Kyzylorda-news.kz Түркістан облысында ерекше оқиға болды: 24 жастағы ұл өз әкесіне бауыр доноры болып, өмірін сақтап қалды. Дәрігерлер операцияның сәтті өткенін хабарлады. Бұл – өңірдегі трансплантология саласындағы маңызды жетістік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында бауырды ауыстыру бойынша екінші трансплантация сәтті өтті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, операция академик Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен, А. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандарының қатысуымен жүргізілген.
54 жастағы бауыр циррозына шалдыққан науқасқа оның 24 жастағы ұлы донор болды. Ол өз еркімен әкесіне бауырының бір бөлігін беруге келісімін берген. Толық медициналық тексеруден кейін қарсы көрсетілімдер анықталмаған.
Операция сәтті өтіп, науқастың жағдайы тұрақты, жаңа бауырдың қызметі біртіндеп қалпына келіп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл трансплантация өңірдегі трансплантология саласының дамуына және жоғары технологиялық медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге маңызды қадам болды.
Фото: freepik.com