Өткен жылы Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентіндегі 2 квартал аумағында орналасқан Амангелді Дүйсекеев көшесіне мердігер мекеме «Нұрас и К» ЖШС тарапынан қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыстар толық аяқталмаған болатын.
Биыл аталған көшенің жөндеу жұмыстарын жалғастыруға тиісті қаржы бөлініп мердігер мекеме тарапынан бірнеше күннен бері көшені асфальттау жұмыстары жүргізілуде.
Қазалы ауданының әкімі Алмасбек Есмахановтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев аталған көшені асфальттау жұмыстарының сапасын бақылап, мердігерлермен кездесті. Жалғас Оңғарұлы мердігер мекеме өкіліне жұмыс сапасына баса назар аударып, ауа райы қолайлы кезеңді тиімді пайдалана отырып, жұмыстарды күн райы суымай тұрып толық аяқтау қажеттігін тапсырды.
Аталған көшеде өткен жылы халықтың әлеуметтік осал топтағы азаматары үшін тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, табысталған болатын. Орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан көшенің жалпы ұзындығы – 1115 метрді құрайды.
Айта кетейік, биылғы жылы Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр көшесінің айналма жолының құрылысына 378,7 млн теңге, А. Талқанбаев көшесін қайта жаңғырту жұмыстарына 114,9 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, кенттің 12 көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге аудандық бюджеттен 81,6 млн теңге қаражат қарастырылып, тиісті жұмыстар атқарылды.
Бүгінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы жағдайдағы үлесі 91 пайызды құрайды. Алдағы уақытта Қожабақы – Аранды және «Қарлан» учаскесінен Бірлік ауылына дейінгі аралықтағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу жоспарланып отыр.
