Kyzylorda-news.kz. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық - адам құқықтарын бұзудың ең көп таралған түрі. Зорлық-зомбылық әйелдер мен қыздарды теңдік пен қауіпсіз өмір сүру құқығынан айырады, адамның қадір-қасиетін төмендетеді және негізгі бостандықтарды жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейді. Бүгінде елімізде мұндай құқық бұзушылықтардың жиелегенін әлеуметтік желілерден естіп жүргеніміз белгілі. Дегенмен, бүгінде мемлекет пен қоғам мұндай теріс қылықтардың белең алмауы үшін алдын алу профилактикалық жұмыстарына баса назар аударды.
Осы орайда, 2022 жылдың 5 желтоқсанда «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында Қармақшы аудандық полиция бөлімінің ЖПҚб-нің Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция капитаны А.Касимова, «Жастар денсаулық орталығының» психологі Ә.Кетебаева, білім бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова, әйелдер кеңесінің төрайымы Г.Раева, ата-аналар комитетінің төрағасы А.Дәулетбаев және Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Г.Мухамедьяровтың қатысуымен Жосалы кентінің Ә.Егізбаев атындағы №121 қазақ мектебінде ата-аналармен кездесу өткізілді.
Кездесуде жасөспірімдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында мағлұматтар беріліп, отбасындағы әйелдерге және жасөспірімдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жолын кесу және де жалпы отбасындағы құндылықтар бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Кездесу соңында ата-аналар тарапынан өздерін толғандырған сұрақтар қойылып, арнайы дайындалған жадынамалар-бетшелер таратылды.