Kyzylorda-news.kz Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дінмұхамбет Сырлыбаев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне І жартыжылдықта салада атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар бойынша баспасөз конференциясын өткізді.

Биыл бас жоспардың қолдану мерзімі аяқталады. Соған байланысты жоспарды жаңалау мақсатында өткен жылы әзірлік шаралары басталды. Сызба жұмыстарын ашық конкурс арқылы жеңімпаз атанған Алматы қаласының «Казгипроград» 1 жобалау институты» ЖШС жүргізуде. Жобаның 1 кезеңінде жоспардың концепциясы жасақталса, бүгінде жобаның 2 кезеңі басталып, жобалаушы мекеме тарапынан Бас жоспарды әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Тасбөгет кенті, Қызылжарма ауылдық округі, Досан ауылының Бас жоспарын әзірлеу қолға алынды.

- Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, қала аумағындағы ғимараттардың сыртқы келбетін ретке келтіру, абаттандыру, жерді мақсатсыз пайдалану және заңсыз құрылыс жұмыстарын болдырмау мақсатында қала әкімдігі жанынан құрылған арнайы жұмысшы топ бақылау шараларын жүргізуде. Есепті кезеңде 158 нысанда заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, «Айзада Плаза» СҮ-нің қосымша құрылысы және «Қызылорда» қонақ үйінің екінші қабатынан салынған терасса құрылысы, Астана даңғылы мен А.Иманов көшесінің қиылысындағы артық қоршау және Н.Ілиясов көшесінің бойындағы жазғы кафе бұздырылды. Ал, мемлекеттік меншіктегі жер телімдерін заңсыз иелену фактілері бойынша жер қатынастары саласындағы уәкілетті органмен бірлесе отырып, 77 құқықбұзушылық анықталды. Мәселен, тиісті рұқсат қағаздарын рәсімдемей И.Журба көшесінің бойындағы қызыл сызықпен қабаттаса салынған көлік жуу ғимараты мен Иса Тоқтыбаев көшесі бойындағы сауда нысаны соттың шешімі негізінде бұзылды,- деді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және аббатандыру қағидаларына сәйкес, заңсыз мемлекет жерін иеленген, мемлекет мүлкіне зиян келтірген, өз бетінше құрылыс жұмыстарын жүргізген, ортақ пайдалану аймағын ластаған тұлғаларға қатысты 954 хаттама рәсімделген.

Тағы да оқыңыз: