Kyzylorda-news.kz - Әділбек Бөрібайұлы, ашық сұқбатқа келісім бергеніңізге рақмет. Соңғы жылдары сайлау комиссиялары ашықтық қағидатына сай жұмыс жасауға көшті. Бұл қоғамның талабы ма, әлде саяси бәсекелестіктің жандана бастағанының көрінісі ме?
- Рақмет! Өзіңіз айтқан ашықтық – талап ғана емес, қазіргі уақытта нағыз қажеттілікке айналды. Себебі қоғам дамуына керек әрбір шешім, әрбір реформа халықтың қатысуымен іске асады.
Ал, біздің сайлау жүйесіндегі басты принцип – әділдікпен ашықтық. Соңғы жылдары ғана емес, сайлау комиссиялары әділдік ұстанымын, ашықтық қағидатын, алқалылық талабын орындап келеді. Оны сайлау өтіп жатқан саяси процестерден көрсеңіз болады.
Саяси науқан кезінде сайлау комиссиялары кандидаттармен жұмыс жүргізуде, үгіт кезеңінде болсын әрбір комиссия отырыстарын алдын ала анонстайды.Комиссия отырыстары жабық өтпейді, яғни комиссия мүшелері БАҚ өкілдеріне, онлайн платформа иелеріне ашық ақпарат ұсынудан бас тартқан емес. 
Мемлекет басшысыҚасым-Жомарт Кемелұлы сайлаудың басты құндылығы әділдікке негізделіп, азаматтардың сайлау құқығының сақталуына жол ашуы тиіс екенін жеткізді. Бұл ретте Президент реформаларының дені – тікелей сайлау жүйесін енгізумен байланысты өрбуде. 
Бұрынғыдай емес, кент және ауылдық округ, аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін, депутаттарды халық тікелей сайлай алатын мүмкіндікке ие болды. Соның нәтижесінде біздің қоғамға бұрын әкімдік қызмет атқармаған жаңа деңгейдегі, жаңа көзқарастағы әкімдер келуде. Бұл сөзсіз бәсекелестікті күшейтті. 
ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Мәжитұлы еліміздегі демократиялық өзгерістер эволюциялық жолмен жүзеге асырылып, ауыл, аудан әкімдерін тікелей сайлауға көшіру соның айғағы екенін жеткізген болатын. 
- Білуімізше, партия мүшесі болуды қаламайтын азаматтар да сайлауға түсіп әкім бола алады екен...
- Иә, қала, аудан, кент және ауылдық округ әкімінекандидат болуға үмітті азаматтар партия атынан және өзін-өзі ұсыну жолымен кандидаттыққа түсе алады. Егер азамат партиядан емес, өзін-өзі ұсынатын болса ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңының 113-бабы 4-тармағына сәйкес кандидат  сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайыз дауысымен қол жинауы керек. 
Таяуда ғана аймақтағы сайлау науқандарына талдау жасадық. 2021 жылы кент және ауылдық округ әкімдері сайлауында кандидаттардың 87,2 пайызы партиядан ұсынылса, тек 12,7 пайызы өзін-өзі ұсынып келген екен. Ал, 2024 жылы партиямен ұсынылған кандидаттардың үлесі 36,3 пайызды көрсетті. Керісінше, 3 жыл ішінде өзін-өзі ұсыну деңгейі 63,6 пайызға көтерілді. Демек, азаматтардың өзін-өзі ұсынуға деген ұмтылыстары жоғары екенін байқау қиын емес.
Түптеп келгенде кандидат саяси партиялардан немесе өзін-өзі ұсынса да әкімдер мен депутаттарды халық тек сайлау арқылы шешеді. 
- Бәселекестік қыза түсті деп айтып қалдыңыз. Қай ауылдардың әкімі жиі ауысады?
- Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңға сәйкес әкімдер 4 жыл мерзімге сайланады. Дегенмен өкілеттілігі ерте тоқтатылған әкімдердің орнына сайлау тағайындала береді.
Облыста 146 кент және ауылдық округ әкімі бар. 3 әйел әкім әкімдік қызметін абыроймен атқаруда. 
Барлық әкімдердің 94 пайызы тікелей сайлау арқылы қызметке келді. Қалған 6 пайыз яғни 9 ауылдың әкім сайлауын биылғы жылдың сәуір айына дейін өткізетін боламыз. Жақында ғана Жаңақорған ауданындағы Қандөз, Жалағаш ауданындағы Еңбек ауылдық округ әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылды. Жыл ішінде 48 ауылдық округ әкімінің өткізу жоспарымызда тұр. 
Бәсекелістік қай кезде де бар. Әсіресе, дауыс беру сәтінде байқалады. 1 дауыстың өзі үлкен рөл ойнайды. Себебі сайлауда басым дауыс алған кандидат сайланады. 
Өмір болғаннан кейін әкімдердің басқа өңірге қоныс аударуы, мемлекеттік қызметке немесе жеке кәсіпке ауысуының салдарынан тұрғындар 4 жыл мерзімді күтпей-ақ жаңа әкімдерді сайлай береді. Тиісінше, сол ауылдарда әкімдердің жиі ауысуы байқалады.

WhatsApp Image 2025-02-14 at 17.49.43.jpeg
- Ал, олардың білім деңгейлері ше? Оған қаншалықты талдау жасалады?Бізде жас әкімдер, депутаттардың үлесі қандай?
- Әкім, депутат болуға келген 146 кент және ауылдық округ әкімнің 144-і жоғары білімді, 2-нің арнаулы орта білімі бар. Аймақтағы 152 мәслихат депутатының 144-і жоғары білімді, 8-нің орта арнаулы білімі бар. 
Сайланған әкімдердің 111-і мемлекеттік құрылымдарда, 16-ыкоммерциялық құрылымдардан келген. 
Статистикаға көз салсақ, облыста 18-35 жас аралығындағы 7 жас әкім, 4 жас депутат бар. Олардың ішінде ең жас әкім –28 жаста, ең жас депутат – 27жаста.
Білесіз бе, тұрғындармен етене араласатын ауыл әкімін таңдауды елдің еркіне салу елді мекендегі кез келген мәселені жедел әрі тиімді шешудің бір тетігі. Әрі бұл билікке талапты жастардың келуіне жол ашады.
Мәселен, 28 жастағы Арал ауданындағы Жаңақұрылыс ауылының жас әкімі Елнұр деген азамат осыған дейін мал шаруашылығымен айналысатын қожалық төрағасы ретінде бастама көтеріп, ауылдардағы арықтарды тазалап, бақша егетіндердің жерін жыртып, жолын тегістеп беріп келген. Халық қолдап, өздері сайлағандығын бізге жеткізді. Бұл Президент реформаларының өңірде іске асып жатқандығының нақты көрінісі деуге болады. Мұндай мысалдар аз емес. 
- Сайлауға баратын халыққа қолайлы жағдай жасау – тікелей міндетіміз дедіңіз. Қазір халықтың сайлауға бару деңгейі қалай? Естуімізше, өткен жылдан бастап шақыру қағаздарын жаңа форматта шығара бастапсыздар...
- Сыр өңірі кез келген саяси науқанда ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетіп келеді. Ауыл, аудан әкімі, депутаттар мен Президент сайлауында ауылдық жердегі азаматтардың дауыс беру белсенділігі жоғары екенін өзіңіз де көріп жүрсіз. 
Мәселен, Сырдария ауданында тұратын 103 жастағы қарт сайлаушымыз Яхия Тасыров 80 жылдан аса саяси науқандарға үзбей қатысып келеді. Учаскеге алғаш келуші азамат ретінде де майдангер ақсақалымызға комиссия мүшелерінің құрметі зор. 
Отбасымен бірге келіп, таңдау жасауға асығатындар сайлаушылар да аз емес. Мәселен, Жаңақорған ауданындағы Қыраш ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Сұлтанхан Ақылбеков есімді ағамыз 20 жылдан аса немерелерін ерте келіп отбасымен бірге өз таңдауын жасап, азаматтық үн қосып келеді.
Өткен жыл ел үшін маңызды шешім қабылдайтын АЭС салу мәселелеріне арналған референдумда Қызылорда облысындағы дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың 405892-сі, яғни82,2 пайызы учаскеге келіп, таңдау жасады.
Біз сайлаушыларды ел үшін маңызды науқандарға шақыру үшін түрлі форматта ақпараттық жұмыстарды үйлестірдік.
Жаңа үлгідегі шақыру қағаздарынаQR белгісі қосылды. Сондай-ақ, бұрынғыдай емес шақыру қағаздары әр үйге және әр азаматқа таратылды.
Сонымен қатар азаматтардың өз учаскесіноңай анықтауға мүмкіндік беретін referendum.orda.gov.kz сайты, «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшалары іске қосылған болатын. 
Референдум кезінде 109 бірыңғай call орталықтың байланыс қызметі 24/7 жұмыс жасап, 1000-ға жуық қоңырауға жауап берді. 
Дауыс беру күні тізімде жоқ азаматтарды тіркеу қызметімен айналысатын 5 учаскеде онлайн сервис ашылып, азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді тексерудің онлайн-сервисін орнату үшін 169 сайлау учаскесі жұмысістеді. Мұның бәрі сайлаушылардың уақытын үнемдеу жолында жасалған қадамдардың бірі. 

микс.png

- Жасыратыны жоқ, сайлауға өз аяғымен баратын азаматтардан бөлек мүгедектігі бар сайлаушылардың учаскеге келуі үлкен проблеманың бірі. Оларға кедергісіз орта қалыптастыру тікелей міндеттеріңіз екенін ескерсек, қазіргі ахуал қалай?
- Облыстағы барлық 380 учаске 1-қабатта орналасқан. Өндірістік және режимдік нысандарды есепке алмағанда барлық учаскелер қолжетімділік картасына енген. Мүгедектігі бар сайлаушылар үшін арнайы құрылғылар, көру қабілеті төмен азаматтар арнайы трафареттермен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, инватакси, сурдоаударма, ымдау тілінің мамандарының қызметі де жолға қойылған. Мәселен, Қызылорда қаласында тұратын Анаргүл есімді сайлаушымыз 8 жылдан бері инватаксидің қызметін пайдалану арқылы науқандарға қатысып келеді. Дауыс беруші азаматтарға қолайлы және тең мүмкіндік ұсыну – біздің міндетіміз.
Президент пәрменімен 2023 жылы сайлау комиссиялары кәсіби негізде тұрақты жұмыс жасауға көшті. Бұл өз кезегінде әрбір саяси науқанды өткізетін комиссия мүшелері үшін үлкен жауапкершілік жүктеді. Соның нәтижесінде 31 комиссия мүшесі тұрақты жұмыс атқаруда. Яғни бұрынғы жылдармен салыстырғанда кадрлар құрамы 1,7 есеге өсті. 
Өткен жылы облыс, қала, аудандық сайлау комиссиялары мен учаскелік комиссия мүшелерінің құрамы жаңадан жасақталды.
- Қоғамда комиссия мүшесі болуға асығатындар аз емес екен. Олардың білім-деңгейлері қаншалықты талданады?
- Өңірдегі сайлау жүйесінде 3385 комиссия мүшесі еңбек етеді. 380 учаскеде 2652 комиссия мүшесі қызмет атқарады. Ал, 134 округтік комиссияда 670 мүше бар. Ал, аумақтық сайлау комиссияларында 63 маман қызмет етіп жүр. 
ҚР Сайлау туралы Конституциялық заңның 10-бабына сәйкес комиссиялар 5 жыл мерзімге сайланады. Әлбетте, олардың білім деңгейіне, кәсіби біліктілігіне жеткілікті деңгейде мән беріледі.
Орталық сайлау комиссиясының аппараты өңірлерге инспекторлық сапарлар жасап, комиссия құрамындағы мүшелерге оқу-әдістемелік көмектер беріп келеді. 
Комиссия мүшелеріне офлайн және онлайн форматта каскадтық әдіспен оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Бірнеше кезеңді қамтитын оқуға 63 аумақтық комиссия мүшелері оқытылып, біліктілік деңгейін анықтайтын тестілеуден өткізілді. 
Ал, қала және аудандардағы көшпелі оқытуға аумақтық сайлау комиссиясының 56 мүшесі мен учаскелердегі 1692 комиссия мүшесі қамтылды. Қалған 960 комиссия мүшесіне каскад әдісімен оқыту жүргізілді. 
Барлық 3385 комиссия мүшесінің біліктілік сертификаты бар. Сондай-ақ, арнайы жаттықтырушы сертификатқа ие 16 тұрақты комиссия мүшесі спикерлер пулының құрамына енді.
Оқыту-семинары іскерлік ойын элементтері форматына негізделіп, комиссия мүшелерінің практикалық кейстерді талқылауы және қолданыстағы заңнамалардың сақталуына баса мән берілді. 
Комиссия мүшелерінің білім деңгейін жетілдіруге арналған оқыту жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.

- Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Айдос Мырзалы 

 

 

Фото: автордікі
 

Тағы да оқыңыз: