Kyzylorda-news.kz «Еліміздегі 900 мыңға жуық толық емес отбасының 73 мыңға жуығында жалғызбасты әкелер жауапкершілік алып отыр. Олар нағыз ерлер, нағыз адамдар. Бірақ, бұйығы, торыған, жабыққан, қиындыққа мойынсұнған жарымжан көңіл әкеге көмек керек. Мойындалмай отырған шындық. Олардан өрбіген ұрпақ ертеңгі елді ойлантуы тиіс».Бұл жалғызбасты әкелер жайлы сауалымызға маманның пікірі.Психолог пайымында терең мән жатыр. Бой жетіп келе жатқан қыз балаға қандай мейірімді әке де толық қолдау бере алмасы анық. Анасыз қыз секілді, әкесіз өскен бойжеткенннің де санасында салмақ болады. Менталитеттік түсінік, кездесетін кедергілермен күрескен қыз көбіне нәзіктігіен ажырайды, сенімін жоғалтатын болып шықты.

Қазіргі қоғамда солқылдақ әйел, сорақы бала көп. Психологиялық әлсіз ана өзін «іздеп» жүрсе, одан туған бала тәрбиені тыстан тауып, терең иірім құрдымынан құтыла алмай әуре. Бұл сөзсіз әкелер институтының әлсірегенінен қалыптасып отырған жағдай. Халқымыз кие тұтқан қадірдің құлдырауына кім кінәлі? Қай жерде әлсіредік? Сұрақтарға жауап іздедік.

Ататекті білген жөн

Аталық жүйеге негізделген дәстүрлі тізбек тіні бұған дейін қанша ұлықты ұрпақты тәрбиелеуде ұтымдылығын көрсетті, ұтылмадық. «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер» дегенде бабаларымыз өзімшіл болу туралы айтқан жоқ. Жеті ұрпағына дейін жауапты ағайын-туыс ортақ абырой биігінде сана түйістірді. Жеті атаны жаттатын әке не ата олардың атымен бірге жүрген жолдары туралы түсінікті сіңірді. Ата атын абройымен алып жүру – азаматтық іске саналды.

Бұл туралы этнограф Ержан Қалиұлы пікірін сұрап-білдік.

««Кімнің баласысың?» деген сұрақты қазақ ғана баласына қояды. Ондағысы білмегеннен не танымағаннан емес, тәрбие тағылымынан тегін танысын, соған тартсын дегеннен туған тілек. «Кімді алсаң, төріңде сол отырады» деп жалғасының жақсы болуын қалаған жұртымыз көргенді, өсіп-өнген жермен құдандасуға тырысқан. Қазір ғылым жаңалық деп ашып жүрген генетикалық түзілісті біздің жұрт әріден білген. Дәстүрлі құрылымды сақтап, тағылымды тәрбие алған бала – отбасына да, отанына да ие бола алары анық. Ал оны тегі бар жары толықтырса, саналы ұрпақ өсуі қалыпты жағдай. Осындай ғажап, ғасырлар бойы екшеленген үрдістің үзілуіне алдымен Кеңестік жүйенің, бертін келе еуропашыл әсіретанымшылдық кедергісін тигізгені сөзсіз».

Дәстүртанушының сөзінің жаны бар. Қазір, өкінішке орай, жеті атасын білмейтін ел туралы әңгіме айтып жүрген жігіт ағаларына да жолығып жатамыз. Жиын-тойда бас қосыла қалса, әйел адамның өзі айтуға ұялатын, жасына сай келмейтін әңгіменің тиегін қызармай ағытып отырғанын көргенде, «бұл кімді тәрбиелей алады?» деп іштей түңілесің.

Ер мен әйелдің қоғамдық статусын теңестіру үшін жаппай «жолдастандырған» одақтық жүйенің «азамат» бүгінгі формасы болмаса етті деп қынжыласың. Бейімбеттің коммунист Раушанының кейпі ер мен әйел сыйластығына сызат түсіргенін жасыруға болмайды. Қазақ қоғамы қызының түсінігін, ананың орнын ешқашан құлдырып, құнсыздандырмаған. Ал «өзім білемге» салынып, асығыс отбасын құрғандардың көбінің соңы құрдымға кетсе, сақталып қалғандарында қоғамдық статустар маңызын жоюда.

Асқар тауың жығылмасын

Осы орайда осыдан бірнеше жыл бұрын танысым айтқан әңгіме ойыма оралғаны.

«Үйде қандай да бір шешімді шығару, қабылдау үшін барлығымыз әкемізге жүгінетінбіз. Басты адам жақсылықта да, қиындықта да жол табады. Туралықтан таймайтын тұлғалық қабілетін мақтан тұтып, бойымызға ұялатуға асықтық. Арада біраз уақыт өтті. Бұл кезде барлығымыз аяқтанып, жеке-жеке отбасы болдық. Анамыз өмірден өтіп кеткен болатын. Бірде осындай түйінді түйткіл туындап, әдеттегідей әкемізге жүгіндік. Жағдаймен толық танысқан ол үнсіз бөлмесіне кетіп қалды. Бір күн, екі күн өтті... Үшінші күні арамыздағы батыл сіңлім: «Әке, сізге не болған. Бұрын мұндайыңыз жоқ еді», – дегенінде ол төмен қарап, сонша қызарып, үнсіз қалды. Екі-үш минут өткен соң: «Бұған дейін барлық дұрыс шешім қабылдауға аналарың ұйытқы болатын. Ол өте жақсы адам еді», – деп амалсыз мойындады. Әкемнің сол түрі әлі көз алдымда. Қазір сондай әкені пір тұттыратын аналар бар ме екен деп ойлаймын», – деді ол.

Келесі замандасымыздың пікірі мүлдем басқа.

«Отбасындағы үш ер баланың арсындағы қыз болып өстім. Әкем жақсы тәрбие берді, өзге құрбыларым сияқты сонша қыспаққа ұстап, қысым көрсетпеді. Қызғаныш деген дүниені де көзіміз көрген жоқ. Мәселе тұрмысқа шыққаннан кейін басталды. Күйеуім қызғаншақ, талапқор, жалпы айтқанда, әйел туралы түсінігі басқаша адам болды. Қатты қиналғанда әкем неге қызғаншақ, ағаларым неге қатал болмады екен, бұл қиындықты сезініп өссем, мұнша қиналмас едім деймін. Кейде ерімнің айтқандарын әйел туралы ерлердің қоғамдық көзқарасы деп қабылдаймын», – дейді Айғаным.

Балаға қарым-қатынас қажет

«Әкемді көрген жоқпын. Өмір бойы ажырасқаны, қиындыққа шыдамағаны үшін анамды кінәлап келдім. Ер жеткен соң әкемді іздеп таптым. Алғашқы кездеу ұзаққа созылмады. Ол кісі үндемей отырды. Іштей менімен жоғалтып алғанын жылдарына өкінген шығар деп, ақтарылып әңгіме айтумен болдым. Қолымдағы жалғыз суретті көрсетіп, кескінімнің, анамнан естіген ұқсастығым туралы айтқан әңгімелерімнің бәрі бекер болып шықты. Әкем деген адамның тарапынан жылулық та, ұялушылық та қасиетті байқамадым. Кетерінде: «Бәріне шешең кінәлі. Қиналсаң, соның қалағаны», – дегенді айтқанында, өмір бойы жасаған бейнемнің быт-шытын шығарып, сан жылғы сағынышымды көз алдымда күйретті. Анамнан кешірім сұрауға кеш еді», – дейді Берікбол есімді бозбала.

«Әкем мемлекеттік қызметте жұмыс істеді. Сол кездегі өлшеммен алып қарағанда, өте жақсы жағдай жасады. Шетелдік киімдер, қат азық-түлік түрлері, ойыншық бөлмесі, бір сөзбен айтқанда, басқалар қызығатын бақытты жағдайдың барлығы менде болды. Бірақ әкем ұйқыдан оянбай тұрғанымда, кетіп қалып, ұйықтап жатқанымда келетін. Үнемі сағынатынмын. Сол әсер «Менің баламның әкесі мемлекеттік қызметкер, вахталық жұмысшы, мұғалім болмауы керек» деген ұстанымды ұялатты», – дейді Аймира.

Сәби әке қамқорлығына зәру

Бүгінгі қоғамда әкенің екі типі барын айтады Әйгерім Есжанқызы. Бірі отбасының иесі, оның асыраушысы. Екіншісі, осыған қарама-қарсы жағымсыз қасиеті, дөрекі мінезімен жақындары, айналасының жеккөрінішін тудырған адамдар. Қазір «Әкеңе айтамын, әкең келе жатыр» деген сөздер балаға тоқтау бола алмайды. Психика бөлек.

Ажырасудың аяғын ойламайтын жұптар қаншама қалыптың өзгерісіне жол ашуда. Кей жағдайда алғашқы топтағы әкенің үйде көп болмайтын жайын пайдаланып, тізгінді өз қолына алып алған аналар ерінің рөлін екінші орынға қойып жүргені де бар.

Әлеуметтанушы Әйгерім нарықтық қоғам ежелден қалыптасқан дәстүрді бұзғанымен де бөлісті. «Ақша табатын, келген жері күйлі қыз ерінің алдында ешқашан төмендемейді. Қазір ерлерден гөрі әйелдер жақсы табыс тауып жүр. Өзін ақылды, жан-жақты, дамыған, тұлғаланған келіншекке ерінің айтқанынан аса алмау бірте-бірте жат қылыққа айналып барады. Шешімді анасы қабылдайтын үйдегі бала болбыр, ынжық болары сөзсіз.

Этимолог Күнтуар Нұрғали: «Қазақтың бесікке салу, тұсау кесу, ашамайға отырғызу, үлкен қарияға апарып сынату секілді барлық салттық тіркеспелі тәртібі бата алу, жақсылықтан үміт күту, дұрыс отбасының ұйытқысы болуға дағдыландырған», – дегенді айтады.

«Әке әлі де культ. Құнды. Тәрбиеленушілеріміздің әкелеріне деген құрметі ерекше. Ол отбасылық тәрбиенің жемісі деп білемін. Бір жолы мамандықтар туралы түсінік қалыптастыратын оқу-тәрбиелік шарада әртүрлі кәсіби бейнелерді көрсеткенде, тілі шығып үлгермеген балғындар «Мынау менің әкем» деген сияқты ишаратпен түсініктерін ұғындырды. Балалар үшін әке, бар болсын, жоқ болсын, барлық қол жетпесті алып беруші, жоқты табушы, ең батыр, ең батыл адам. Ұлттық тәрбиені мейлінше сіңіріп өскен ана ешқашан баласын әкесінен алыстатпайды. Тек кереғар түсінікті ұялатып жүрген коучтар мен желілік психологтар», – деген тәрбиеші Айман Қалыбаева әкеге құрмет төмендеді деген пікірге қарсы.

Ана денсаулығы  бала саулығы

Ерекше балалармен жұмыс істеп келе жатқанына он жылдан асқан дефектолог маман Гүлшаһар Ерғазы өз қызметіне жүгінетін науқастардың көбін жалғызбасты аналар асырап отқанын ашына айтады.

«Ананың аяғы ауыр кезде қандай жағдайда, күйзелісте болғаны өзіне ғана аян. Көзіне күйеуі шөп салған, енесімен жанжал болған, әлеуметтік жетіспеуішіліктен өзін күйретіп, жоғалтып алған аналардың көбі, өкінішке орай, ерекше қажеттілікті талап ететін балапандарды дүниеге әкелуде.

Баласының жағдайын көре сала, одан бас тартқан әкелер көп. Бірге тұрып жатқанның өзінде «шіріген жұмыртқа», «маймақ балапанға» балап, жасырып, оны емдету, дамытуды бос әурешілікке балайтындар жеткілікті. Тіпті, оған берілетін жәрдемақыны отбасылық кіріске кіргізетіндерді көз көріп жүр».

Бүгінгі қолдау қандай?

Сауалнамаға қатысқан 23-32 жас аралығындағы азаматтар­дың пікірі осыған саяды.

Атын айтудан бас тартқан жігіт әкесінің өзіне лайықты жағдай жасамағанымен қоймай, «Мен сендерді өмірге әкелдім, енді сендер мені асыраңдар» деп айтатын ұстанымына ызалы. Құрбандық болған шешенің қателігін қайталамауда Айгүл ешқашан өзін ренжітуге жол бермейтінімен бөлісті.

Санат ішімдік ішіп, ақыл айтатын әкемен өткізген анасының жылдарын бос уақытқа санайды.

Барлығынан «Бүгінгі әке қандай болуы керек?» дегенді сұрағанымызда, материалдық жағдайды жасай алатын, балаға көңіл бөлетін, айналасы мен ортасына сыйлы адам болу деген жауапты жазыпты.

Ерлер жауапкершіліктен қашады

Жауапсыз әке қайдан шығады? Маман пікіріне жүгіндік. Психолог Нұргүл Жантемірова ыңғайлы, құрбан аналар қоғамға қауіпті екендігін айтып, дабыл қағады.

«Оянбаған, «тірілмеген» әйелді ешкім де сыйламайды. Әкенің өз міндеті, жауапкершілігі болу керек. Мұндай аналар, оны талап ете алмайды. Ол басыну, ерді сыйламау емес. Жүйкесі шаршаған әйел қайын жұртынан, күйеуінен алмаған ақысын балаларынан алады. Ал әйел басқаратын үйдің балалары анасына деген қарсылықты әйеліне көрсетеді. Сондықтан жеке шекараны шегендеу дегенді үйрену маңызды. Жауапкершіліктің барлығын алып алған аналарда еркектік гормондар көбейіп кетеді. Үй тірлігіне араласақан еркек те ұсақталып, күш-қайратын кемітеді. Тағы бір жағдай, «анасының балаларына» да әкелікті мойындау қиынға соғады», – дейді психолог Дана Мейірман.

Жалғызбасты әкелер жайлы сауалымызға маманның пікірі төмендегідей болды.

«Еліміздегі 900 мыңға жуық толық емес отбасының 73 мыңға жуығында жалғызбасты әкелер жауапкершілік алып отыр. Олар нағыз ерлер, нағыз адамдар. Бірақ, бұйығы, торыған, жабыққан, қиындыққа мойынсұнған жарымжан көңіл әкеге көмек керек. Мойындалмай отырған шындық. Олардан өрбіген ұрпақ ертеңгі елді ойлантуы тиіс».

Психолог пайымында терең мән жатыр. Бой жетіп келе жатқан қыз балаға қандай мейірімді әке де толық қолдау бере алмасы анық. Анасыз қыз секілді, әкесіз өскен бойжеткенннің де санасында салмақ болады. Менталитеттік түсінік, кездесетін кедергілермен күрескен қыз көбіне нәзіктігіен ажырайды, сенімін жоғалтатын болып шықты.

Ақын Ақжол Түменбайдың: «Әкесі бар қыздың бәрі әдемі, Әкесі жоқ қыздың бәрі қаһарман» деген жолдары дұрыс бетбұрысты қалыптастырып, қоғамдық институттар бүтіндігін қайта қалпына келтіруге жетелейді.

Түйін: Жантанушы Аманжол Рысмеңдиев: Бақытбек Смағұлдың «Ей, белсенді, белсенді,

Түсірмегін еңсеңді,Түсірсең егер еңсеңді. Құрметтемес ел сені» деген өлеңінен үзінді келтіріп, «беленді» сөзінің түбірін «белден» таратады. Белі қайыспай, ауырлықты көтеріп, ұрпақты өрбітер азаматтардың еңселі жүруі – замана берері мен беделі.

Хазіреті Мұхаммед с.ғ.с:«Әкеге бағыну – Аллаға бағыну» десе, «Әкелі бала жаужүрек,

Жиын тойға барады. Төрден орын алады. Әкесіз бала – сужүрек, Жиын-тойға барады, Босағада қалады», – деп Бұхар жырау толғапты. Тәндегі тапшылық таршылық емес, жандағы жоқшылық орны толмас олқылыққа апарады. Әке берген тәрбиені ешбір мектеп бере алмайды. Сондықтан ең үлкен мектепті жандандыруда әкенің көлеңкесін де баспайтын ұлттың ұландары жадын жоғалтпай, асқақ рухын аласартпауға жабыла жұмылуы тиіс.

 

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
Фото:qazaly.kz

Тағы да оқыңыз: