Kyzylorda-news.kz. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бүгінде қарқынды дамып келе жатқан Шиелі ауданында жұмыс сапарымен болды.
Өңір экономикасында өсім бар
Алдымен облыс әкімінің төрағалығымен аудан әкімдігінде Шиелі ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңейтілген мәжіліс өтті. Онда ауданға қарасты кент және ауылдық округтердің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы даму жоспарлары қаралды. Оған барлық құқық қорғау органдарының басшылары, облыстық басқармалар мен аудандық бөлiм басшылары, ауылдық округ әкiмдерi қатысты.
Ауданда ауыл шаруашылығы, өнім өңдеу, кәсіпкерлік, т.б салалардың дамуына жағдай оңтайландырылған.
«2022 жылдың қорытындысымен аудандар мен Қызылорда қаласы бөлінісіндегі негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер рейтингінде Шиелі ауданы 3-ші орынға тұрақтап, дамудың оң көрсеткішін көрсетті. Өнеркәсіп кәсіпорындары 69,3 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 2021 жылмен салыстырғанда 14,7 процентке артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 36,1 млрд теңге болды. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 176,3 процентті құрады. Биылғы қаңтар-сәуір айларында 21,2 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 9,4 млрд теңге инвестиция салынған», – деді аймақ басшысы.
Мәжілісте аудан әкімі Нұржан Ахатов жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Аудан әкімі әлеуметтік саланы дамытуға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар қарқынды жүргізіліп, нәтижесінде аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасқанын айтты.
«Атап айтқанда, ауданымызда өнеркәсіп өнімдерін өндіру 102,1 процентке артып, 21,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 102,9 процентке артып, 8 млрд 549 млн теңгенің өнімдері өндірілген. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі 9,5 млрд теңгені құрап, 2,5 есеге артты. Ал 2023 жылдың 4 айында ауыл шаруашылығы саласы бойынша 3 млрд 995 млн теңгенің өнімі өндіріліп, тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,5 процентке артты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жүру қарқыны 8,9 есеге артып, көлемі 1,2 млрд теңгеге орындалған. Өздеріңізге хабардар еткендей, 2023 жылғы аудан бюджеті 10 млрд 754 млн теңге болып бекітілген болатын. Дегенмен де бізді қуантатыны нақтыланған аудан бюджеті жыл басында бекітілген бюджетпен салыстырғанда 2 млрд 169 млн теңгеге ұлғайып, 12 млрд 923 млн теңгені құрап отыр. Тұрғындардың өзін-өзі азық-түлікпен қамтамасыз ету, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында биыл жоспардан тыс 1520 гектар қосымша жер дайындалып, 1390 отбасына үлестірілді. Оның ішінде 400 гектар жерге тамшылатып суару арқылы егілу жұмыстары жүргізілуде. «Ауыл Аманаты» бағдарламасын іске асыру мақсатында Өзіңіздің тапсырмаңызға сәйкес, аудан бойынша құны 3 млрд теңгені құрайтын 652 жоба әзірленіп, бүгінгі таңда құжаттары дайын 1,3 млрд теңгенің 318 жобасы ұсынылып отыр. Өткен жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Жалпыұлттық жобалар аясында, биыл ауданда 24,8 млрд теңгенің 5 ірі инвестициялық жобалары іске асырылуда. Нәтижесінде, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін уақытша 452 адам жұмысқа тартылып, жобалар толық іске қосылған кезде 320 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады», – деді аудан басшысы.
Ауылға қолдау қашанда қажет
Нұрлыбек Машбекұлы аудан әкіміне бірқатар міндеттер жүктеді. Жұмыстың негізгі бағыты халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, өмір сүру сапасын арттыруға арналуы тиіс екенін жеткізді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бастау алғалы Ақтоған ауылдық округіне қарасты Досбол би, Жиделіарық, Жөлек, Телікөл ауылдық округіне қарасты Тәжібаев елді мекендеріне мүлде қаржы қаралмапты. Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылы спутникті ауылдарды қаржыландыру тоқтауы мүмкін.
Жоғарыда аталған ауылдар спутникті және тіректі елді мекендер тізімінде бола тұра, мемлекеттің мүмкіндіктерін дер кезінде пайдаланбаған.
«Ауыл аманаты» жобасына Алмалы, Қарғалы және Иіркөл ауылдық округтері ғана қатысқан. Аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың ауылды дамыту мақсатын көздегенін, әр ауылдың мүмкіндіктері мен өркендеу жолы, түйткілді мәселелері үнемі бақылау мен қадағалауда екенін айтты. Елді мекендерге қаржы тартудың тиімді тетіктерін табу әкімдердің іскерлігі мен жұмыстың көзін таба білуіне байланысты.
Аймақ басшысы ауылдық округ әкімдеріне өзіне жүктелген міндетке адал болуды, қарамағындағы ауылдың болашағына жанашырлық танытуды тапсырды. Жұмыс қарқынын бүгінгіден де күшейтіп, елді мекендерді дамытуға бағытталған тиімді жобаларды ұсыну қажеттігін еске салды. Мұнан бөлек, аудан әкімі Нұржан Ахатовқа экономиканың тірегі – кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындар мен жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту туралы тапсырмалар берілді. Кәсіп бастауға бастама көтерген азаматтардың әкімдік тарапынан қолдау табуы өте маңызды. Сондай-ақ жазғы демалыста балалардың қауіпсіздігін бақылау, қылмыс пен күрес назардан тыс қалмауы керек.
Ендігі жерде жыл қорытындысымен төмен көрсеткіш көрсеткен ауыл әкімдеріне қатысты кадрлық шешім қабылданады. Тиісінше жоғары нәтижеге жеткен әкімдерге ынталандыру шаралары қарастырылады. Сондықтан әрбір әкім елді мекендегі жұмыссыздар санын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, табыс көзін арттыруға баса мән беруі керек.
Облыс әкімі аудандағы қылмыстардың ашылу деңгейі төмен екенін айтты. Осы көрсеткішті талдап, кейбір елді мекендердегі ахуалға қатысты тапсырмалар жүктеді. Қоғамдық және ардагерлер кеңестерінде жағдай жан-жақты талқыланып, әділ баға берілуі тиіс. Ауылдардағы қылмысты болдырмау және алдын алу үшін құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстар үздіксіз жүргізілуі керек.
Тұрғындар тілегіне құлақ түрді
Облыс әкімі жеке кездесуге бармас бұрын, Тағзым алаңында аудан ардагерлерімен дидарласты. Біраз мәселелердің басын қайырып, аудандық мәдениет үйіне қарай бет алды. Аймақ басшысының қабылдауына түрлі әлеуметтік санаттағы адамдар келді. Олардың қатарында басым көпшілігі көпбалалы аналар. Алыс елді мекендерден арнайы келген азаматтар да болды. Өтініштерді саралай келгенде, тұрғын үй, жұмысқа орналасу, денсаулық пен білім саласына қатысты мәселелерді көтерді.
«Тек әкімге ғана айтамын» деп келген 50-ден астам тұрғынның өтінішін облыс әкімі мәселеге қатысты басқарма басшыларымен, салаға жауапты мамандармен бірге тыңдады. Жоғарыда айтқандай, олардың көпшілігі көпбалалы аналар. Оған мүгедектігі бар жандар және жұмыссыз жүрген азаматтарды қосыңыз. Аудан тұрғындарын алаңдатқан мәселе жоқ емес. Кездесуге келген көпшілік тұрғын үй алу жолдарын сұрап, денсаулық жағдайына байланысты медициналық көмекке мұқтаж екенін айтып, көкейтесті сауалдарын жолдады. Сәйкесінше облыс әкімі әлеуметтік мәселе көтерген тұрғындарға нақты жауап беріп, тиісті сала басшыларына тапсырма берді.
Жеке қабылдауға келген зейнеткер, көпбалалы ана Бейбіт Жундабекова бір емес, бірнеше мәселені арқалай келген. Өзімен жеке тілдескенімізде кезінде үйінің өрт құшқанын айтып, ешкімнің көмек қолын созбағанын жеткізді. Әңгіме барысында байқағанымыздай тұрмысы төмен отбасыдан шыққан екен. «Кезінде әке-шешеммен 2 бөлмелі қоржын тамда тұрғанбыз» деп ашына айтты. Бүгінде немересі онкоголиялық дертпен ауырады. Осыған дейін 4 рет ота жасатыпты. Ішек құрылысының дұрыс болмауына байланысты жасанды ішекпен жүреді. Сонымен қатар 3 баласы екі қолға бір күрек таппай отыр. Б.Жундабекова білім саласына да көңілі толмайтынын жасырмады. Кейіпкеріміздің қызы 15 жыл ұстаздық жолында еңбек еткен. Заңға сәйкес еңбек демалысына шығып, өзге аймаққа көшкен. Соған байланысты еңбек айырысу ақысы мен «Зейнетақы қорындағы» ақшасын ала алмай келеді.
«Облыстық білім басқармасының басшысы М.Шермағанбетке де шықтық, ол еңбек инспекторына барыңыз деп жөн сілтеді», – дейді кент тұрғыны.
Осы мәселелер оң шешімін тапса деген ниетте. Келесіде өзін мазалаған мәселе бойынша көпбалалы ана Жадыра Көпебаева мүгедектігі бар баласын емдетуге қол ұшын беруді сұрай кірді. 23 жасар баласы диализге шалдыққан. Бар мақсаты – ұлын қалайда емдету. Оны айықтыру үшін біраз дәрігерге қаралған. Ең өкініштісі, аудандық аурухананың қызметіне де жүгінген. Бірақ еш нәтиже болмапты. Осының бір жолын тауып, баласының еміне шипа іздеп облыс әкіміне мұң-мұқтажын тікелей жолдады. Облыс әкімі көпбалалы ананың мұң-мұқтажын, жанайқайын тыңдай отырып, ақыл-кеңес берді. Әкім салаға жауапты мамандарға емнің не себепті оң нәтиже бермегенін бүге-шігесіне дейін анықтауды тапсырды.
Айта кеткен жөн, бір топ аналар көтерген мәселелердің басым бөлігі денсаулық сақтау саласына байланысты болды. Соның ішінде емдеуге квота алу, кепілдік берілген тегін дәрі-дәрмекпен дер кезінде қамтамасыз ету, мүгедек балаларды оңалту орталықтарына жіберудегі туындайтын қиындықтар мәселелерін көтерді. Нұрлыбек Нәлібаев облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басшыларына айтылған әрбір мәселені жеке зерделеп, тиісті шешімдер қабылдауды тапсырды.
Алдына келген әр тұрғынды байыппен тыңдап, пайымды жауабын берген, қажет жерінде кент және аудан әкімдеріне, басқарма басшыларына мәселені реттеуді тапсырған аймақ басшысына халық та риза болып тарқасты.