Kyzylorda-news.kz  Қазалы ауданы Руханият орталығында 10 тамыз – Абай күніне орай қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын ұлықтауға арналған «Хакім Абайдың аманаты» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Тағылымды іс-шараға аудан әкімі Алмасбек Есмаханов қатысып, ұлы ақынның мұрасын дәріптеудің маңызына тоқталып, көпшілікке ізгі тілегін жеткізді.

Қазалы Абай мұрасы 3.jpg

– Абай – қазақ халқының ғана емес, адамзат өркениетінің ой-санасына өзіндік із қалдырған ұлы тұлға. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Абайдың мұрасын жоғары бағалап, ұлы ақынды – «Абай – еліміздің ғана мақтанышы емес, әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға» деп, халқымыздың мәдениеті мен ұлттық санасының жаңғыруына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер деп атап өткен болатын. Бүгінде ауданымызда Президентіміздің, Үкіметтің және облыс әкімінің қолдауымен мәдениет пен өнерді, әдебиет пен ұлттық құндылықтарды насихаттауға айрықша мән беріліп келеді. Өткен жылы ауданда Сыр өңірінде жарияланған «Руханият жылы» дәл қазір өздеріңізбен бірге тағылымды шара өткізіп жатқан - неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бірліктірілген «Руханият орталығы» ғимараты пайдалануға берілді. Роза Бағланова атындағы 600 орындық аудандық Мәдениет үйі, Кәукей және Майдакөл ауылдарында 100 орындық жаңа ауылдық клубтар салынып, бүгінде тұрғындар жаңа ғимараттардың игілігін көруде. Өткен жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Қазалы ауданында бірқатар ауқымды мәдени іс-шаралар өткізілді. Бүгінгі қазақтың дара тұлғасының туған күніне орай ұйымдастырылып жатқан әдеби-сазды кеш – ұлы ақынның шығармашылығын дәріптеп қана қоймай, оның терең ойларына қайта үңіліп, рухани әлеміне бойлайтын тағылымды басқосу болмақ. Ұлы ақынның мұрасы елді білімге, еңбекке, бірлікке, әділетке бастай берсін! Жастарымыз Абай армандаған білімді, бәсекеге қабілетті, парасатты ұрпақ болып өссін! Еліміздің руханияты асқақтап, ұлттық құндылықтарымыз ұлықтала берсін, - деді аудан әкімі Алмасбек Әбілқасымұлы.

Кеш барысында көрермен назарына Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын арқау еткен бейнеролик ұсынылып, ақынның өмірлік ұстанымы мен ұрпаққа қалдырған аманаты сахналық көрініс арқылы әсерлі жеткізілді.

Әдеби-сазды кеште Абайдың қара сөздерінен үзінділер оқылып, ақынның адамгершілік, білім, еңбек, талап, бірлік пен елдік туралы терең ойлары кеңінен насихатталды. Жас ақындар мен оқушылар хакімнің тағылымды сөздерін көрерменге жеткізді.

Қазалы Абай мұрасы 4.jpg

Сондай-ақ кеш барысында Абайдың қазақ музыка өнеріне қосқан өлшеусіз үлесін айшықтайтын «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Бойы бұлғаң» сынды әндері орындалып, ақынның сырлы да сазды мұрасы дәріптелді.

Кештің мазмұнын Абай поэзиясындағы махаббат, адамгершілік пен адалдық тақырыптарына арналған жастар диалогы толықтыра түсті. Жастардың өзара сұхбаты арқылы ақынның «Махаббатсыз дүние бос» деген тағылымды ойының бүгінгі қоғам үшін де мәні зор екені көрсетілді.

Іс-шара басталмас бұрын шараға жиылған қонақтар Абайдың рухани әлемін танытатын ерекше көрмелермен, ұлы ақынның рухани мол мұрасымен танысты. 

Тағы да оқыңыз: