Kyzylorda-news.kz. Әкелер күні аясында қоғамда ер азаматтардың дәрежесін көтеру, оларға деген құрметті қалыптастыру, әсіресе, ұлттық ұстанымға сай ұрпақ тәрбиесіне әкенің ықпалын арттыру мәселесі жатыр.
Тәрбиенің түп қазығы отбасында десек, осы орайда шаңырақтың егесі – әке тәрбиесін күшейту мәселесіне назар аударыла бастады. Өңірдегі барлық мектептер жанынан әкелер кеңесі құрылып, арнайы жоспар түзіп, жұмыс жүргізіп келеді. Осындай кеңестің бірі С.Шаухаманов атындағы №9 білім-инновация лицейінде жұмыс жасайды.
Лицей мұғалімі, аталған кеңестің белсенді мүшесі Нұрбек Тілеуімбетовті әңгімеге тартып, Әкелер күніне қатысты ой-пікірін білген едік.
– Біз бала күнімізден Аналар мерекесін білеміз, асыл аналарға, ардақты апа, аяулы қарындастарға деген құрметіміз айрықша. Қоғамда әйелдер қауымы ер азаматтармен тең тұрғаны рас. Өйткені олар барлық салада ерлермен тең еңбек етіп жүр.
Енді Әкелер күні мерекелер тізіміне енгізілген екен. Мұның да өзіндік себебі бар болуы керек. Мысалы, қазір қоғамда ер балалардың тәрбиесі өзекті болып отыр. Мектеп қабырғасында жүріп, бір-біріне күш көрсетіп, ауыр зардапқа ұшыратып жатқан жағдайларды естіп-біліп отырмыз. Тағы бір мәселе, әскерге баруға құлықсыз жастар қатары көп. Неге десеңіз, әскердегі тәртіп те әлсіреп кеткен. Онда да жастардың қатыгездігінен қиындықтар туындап жатады.
«Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деген сөз бар ғой. Демек осының барлығы ер баланың әке тәрбиесінен тыс қалғандығын аңғартатын сияқты. Осындай себеппен білім ошағы жанынан құрылған әкелер кеңесі тәрбиелік бағытта үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Ер мұғалімдер қатары көп, сондықтан бұл мәселеге барлығымыз жауапкершілікпен қараймыз, – дейді ол.
Кейіпкеріміз Нұрбек Тілеуімбетов – бес баланың әкесі. Отбасындағы өз міндетіне бей-жай қарамайтын, балаларының болашағының дұрыс болуын ойлаған әке ұлдарын еркін күреске және жүзу спортына баулыса, қыздарын би үйірмесіне бергенін айтады.
Әңгіме барысында аңғарғанымыздай, әкелер кеңесі жалпы 7-11 сынып аралығында ер балалармен тәрбие сағаттарын өткізіп, түрлі тақырыптар бойынша ой-пікір алмасып отырады екен. Ал 10-11 сыныптар арасында мамандық таңдауға байланысты әр салада қызмет атқарып жүрген әкелермен кездесулер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, сыныптағы оқушылар әкелерінің жұмыс орнына барып, күнделікті жұмыс барысын көзімен көреді. Бұл іс-шаралар жасөспірімдердің қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуіне өзіндік әсер ететіні рас.
Қоғамның өзі алға тартып отырған отбасындағы әке тәрбиесі мәселесі әрбір шаңырақтың шырқы бұзылмай, шаттығы ортаймай, келісті өмір кешуінің кепілі болуы керек. Сайып келгенде, бұл – ежелден келе жатқан ұлттық тәлім-тәрбиенің ізгі жолы.