Kyzylorda-news.kz. Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары А.Дәрібаевтың төрағалағымен «Әлеуметтік Кодекс» жобасының негізгі бағыттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша кездесу болып өтті.
Кездесуге ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаментінің басшысы Жаңагүл Ділжанова, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас директоры Нұрсұлу Кемел, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Мырзабек және кент, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Кездесу барысында «Әлеуметтік Кодекс» жобасының негізгі бағыттары түсіндірілді.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қыркүйектегі «Әділетті Мемлекет Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының үшінші бағдарында Ел болашағына арналған стратегиялық инвестициясы әлеуметтің талап-тілегін ескере отырып, әлеуметтік салағада баса назар аударылған болатын.
Ең төменгі жалақы деңгейін 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдады; Әйелдердің зейнет жасын 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру; Сонымен қатар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға жұмыссыз қалғаны үшін төленетін төлемақы орташа айлық табысының 45 пайызына дейін көбейту; 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі үшін төлемақы төлеу мерзімін сәби бір жарым жасқа толғанға дейін ұзарту; Одан бөлек, 2023 жылдан бастап Отбасының цифрлық картасы және Әлеуметтік әмиян сияқты тәсілдерді енгізуді жоспарлауды тапсырды;
Жолдаудың тағы бір елең еткізген тұсы – әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көреді.
Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама жүзеге аспақ. Яғни, Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балаладың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды.
Жастарды жұмыспен қамту мәселесі де ерекше назарға алынды. Еңбекпен қамтитын түрлі шара арқылы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беру, оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беру туралы айтты.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер департаментінің басшысы Жаңагүл Ділжанова және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының бас директоры Нұрсұлу Кемел «әлеуметтік Кодекс» жобасының негізгі бағыттары мен құрылымына тоқталып өтті.


