Kyzylorda-news.kz Бүгін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтіп, онда Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер және күзгі әскерге шақыру науқанының барысы қаралды.

Алдымен аудан әкімі жуырда Сартай батыр Байжанұлының 315 жылдығына орай ұйымдастырылған мерейтойлық іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша жанашыр азаматтарға алғысын білдіріп, батырдың өмір жолы мен тарихи тұлғасын ғылыми тұрғыдан зерделеу жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Төлеген Рашев баяндама жасады.

Аудан әкімі Жолдауда көтерілген барлық бағытты қамтитын нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеп, жауапты орындаушылар мен мерзімдерді айқындауды тапсырды.

Денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелер бойынша аудандық орталық аурухананың жұмысы, тұрғындарды дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету жайы талқыланды.

Атап айтқанда, аудандық аурухана жанынан ашылған нейро-инсульт және кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржайға МРТ және ангиограф аппараттарын орнату мәселесі қаралды.

Сонымен қатар тұмау және өзге де маусымдық инфекциялық аурулардың алдын алу, науқастарға жедел әрі сапалы медициналық көмек көрсету, жүкті әйелдерге қолжетімді медициналық қызмет ұсыну мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Қала, кент және ауылдық округ әкімдеріне демалыс орындарын талапқа сай күтіп ұстау, автомобиль және теміржол бойындағы аумақтардың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан бөлек, 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған мерзімді баспасөз басылымдарына жазылу науқанын қараша айында толық аяқтау қажеттігі ескертілді.

Мәжілістің күн тәртібінен тыс мәселесі ретінде күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқанының барысы қаралды.

Аудан бойынша бірқатар қала, кент және ауылдық округтерде шақыру жұмыстарының көрсеткіші төмен деңгейде қалып отыр.

Аудан әкімі жауапты әкімдердің жұмысын сынға алып, шақырылушыларды медициналық комиссиядан өткізу және шақыру пунктіне жеткізу жұмыстарын тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны үшін жауапты тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды тапсырды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы күн тәртібінде көтерілген барлық мәселе бойынша жауапты басшыларға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.

Фото: Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: