Kyzylorda-news.kz Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналиновтың төрағалығымен пайдалануға берілген әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға жауапты сала басшылары қатысып, нақты тапсырмалар жүктелді.
«Пайдалануға берілген және құрылысы жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандарға, тұрғын үйдің сапасына кешенді зерделеу жүргізіңіздер. Барлық нысанның жоба-сметалық құжаттамаға және қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестігі қатаң бақылануы тиіс. Өйткені мемлекет қаржысына салынған нысандар халықтың игілігіне қызмет етеді. Кепілдік мерзімі аясында мердігер ұйымдар анықталған кемшіліктерді толық жойып, атқарылған жұмыстарға тұрақты мониторинг жүргізуі керек», – деді Д. Жаналинов.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауының нәтижесінде аймақта құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. 2022 жылдан бері өңірде 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынған. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясаттың жемісі ретінде кейінгі жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 5 мыңнан астам пәтер табысталғанын атап өту керек.
2023 жылы барлық ауданда алғаш рет 1 800-ге жуық пәтер тұрғындарға пайдалануға берілді. Өткен жылы 3 600 пәтерлік тұрғын үйлер құрылысына бюджеттен 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Кезекте тұрған азаматтарға 2 392 пәтер табыстау үшін 57 млрд 440 млн теңге қаржы жоспарланған.
Ерекше атап өту қажет, былтырдан бастап Қызылорда қаласында заманауи сәулеттік үлгідегі жеті, тоғыз және он екі қабатты тұрғын үйлер құрылысы қарқын алып келеді.
Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
