Kyzylorda-news.kz Әлеуметтік қызметкер – жай ғана мамандық емес, ол бей-жай қарамайтын, жаны ашық және жүрегі мейірімді адамдарға лайықты кәсіп. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың қасынан табылып, әркез көмек қолын созатын мамандық иелеріне зор құрмет. Елімізде жыл сайын қазан айының соңғы жексенбісінде сала мамандарының кәсіби мерекесі аталып өтіледі.

Жуырда Р.Бағланова атындағы аудандық мәдениет орталығында мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп, мерекелік шара өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасары Болат Жолтаев сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, құрмет көрсетті.

– Әлеуметтік қорғау жүйесі – үлкен жауапкершілік, кәсіби біліктілікпен қатар адами қасиеттерді талап ететін салмағы ауыр сала. Сіздер күн сайын зейнеткерлерге, қамкөңіл жандарға, көпбалалы отбасыларға, табысы аз азаматтарға көмек қолын созып келесіздер. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында өмірлік қиын жағдайларға душар болған азаматтар қажетті қолдау алып, еңсесін тіктеуде, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Мерекелік шарада бірқатар сала қызметкерлері облыс, аудан әкімінің және облыстық жұмыспен қамту үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының «Алғыс хатымен» марапатталды.

Әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерейін үстем еткен көңілді кеште аудан өнерпаздары әсем әннен шашу шашып, жиналғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.

 

Серік АҚМЫРЗА

Тағы да оқыңыз: