Kyzylorda-news.kz. Мамандық таңдау – адам өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Өйткені адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығымен ұштасады. Бүгінде қоғамдық тәртіпті нығайту, қылмысты ашу, яғни қауіпсіздікті сақтауда — полиция қызметкерлерінің еңбегі ерен. Тәртіпті қатаң қадағалайтын полиция қызметкерлерінің тірлігі үнемі қауырт, қашанда қарбаласқа толы. Түнгі ауысымға шығу, әрдайым байланыста болу, жұмыс кестесінің ауырлығы, өміріңді қатерге тігу сақшы өмірінің ажырамас бір бөлігі. Асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін бұл қызметтің жауапкершілік жүгін арқалау да оңай емес.
Бүгінде Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімінде полицей династиясын құрап отырған отбасылар бар. Солардың бірі мамандықтарына адал, қоғам тыныштығы жолында күн-түн демей еңбек етіп, қашан да темірдей тәртіпті берік ұстанған Тұрмахановтар отбасын айрықша айтуға болады.Маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген тәжірибелі полиция лейтенанты Руслан Әбдіхакимнің жас болса да жүріп өткен жолы-көпке үлгі.Ол-әке жолын қуып полицейлер династиясын жалғастырып келе жатқан азамат ретінде өз отбасында да ерекше құрметке ие.
Руслан Ерболұлы 1999 жылы Алматы облысы, Қарасай ауданында дүниеге келген. Әкесі – Тұрмаханов Ербол Әбдіхакимұлы да ұзақ жылдар бойы құқық саласында қызмет еткен. Қазіргі таңда зейнет демалысында. Саналы ғұмырын ішкі істер органдарының қызметіне арнаған Ербол Тұрмаханов 1991 жылы Қызылорда по¬литехникалық техникумның Транспорт-жол факультетін, 2004 жылы Тараз қаласындағы заң институтын бітірген.
Ол ішкі істер органдарындағы қызметте 20 жылдан астам түрлі құрамда қызмет атқарып зор үлесін қосқаны үшін еңбегі еленіп, түрлі марапатқа ие болған. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің алғыс хаты мен «Қазақстан полициясына-25 жыл» мерекелік медалімен, ІІО-дағы 10, 15 жыл «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен және облыстық ішкі істер департаментінің алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталған. Қызметінің қиындығына қарамастан Ербол Әбдіхакимұлы адал жар, сыйлы әке атанып, ұлы мен қызын тәрбиелеуде.
«Әкеге қарап ұл өсер» демекші, полиция офицерінің отбасында туған Руслан Ерболұлы мектепті бітірген соң, көп ойланбастан Тараз қаласындағы «Тараз инновациялық – гуманитарлық» университетіне заң факультетіне оқуға түсіп, 2020 жылы білімін тәмамдаған. Әке жолын жалғаған Руслан Ерболұлы өзінің қызметтік жолын 2020 жылы Қызылорда станциясындағы ЖПБ-ның патрульдік полиция взводының полицейі болып бастаған.Қазіргі таңда Жалағаш ауданында Полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі қызметін абыроймен атқаруда.
«Полиция саласында қызмет етуді бала күнімнен қалайтынмын. Әкемнің формасын киіп, ел тыныштығын күзететін саланың беделді маманы болуды арман-дадым. Міне, сол бала күнгі арманыма қол жеткізу үшін алдыма нақты мақсаттар қойып, қазіргі таңда қалаған мамандығым бойынша еңбек етіп жатырмын. Жұмыстың оңайы жоқ. Өзім жақсы көріп, өзім қалаған мамандық болғандықтан ыстығына күйіп, суығына тоңып аянбай еңбек етудемін. Себебі бұл сала табандылықты талап етеді», – дейді Руслан.
Жас болсын, егде болсын, қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Руслан Ерболұлы әу бастан өзінің осы салаға ептілігі барын аңғартып, учаскелік полиция инспекторының қызметін тез меңгеріп, басшылардың ықыласына бөленген білікті маман.Асқар тау әкенің әрбір сөзін жүрегінен өткізген ол бүгінгі таңда әкесінің атына кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне, қызметіне, халық алдындағы борышына үлкен жауапкершілікпен қарап келеді.Жас маманның алға қойған мақсаты айқын, болашаққа басқан қадамы нық, сенімі мол. Ол ел тыныштығын қорғап, халыққа қамқоршы болу үшін ерінбей еңбек етуді басты міндетім деп санайды.
Отбасында жары Ақсәуле Талғатқызы екеуі бір ұл тәрбиелеп отырған бақытты ата-ана. Төзімді тірегі, тыныштықты тілегі еткен, халқына қызмет етуді мансап емес, парызым деп санап, халықтың қауіпсіздігін сақтайтын құқық қорғаушылар қашанда үлкен құрметке лайық.