Kyzylorda-news.kz  «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аумақтық коалициясының мүшелері әлеуметтік сала өкілдерімен кездесіп, алдағы референдумның мәні мен Конституцияға енгізілетін өзгерістердің маңызын кеңінен түсіндірді.

Кездесуге аумақтық коалиция жетекшісі Ержан Әжікенов бастаған коалция мүшелері Сансызбай Сәдуақасов, Шаһарбек Нұрсейіт, Әділбек Бәйменов, Жанна Сәркеева, Ақтөре Ибрагимұлы, Жансая Ақылбекова, Айдана Бақытжанқызы қатысты.

Кездесу барысында коалиция мүшелері жаңа Конституция жобасының азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, халықтың денсаулығын сақтауға, еңбек етуіне және лайықты өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды құжат екенін атап өтті. Сонымен қатар, Конституция жобасында әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету, заң үстемдігін нығайту және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті арттыру көзделгені айтылды.

– Жаңа Конституция жобасы адам құқықтарына басымдық беріп, отбасы институтын нығайтуға, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға, цифрлық құқықтарды қорғауға және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған маңызды нормаларды қамтиды. Бұл құжат – ел болашағын баянды ететін стратегиялық бағдар. Конституция жаңа заман талабына сай жазылып, нақты сұраныстарға жауап береді, ел егемендігін нығайтады, халықтың өмір сапасын жақсартып, әр азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі болады деп нық сеніммен айта аламыз, – деді коалиция жетекшісі Ержан Әжікенов.

Өз кезегінде аумақтық коалиция мүшесі Жансая Ақылбекова мемлекеттің әлеуметтік жауапкершілігін және азаматтардың құқықтарын қорғауды бекітетін жаңа конституция жобасының ережелері инфрақұрылымдық салалардың орнықты дамуы үшін негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Кездесу соңында әлеуметтік сала өкілдері 15 наурызда өтетін референдумға қатысып, бастаманы қолдайтындарын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: