Kyzylorda-news.kz «Әділет» партиясы Қазалы аудандық филиалында тұрғындардың табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» жобасы бойынша тақырыптық қабылдау өтті.
Қабылдауға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының өкілдері және жас мамандар қатысты. Кездесу барысында кәсіп иелері өздерінің қазіргі кәсібін кеңейту, айналымын ұлғайту және осы мақсатта жеңілдетілген несие алу жолдары жөнінде сауалдарын қойды. Ал жас мамандар өздеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары мен кәсіп бастауға арналған мүмкіндіктер туралы ақпарат алды.
Тұрғындардың сауалдарына аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Сапарбек Қуатов пен Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының менеджер-кеңесшісі Дана Нұрқаш жауап беріп, жобаға қатысу талаптары мен қолдау тетіктерін түсіндірді.
«Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының табысын арттыруға, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға және азаматтардың өз ісін бастауына қолайлы жағдай жасауға ерекше мән берілген. Мақсат – ауыл тұрғындарының кәсіп бастауына мүмкіндік беріп, табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту.
