Kyzylorda-news.kz Шуақты көктемнің ерекше мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында қазалылық ардақты аналар мен аяулы аруларды ерекше құрметке бөленді.  

Мерекеге орай Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет үйінде «Әйелмен әлем әдемі» атты мерекелік кеш өтті. Мерекелік шараның шымылдығы нәзік жандылардың құрметіне арналған ерекше қойылыммен басталды.

Салтанатты шарада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет сөз алып, барша аудандағы аналар мен әйелдерді, қыз-келіншектер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.

«Бұл күн асыл ананы, сүйікті жарды, қадірлі қарындасты мейірімге бөлейтін ерекше мереке. Елдің жүгін ер-азаматтармен бірдей арқалап, сан түрлі салада табысты еңбек етіп, тұрақтылықты нығайтуға, елдігімізді баянды етуге бірегей үлес қосып келесіздер. Бейбіт тірлік пен берекелі бірліктің ұйытқысы болып отырған ардақты аналарымызға, апа-қарындастарымызға, барша қыз-келіншектерге шынайы ризашылығымды білдіремін», - деді аудан басшысы Мейрамбек Шермағанбет. 

Шара барысында аудан әкімі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген аналар қауымына облыс және аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады. Сонымен қатар білім саласының ардагері Данагүл Сабырбаеваға, Қазалы аудандық Ұлттық сараптама орталығының зертханашысы Сақып Қуатбайқызына және аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің радиотелефонисті, азаматтық қорғау кіші сержанты Айнұр Тыныштықбайқызына аудан әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды.

Мерекелік шарада көп балалы аналарға «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» төсбелгілері табысталып, алтын құрсақты жандарға құрмет бөленді.

Мерекелік шара әрі қарай ерекше концерттік бағдарламаға ұласып, айтылған ізгі тілектер мен шырқалған әннің бәрі дерлік асыл ана, адал жар, аяулы апа-қарындастарға арналып, әйелдер қауымын үлкен қуаныш шаттыққа бөледі.

Шара соңында барлық аналар мен қыз-келіншектерге мерекелік арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтары таратылып, құрмет көрсетілді.

Фото: Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: