Kyzylorda-news.kz. Саяхат – қанша ақша шығындасаң да, өзіңді одан бірнеше есе бай қыла түсетін жалғыз нәрсе. Соңғы жылдары осы бағытта туристік агенттік ретінде кәсібін дөңгелетіп қана қоймай, мыңдаған адамға ерекше әсер сыйлап, тур арқылы өзін де, өзгені де байытып жүргендер көбейіп келеді. «Қозғалу, зерттеу, саяхаттау – өмір сүру дегеніміз осы» дейді Ганс Христиан Андерсен. Тарихи мекендерді танытып, талайдың өмірінде саяхаттауды әдетке айналдыруға септігін тигізіп жүрген Абылай Шайхыслам – «Orda travel» туристік агенттігінің иесі.

Жас болса да бас болып, жауапкершілігі жоғары жаңа салада өзін сынап жүрген азаматтың айтуынша, саяхаттауға, демалуға қаржысын аямайтындар қатары артып келеді. Агенттік ұйымдастыратын турлар жайлы ақпаратты инстаграм әлеуметтік желісіндегі orda_travel парақшасынан білуге болады. Тіпті, мұнда саяхатқұмар оқырманның саны 20 мыңнан асқан.

Айта кетейік, агенттік 2020 жылы желтоқсан айынан бастап жұмыс істеп келеді. 2022 жылға дейін де үзіліссіз саяхаттар жүргізіліп, біраз қызылордалықтарды қуантуда. Турдың иесі Абылай Шайхысламның негізгі мамандығы – ғылыми математика. Дегенмен ол қазіргі таңда мыңдаған адамға ұмытылмас әдемі әсер сыйлап, өміріне ерекше леп әкелетін рухани, физикалық демалдыратын тур агенттіктің жұмысын толықтай қолға алған. Үлкен қалалардағы тур агенттіктердің жұмысы жанданып жатқанын көрген ол жеке өзі осы саланың қыр-сырына үңіліп, өңірдегі алғашқы турларды ұйымдастыра бастаған.

Агенттіктің ең алғашқы саяхаттау нүктесі – Шымкент қаласы маңындағы Тау самалының қысқы шаңғы базасы болыпты. Шымкент пен Түркістан қалаларындағы негізгі 5 локация: Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Гаухар ана, Отырар қаласы, жаңа Венеция аталып кеткен Керуен сарайы. Қазіргі таңда тур арқылы Өзбекстан мемлекетінің екі ірі қаласы Ташкент пен Самарқанд қалаларына да жол ашылды.

«Біздің туристер Алматы облысын¬дағы Көлсай – Қайыңды – Ша¬рын локацияларына жиі барады. Жылдың әр мезгілінде Бурабайға, Шымкенттің көптеген локацияларына түрлі тур ұйымдастырдық. Осы аптада 160-ыншы турды ұйымдастырып, аяқтадық. Және де осы уақытқа дейін бізбен бірге 13000-ға жуық қызылордалық, астаналық туристер саяхат жасады. Әсіресе, бұл тур астаналықтарға ерекше ұнайды. Біздің турдың ерекшелігі – әншілер, өнер адамдарының гид болуымен көңілді сапар болуында әрі тарихи құндылығында. Себебі біздің гидтер саяхат барысында түрлі мекеннің тарихына тоқталып, сол жерге қатысты аңыз-әңгімелермен таныстырып өтеді, яғни жерлестеріміз тек қана демалып қайтпайды, сонымен бірге танымын кеңейтіп, жаңа ақпараттарға қанығып, тарихтан сусындайды. Сондықтан бір рет бізбен саяхаттаған жан қайтадан жаңа сапарға шығуға асығып, жаңа мекенмен танысқысы келіп жүреді. Бұл – біз үшін де үлкен қуаныш»,– дейді кейіпкеріміз.

Тур агенттіктер шетелдерге шығатыны да жасырын емес. Соның ішінде Өзбекстанға алғашқы сапар 2021 жылы қазан айында басталған. Содан бері бұл мекен де туристердің сүйікті орнына айналды. Абылайдың айтуынша, алдағы уақытта

Қырғызстан мемлекетіндегі Бішкек қаласының таулы аймақтарын аралау да жоспарда бар.

«Алматының таулы локацияларына баруға сұраныс көп. Ташкентке барамын деушілер де күннен күнге көбеюде. Себебі ол елдің тарихи мекендерінен бөлек «Magic city» аталып кеткен Диснейленд қалашығы ерекше сұранысқа ие. Бәрі сол үшін барады. Алдағы уақытта саяхат бағыттарын одан әрі көбейтеміз деген ойдамын», – дейді маман.

Турдың жұмысын жандан¬дырып отырған топтың құрамында 20 шақты маман бар. Бірі мобилограф, бірі менеджер, бірі ұйымдастырушы, бірі көлік жүргізуші болса да, мақсат ортақ – саяхаттауға шыққан адамға сапардың сапалы болуын қамтамасыз етіп, жайлы демалыс сыйлау, естен кетпейтін естеліктер жасауға атсалысу. Сонымен бірге барлық бағыттағы турдың бағасына бару-келу жолы, гид қызметі, сапарға арналған бағдарлама кіреді екен. Мүмкіндік барда, неге пайдаланбасқа? Алтыдағы баладан алпыстағы қартқа дейін саяхаттауына мүмкіндік сыйлап жүрген агенттіктің жұмысы жаз маусымына орай одан сайын жанданатыны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: