Kyzylorda-news.kz Қызылорда қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Адал еңбек – нәзік жандар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – қоғамдағы әйелдердің рөлін айшықтау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін ортаға салу болды.
Іс-шараға ҚХА жанындағы Республикалық Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай, Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының психологы Айсұлу Нұрманбаева, Отбасы қолдау орталығының маманы Айгүл Мешітбаева, облыстық Полиция департаментінің өкілі, полиция майоры Замира Сайгондықызы, сондай-ақ коммуналдық қызмет өкілдері мен әлеуметтік көмек алушы азаматтар қатысты. Жиынды облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Айгүл Мұсабаева жүргізді.
Баян Ахатай өз сөзінде жастарды еңбекке баулудың маңызына тоқталып, отбасының тұрақтылығы мен ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілік жайында ой қозғады. Оның айтуынша, соңғы жылдары отбасы институтына әсер ететін келеңсіз факторлар – ажырасу деңгейінің артуы, нашақорлықтың жасаруы – алаңдатарлық жағдай. «Өркениетті қоғамның негізі – мықты отбасы. Ал берекелі отбасының тірегі – адал еңбек. Сондықтан ата-ана да, жас ұрпақ та осы құндылықтарды жадында ұстап, өнеге етуі тиіс», – деді ол.
Жиында қатысушылар нәзік жандардың қоғамдағы орнын, еңбектегі қажыр-қайратын атап өтіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін талқылады. Сонымен қатар облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Қаламқас Каримоваға туған күніне орай гүл шоқтары табысталды.
Шара аясында психологиялық тренинг ұйымдастырылып, дөңгелек үстел жұмысы қорытындыланды. Басқосу соңында әйелдердің адал еңбегін бағалау мен қоғамдағы мәртебесін көтеру – баршамыздың ортақ парызымыз екендігі ерекше атап өтілді.