Kyzylorda-news.kz Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деген еді.
Әрине, әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір азаматтың кәсібіне деген жауапкершілігінен бастау алары сөзсіз. Мезгілдің қолайсыздығына қарамайтын, қоғамға қайтсем де пайдам тисін деп жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, елді мекеннің көркеюі жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар Жалағаш ауданында да аз емес. Солардың бірі – аудандық ветеринариялық станциясындағы Мәдениет ауылының ветеринар дәрігері Қыдырәлі Бекетов.
Ол 1963 жылы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Ауылда өскен соң ба, бала кезінен мал бағып, төрт түліктің бабын жасаған. Сөйтіп мектепті бітірген соң Қызылорда совхоз-техникумына «мал дәрігері» мамандығы бойынша оқуға түсіп, білімін жалғастырады. Оны үздік бітірген соң ауылына оралып, 2 жыл әскери борышын өтеуге аттанады.
Ол әскерден оралғасын еңбек жолын туған ауылында совхоздың өндіріс бри-гадасында қарапайым жұмысшы болып бастайды. 2012 жылдан бастап мал дәрігері ретінде М.Шәменов, Мәдениет елді мекендерінде қызметін жалғастырады. Еңбек адамы сол уақыттан бастап аудан әлеуеті үшін тынбай еңбек етіп келеді.
– Кез келген жұмысқа немқұрайлылықпен қарау – табиғатыма жат дүние. Бала кезімнен төрт түлікке жақын өскендіктен болар, сүйікті ісімнен бір елі ажырағым келмейді. Адал еңбектің арқасында жетістікке жетуге болатынын білемін. Міне, талай жыл ветеринария саласында қызмет етудемін. Тынбай тер төгудің арқасында біраз нәрсе үйренгендеймін. Жаңашылдыққа үнемі оң көзбен қарап, өз білімімді үнемі толықтырып отырдым. Ветеринария саласын дамытуда әлемдік желідегі жаңашылдықтың барлығын бақылап, өзімізге пайдалануға тырысамын. Осылайша жұмысымыз жалғасын табуда. Ұзақ жылдан бері бір мекемеде жұмыс істеп келемін. Өзіме ұнайды, өз ісіммен мақтанамын. Әрбір адам өз жұмысына адал болып, соңына дейін жеткізу қажет. Қай жұмыстың да оңайы жоқ. Кейінгі жастарға да үнемі осыны айтып отырамын. Қиындық кез келген жұмыста болады. Барлығы төзімділік пен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге де болмайды. Адам тұрақты болуы керек. Өзіме ыңғайлы, жалақым да көңілге қонымды. Басшылық тараптан еңбегіміз еленеді. Еңбек адамына бұдан артық не керек? – дейді кейіпкеріміз.
Асқар тау әкесінің «Балам қандай жұмыс істесең де шын ынтаңмен істе, ешқашан жалқауланба, себебі ол – сенің жейтін наның» деген өсиет сөзін бойына бойтұмар еткен ол жұмысына өте жауапкершілікпен қарайды. Әріптестері «Қыдыкеңнің жауапкершілігі мол азамат екенін күнде көріп жүрміз. Ол – сондай-ақ адал мінезді, жомарт жан» деп тәнті болады екен.
Бір отбасының тірегі, төрт баланың әкесі Қыдырәлі Бекетовтың еңбегі елеусіз қалған емес. Облыс, аудан басшыларының марапаттары, алғыс хаттары – жоғарыдағы сөзіміздің дәлелі. Еңбек күні қарсаңында өткен «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты шарада да кейіпкеріміз облыс әкімінің алғыс хаты мен ақшалай сылығын иеленіп, құрметке бөленген болатын.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы өте орынды. Өйткені нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Еңбек адамы қашанда қоғамның мақтанышына айнала бермек.
Жандос ЖАЗКЕН