Kyzylorda-news.kz Республикалық, өңірлік және қалалық жалпыұлттық коалиция өкілдері Руслан Рүстемов, Гүлшат Мұсаева, Бақытбек Алпысбаев, Қуат Шарабадинов, Асылжан Жаманқұл және Ерлан Алтаев Абылайхан атындағы колледжінің ұжымымен, оқытушылар қауымымен кездесті.

Республикалық коалиция өкілі Руслан Рүстемұлы жаңа Конституция жобасының халықтың талап-тілектері мен сарапшылардың пікірлері, саяси партиялардың пайымдары ескеріле отырып, жазылған жоба екенін атап өтті. 2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында реформаның жалпы тұжырымдамасы жарияланып, қоғамдық талқылаулар нәтижесінде түзетулер ауқымы бастапқы жоспардан әлдеқайда кеңейгені белгілі болды. Соның негізінде Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына 130 адам – қоғамның барлық саласының өкілдері кірді. 

Осы бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, оның құрамына заңгерлер, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері енгізілді. Сонымен қатар азаматтар eGov және e-Otinish порталдары арқылы өз ұсыныстарын жолдап, талқылау процесіне белсенді қатысты. Соның бір дәлелі - шиелілік тұрғынның Гимн сөзін Әнұран деп өзгерту бойынша ұсынысының қабылданғанын да көріп отырмыз. 

Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – адам құқықтарына басымдық берілуі. Құжаттың Преамбуласында бірлік, татулық, этносаралық және конфессияаралық келісім мемлекеттіліктің негізі ретінде бекітілген. Егемендік, Тәуелсіздік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық мызғымас құндылықтар ретінде айқындалғанын атап өтті. 

– Жобада неке ерікті және тең құқықты ер мен әйелдің одағы екенін нақтылайды. Бұл дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғауды күшейте отырып, әйелдердің құқықтарын құқықтық тұрғыдан нығайтады. Дін мен мемлекеттің ара-жігі айқын ажыратылып, білім беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген. Сонымен қатар ұлттық мәдениетті қолдау және тарихи мұраны сақтау конституциялық деңгейде негізгі қағидаттардың біріне айналды, – деді қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Гүлшат Исақызы.

Оқытушылармен кездесуде өңірлік коалция өкілі Бақытбек Алпысбаев жаңа Конституция жобасы – ашық талқылаулар мен азаматтық белсенділіктің нәтижесі екенін айтып, құжатта қоғамнан түскен мазмұнды ұсыныстар көрініс тапқанын жеткізді. Оның өзі де аталмыш жобаға ұсыныстар жібергенін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: