Әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады – Kyzylorda News
Басты бет

Бізге жаңалық жіберіңіз: +7(702)702-76-00

Әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады

02.12.2019, 14:00

35 0

Kyzylorda-news.kz. АҚШ-та вейпинг деп аталатын электронды шылымнан бірнеше адам қайтыс болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан кейін мамандар «бұл электронды темекіге тәуелділікті адам денсаулығына төнген жаңа қауіп» деп дабыл қағуда. Вейпинг адам ағзасына қандай әсер етеді және ажалға әкелетін себебі неде? Электронды темекі кеңінен тараған Әзербайжан елінің мамандары бұл туралы өз пікірімен бөлісті.

Бейресми мәлімет бойынша әлемде 40 миллиондай адам электронды темекі тартады. Әдетте халық осылайша, кәдімгі шылым шегу әдетінен айырылғысы келеді. Алайда, мамандардың пікірінше, вейпинг те денсаулыққа зиян келтіреді.

«Никотиннен басқа электронды темекінің құрамында глицерин, пропиленгликоль мен дәмдеуіштер бар. Ысытқанда олар булана бастайды. Басты зиянды осы буда болатын химиялық заттар келтіреді. Өкінішке орай кейде осы заттардың ауыстырғыштары қолданылады. Мысалы, пропиленгликоль орнына этиленгликоль сияқты қауіпті затты қосады», – Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкері Гюнай Гулузаде.

Электронды шылым да құмарлыққа әкеледі. Оның тағы да бір қаупі: кәдімгі темекі тартқан адам құрамында қанша никотин бар екенін біледі. Ал электронды шылымда никотин мөлшерін анықтау мүмкін емес. Одан туындайтын дертті бейресми түрде вейпинг індеті деп атап жүр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны ауру ретінде тіркеген жоқ, өйткені сипаттамасы мен ем тәсілдері әзірше анықталған жоқ.

«Вейптерде қолданылатын сұйықтықта тетрагидроканнабинол секілді қауіпті заттар бар. Олар өкпе тінін бүлдіреді. Бұл аурудың белгілеріне жөтелмен қатар ентікпе мен тыныс алудың қиналуы жатады. Ал дәрігерлер әдетте мұны өкпе қабынуы деп анықтап, ұзақ мерзім бойы антибиотиктермен емдейді. Мұның әрине, ешқандай әсер бермейтіні анық. Сол себептен науқасты ауыр жағдайдан шығару үшін дәрігерлер гормонотерапияны қолданады. Кейде оның өзі де көмек бермейді», – дейді Өкпе аурулары институтының доценті Джейхун Исмаилзаде.

Әзербайжанда электронды шылым ашық саудада бар. Елде бұл әдетке құмар адамдар жөнінде есеп жүргізілмейді. Мамандардың айтуынша, вейпинг негізінен жастар арасында тараған. Бұған оның «темекіден зияны төмен» деген жалған пікір себеп болып отыр. Қазіргі кезде мамандар елде электронды шылымды қолдануды шектеу бағдарламаларын әзірлеуге кірісіп кетті.

0

Пікір қалдыру