Kyzylorda-news.kz Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған кездесу өтті. Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, заң ғылымдарының магистрі, аға оқытушы Қуаныш Жарекеев Ю-23-3 және Ю-24-1у топтарының студенттеріне «Адал еңбек, адал табыс, адал адам» тақырыбында терең мазмұнды дәріс оқыды.
Заманауи қоғамда ауқымды өзгерістер жүріп жатқан шағында еңбектің адалдығы, табыстың таза жолмен келуі және адами құндылықтардың сақталуы бұрынғыдан да өзекті. Дәл осы мәселелерді талқылаған Қуаныш Жарекеев студенттерге құқықтық нормалар мен адамгершілік қағидаттарының бір-бірімен тығыз байланысын мысалдар арқылы түсіндірді. Ол еңбекке адал көзқарастың әр азаматтың кәсіби жолындағы басты ұстанымға айналуы қажет екенін атап өтті.
Дәріс барысында спикер Қазақстан қоғамындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат, еңбек заңнамасының негізгі талаптары және жастардың жауапкершілігін арттыру тетіктері туралы кең көлемде ақпарат берді. Студенттер белсенділік танытып, пікір алмасуға қатысып, күнделікті өмірде адалдық принциптерін қалай қалыптастыруға болатыны жөнінде сұрақтар қойды.
