
Жиында әлеуметтік саладағы маңызды бастамалар талқыланды. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бюджет қаражатын тиімді пайдалану, үнемдеу бағытында атқарылған жұмыстар мен қабылданған шаралар туралы кеңінен баяндама жасады. Өзге өңірлерден келген сала өкілдері күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.
Cеминардан соң Партия Хатшысы мәслихаттардағы бюджет және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссия төрағаларымен кездесіп, түрлә бағдарламалар аясында білім саласындағы қаржыландыру мәселелерін талқылады. Көтерілген ұсыныстарды назарға алып, зертеп - зерделу жұмыстары жасалатындығын атап өтті.
Ақпарат үшін; Биыл облыс бюджеті 823 млрд. 400 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті. Оның 477 млрд. 600 млн. теңгесі (58%-ы) әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл қаражат аймақтағы ең өзекті деген мәселелерді шешуге, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, ауқымды әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталуда.
Соңғы 3 жылда білім, мәдениет және спорт салаларына бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына жүргізілген мониторинг қорытындысымен бірқатар шығыс ықшамдалды. Қаржылық заңсыздықтың алдын алуда нақты шаралар қабылданды.
Балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыстың тиімді игерілуін 2023 жылдан бері қолданысқа енгізілген «Фейс-бақылау» мобильдік қосымшасы арқылы бақылау мүмкіндігі туды, яғни жалған тіркелген балалар белгілі болды. Сонымен қатар, 2023-2025 жылдары осы мобильдік қосымша арқылы балалардың күнделікті балабақшаға келуі қадағаланып, емхананың жалған анықтамаларын, негізсіз демалыс күндерін анықтау есебінен 41 млрд. теңге үнемделді.
Орта білім беру саласында да бірінші кезекте мектептердегі сынып жиынтықтары мен оқушылардың толымдылығы зерделенді. Екі жылда 76 сынып жиынтығынан 968 млн. 900 млн.теңге ықшамдалды.
Мектеп директорлары жұмысты өз дәрежесінде орындамағандықтан, сағат бөлінісінде кемшіліктерге жол бергендіктен толық емес жүктемемен еңбек ететін адам саны 5000-ға жеткен. Артық штаттық бірліктер, толық емес жүктемемен жұмыс істейтін қызметкерлер санын қысқарту үшін жаңа орындар ашуды түбегейлі тоқтатуға уақытша мораторий жарияланды. Бүгінде толық емес жүктемемен еңбек ететін 975 штаттық бірліктегі 3762 педагогтің мәселесі шешімін табуына байланысты 6 млрд. 200 млн. теңге үнемделді.
Сондай-ақ, облыстағы 7 бастауыш, 7 кешкі мектептің желісі қысқартылып, жыл сайын 720 млн. теңге көлемінде үнемделуде.
Атқарылған шаралар және басқа да шығыстарды қайта қарау нәтижесінде жалпы 15 млрд. 600 млн. теңге ықшамдалды. Бұдан бөлек, сұйық отынмен жылытылатын 198 білім беру мекемесіне 1 жылға қаралатын 5 млрд. теңгенің мақсатты жұмсалуы да қатаң бақылауда.
Соңғы үш жылда 7,8 млрд. теңгеге 24 мектеп күрделі жөндеуден, 2,6 млрд. теңгеге 79 мектеп ағымдағы жөндеуден өтті. Оған қоса 22,9 млрд теңгеге 6 мектепке қосымша ғимарат, 12 жаңа ғимарат салынды.
Білім беру мекемелері 3,5 млрд теңгеге пәндік кабинет, интерактивті панель, ЛЭД экран және робот құрылғылармен қамтылды, 2,1 млрд. теңгеге қауіпсіздікті қамтамасыз ету, яғни бейнебақылау жүйелері, турникет, дабыл нүктелері орнатылды,
861,6 млн. теңгеге жылу жүйелері жаңартылды. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ашылған жаңа мектептер мен басқа да жаңа нысандарды ұстап тұру қаржысы жыл басында бекітілген қаржыны оңтайландыру арқылы жүзеге асырылуда.