Kyzylorda-news.kz Бүгін «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының басшысы Жандос Базартай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде  Педагогика және дәстүрлі өнер институтының 2026 жылғы түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімен қатысты. 

Биыл Педагогика және дәстүрлі өнер институтын тәмамдаған 43 жас маман үздік диплом иегері атанды. Бұдан бөлек, 10 студент Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясына ие болды. Институт студенттері халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Азия, Еуропа және Таяу Шығыстағы жетекші жоғары оқу орындарында білімін жетілдіріп, кәсіби тәжірибе жинақтады.

Жиында сөз алған «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының басшысы Жандос Базартай бүгінгі түлектер елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын жаңа буын екенін атап өтті.

«Бүгін қолдарыңызға алып отырған диплом – тек білімнің куәлігі ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершіліктің бастауы. Сіздер ертең мектепте, мәдениет саласында, қоғамдық ортада еңбек етіп, елдің дамуына үлес қосатын мамандарсыздар. Қай салада қызмет етсеңіздер де, адалдық пен кәсібилікті басты ұстаным етіңіздер. Әділет партиясының негізгі құндылықтары – әділеттілік, патриотизм, еңбекқорлық, жауапкершілік және прогресс. Біз осы қағидаттарға сүйене отырып, білімді, бастамашыл және жаңашыл жастардың әлеуетін қолдауды маңызды міндет санаймыз. Себебі әділетті қоғамды да, қуатты мемлекетті де білімді әрі жауапты азаматтар қалыптастырады. Сіздердің табыстарыңыз – еліміздің табысы. Сондықтан ешқашан ізденуден, үйренуден және өз армандарыңызға ұмтылудан тоқтамаңыздар», – деді Жандос Базартай.

Диплом табыстау рәсімі – студенттік өмірдің қорытындысы ғана емес, жас мамандардың үлкен еңбек жолына жасаған алғашқы сенімді қадамы. Мерекелік жиынға қатысқан қонақтардың барлығы түлектерге кәсіби биіктерді бағындырып, ел игілігі жолында жемісті еңбек етулеріне тілектестік білдірді.

Тағы да оқыңыз: