Kyzylorda-news.kz Қазақстанда азаматтық қоғамды нығайту мен құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда еліміздің барлық аймақтарында «Адал азамат – белсенді қоғам» жобасы аясында жобалық кеңселері өз жұмысын қарқынды жүргізіп жатыр. Қазақстанның Азаматтық Альянсының бастамасымен қолға алынған бұл маңызды жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асырылуда.
Бұл бастама Сыр өңірінде Қызылорда облысының Үкіметтік емес ұйымдары альянсының базасында Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасы және Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен жүргізілуде. Жобалық кеңсе жергілікті үкіметтік емес ұйымдар, бастамашыл топтар және белсенді азаматтар үшін бірнеше қызметтер түрін қарастырды. Мұнда кез келген белсенді азамат, қоғамдық ұйым өкілдері өз жобаларын ілгерілету үшін жан-жақты көмек ала алады: консультациялық көмек (жобаларды жоспарлау мен ұйымдастыру); құқықтық қолдау (заңнамалық мәселелер мен құжаттандыру); қаржылық кеңестер (гранттармен жұмыс және есептілік); әдістемелік көмек (тренингтер, семинарлар мен тиімді құралдар). Басты мақсат - азаматтық бастамалардың сапасын арттыру және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайту.
Жоба аясында ұйымдастырылатын дәстүрлі семинарлар, тренингтер мен жеке кеңестерден бөлек, аймақта арнайы пікірталас клубы құрылды. Бұл клуб үшінші сектордың өзекті мәселелерін, қоғамдағы түйткілдер мен жаңа мүмкіндіктерді талқылайтын, сондай-ақ азаматтық құндылықтар мен қарым-қатынастарды дәріптейтін ашық диалог алаңына айналды.
Қазіргі уақытқа дейін дискуссиялық клубтың төрт отырысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Оның жұмысына белгілі қоғам қайраткерлері, академиялық орта өкілдері, ғалымдар мен кәсіпкерлер белсенді қатысып, өз ойларын ортаға салды. Мысалға, Нартай Бекежанов атындағы академиялық музыкалық-драма театрының директоры Мұхтар Ниязов өз сөзінде ұлттық мәдени кодтың азаматтық сана-сезім мен шынайы патриотизмді қалыптастыруға тигізетін тікелей әсері мен маңызына кеңінен тоқталды. Еңбек заңнамасы мәселелері жөніндегі ұлттық сарапшы, Тұрақты даму агенттігінің директоры Майра Боранбаева еңбек тәртібін нығайту, тәлімгерлік институтын дамыту және еңбек дауларын шешудегі заманауи цифрландыру мүмкіндіктерін өзектендірді. Белгілі тарихшы, ғалым Асхат Сайлау үкіметтік емес ұйымдардың жобалары аясында тарихи тақырыптарды қозғаудың маңыздылығын атап өтіп, қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған бірқатар механизмдерді ұсынды. Журналист Айткүл Шалғынбаева ақпараттық кеңістікті талдауды үйретуге бағытталған ҮЕҰ жобаларының маңыздылығын атап өтті.
«Адал азамат – белсенді қоғам» жобасы Қызылорда облысындағы үшінші сектордың әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындардың азаматтық белсенділігін жаңа деңгейге көтеруде. Мұндай ашық алаңдар мен тұрақты қолдау тетіктері елімізде әділетті, ашық және дамыған азаматтық қоғам құрудың берік негізі болып табылады. Дискуссиялық клубтың тұрақты аудиториясы қалыптасқаны өте маңызды. Қатысушылардың пікірлері ұсыныстар ретінде жинақталып, мемлекеттік органдарға жолданады.
