Kyzylorda-news.kz Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы атындағы «Әдебиет теориясы» дәрісханасы ашылды.
Салтанатты шараға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай, облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, облыстың зиялы қауым өкілдері, оқытушы-профессорлар, ғалымның әріптестері, достары мен шәкірттері қатысты.
Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Жандос Базартай профессор Бағдат Кәрібозұлының ғылыми мұрасы мен ұстаздық жолы жас ұрпаққа үлгі екенін атап өтіп, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Кәрібек Дәулет Жамаубайұлының жүрекжарды құттықтауын жеткізді.
Сондай-ақ салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет құттықтау сөз сөйлеп, аймақ басшысының ізгі тілегін жеткізді.
Жаңадан ашылған дәрісхана – ғалымның әдебиет пен ғылымға арнаған ғұмырлық еңбегіне көрсетілген зор құрметтің, ұлағатты ұстазға деген тағзымның айқын көрінісі болды.
«AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында отандық авторларға қолдау көрсету және шығармаларын насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретін болады.

