Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Әлемді ғылым құтқарады – IV» атты дәстүрлі ғылым айлығының жабылу салтанаты өтті. Ауқымды іс-шара университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған бір айлық еңбектің қорытындысын шығарып, үздіктерді марапаттаумен ерекшеленді.
Салтанатты жиын университет ұжымының Басқарма төрағасы – Ректоры Наурызбай Байқадамовтың III дәрежелі «Барыс» орденімен наградталуымен құттықтаудан басталды.
Іс-шараның ашылуында Ректор ғылым айлығы аясында атқарылған жұмыстарға тоқталып, университетте ғылыми-зерттеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ғылым айлығы барысында 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылған. Атап айтқанда, 27 ғылыми семинар мен вебинар, профессор-оқытушылардың 9 ашық дәрісі, республикалық және 5 халықаралық конференция, 4 ғылыми тұлғаға арналған дөңгелек үстел, 6 студенттік конференция, 5 ғылыми олимпиада, сондай-ақ түрлі сайыстар, сенбілік акциялар мен ғылым көрмелері өткізілген.
Жиын барысында ғылым мен білім саласына үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар құрамы, ғылыми орталықтар мен зертхана ұжымдары, сондай-ақ білім алушылар ректордың алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар, жоғары рейтингілі ғылыми журналдарда жарияланымдары бар «Белсенді ТОП-20 автор» иегерлері арнайы марапатқа ие болды.
Аталған іс-шара ғылым мен білімнің өзара сабақтастығын нығайтып, жас ғалымдар мен студенттердің ғылыми ізденісіне тың серпін берді.
