Kyzylorda-news.kz Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев қалада құрылысы жүріп жатқан бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты.

Алдымен қызу құрылыс алаңына айналған аспалы көпірдің құрылыс жұмыстарына қанықты. Аралдықтардың ұзақ жылдар бойы арманына айналған ауқымды жұмыстың аяқталар күні де алыс емес. Қазіргі таңда көпірдің екі жанындағы жаяу жүргіншілер жолы салыну үстінде. Аспалы көпірдің астыңғы бөлігі қиыршық тастармен нығайтылып, асфальт жабындысына дайындалуда. Мамандар алдағы бірер күндікте асфальт төсеу жұмыстары басталатынын жеткізді. Шығыс беті Жылқаман батыр көшесі арқылы Абай даңғылына тіреліп, батыс бөлігі Бақтыбай батыр көшесімен ұштасатын үлкен жоба аудан орталығындағы көлік кептелісіндегі кедергілерді біржола жоймақ. Ел игілігіне айналатын ауқымды құрылыс мамыр айында толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Арал құрылыс нысандарын аралау.jpg

Аудан әкімі құрылыс нысанының басында жауапты тұлғалармен тілдесіп, істеліп жатқан жұмыстарға байланысты бірқатар мәселелерді пысықтады.

– Жігіттер, жылдар бойы жыр болған аспалы көпірдің ақырғы жұмыстарына да таяп қалдық. Халқымызда «біткен іске сыншы көп» деген сөз бар. Ең бірінші сапаға жұмыс істеу маңызды. Бұл көпірдің үстімен сағат сайын жүздеген көлік жүйткійтіндіктен істелген істің сыр бермегені маңызды. Сондықтан әрбір іске мұқият болған жөн. Жол жиегіндегі бордюрлер мен қоршауларды орналастырғанда беріктігіне мұқият болу керек. Орнатылатын жарық шамдарының сапалы болуы да маңызды. Жер бетінен биіктікте болатын қозғалыста қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы керек. Сол себепті әрбір жұмыстың тез бітуіне ұмтылмай, сапалы әрі тиянақты бітіру керек. Бұл жердегі жұмыстар бітемін дегенше бақылау бір сәтке болсын босаңсымайды, – деді аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы.

Арал құрылыс нысандарын аралау 3.jpg

Мұнан соң қаладағы тарихы жағынан ең көне әрі ауқымды тарихи нысан саналатын Арал теңізі станциясының темір жол вокзалына барды.

Өткен жылы облыс әкімі Н.Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес облыстағы, оның ішінде Арал ауданы бойынша қаладағы және Сексеуіл кентіндегі темір жол вокзалдарын күрделі жөндеу жұмыстарына жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге тапсырма берілген болатын.

Бүгінгі күні темір жол вокзалдарын күрделі жөндеуден өткізу мақсатында жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Аталған жоба бойынша вокзалдардың қаспеттері, шатыры алмастырылып, кіре беріс пандус, брусчаткалары, су және электр жүйесі жаңаланатын болады.

Арал құрылыс нысандарын аралау 2.jpg

Мұнда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары жөнінде вокзал бастығы Ж.Мамбеталиев таныстырды.

Қазіргі таңда тарихи нысанның күту залы, билет кассасымен өзге де кеңсе қабырғалары күрделі жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек вокзал әжетханасы да қайта жөнделіп, күту аймағы толықтай жаңартылатын болады.

Аудан әкімі ғимаратқа толықтай күрделі жөндеу жасалғанмен оның тарихи мәні, кейбір кескіндемелік көрнекілігі жоғалмауы тиіс екенін айтып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі ұқыпты жүргізу керектігін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: