Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Базартай Жандос Нұртайұлы Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында Бесарық ауылында орналасқан «Абай-Дәулет» серіктестігі жанынан жаңа бастауыш партия ұйымын құрды.

Іс-шараға «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, «Абай-Дәулет» серіктестігінің директоры Мұрат Сәрсенбаев, аудандық филиалдың атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық мәслихат депутаты Гүлнұр Тлеубергенова қатысты.

Кездесу барысында бастауыш партия ұйымының алдағы жоспарлары және партиялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар таныстырылды.

Серіктестік мүшелері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салып, партиялық жобалардың тиімділігі жөнінде пікір алмасты.

Жандос Нұртайұлы өз сөзінде бастауыш партия ұйымдарының партия жұмысындағы рөліне тоқталып өтті.

«Бастауыш партия ұйымдары – партияның халықпен байланысын нығайтатын негізгі буын. Әрбір бастауыш партия ұйымы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін жинақтап, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етуі тиіс. Бүгінде «AMANAT» партиясы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты жобаларды жүзеге асырып келеді. Осы жұмыстардың нәтижелі болуы бастауыш партия ұйымдарының белсенділігіне де тікелей байланысты. Сондықтан жаңа құрылған ұйымның алдағы қызметіне үлкен сенім артамыз», – деді партияның облыстық филиалының төрағасы.

Кездесу барысында қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысы, «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам», «Ардагерлерді ардақтайық» және өзге де партиялық жобалардың жүзеге асырылу нәтижелері туралы ақпарат берілді.

Өз кезегінде серіктестік директоры Мұрат Сәрсенбаев ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ұжымның партия бастамаларын қолдайтынын атап өтті. Оның айтуынша, партиялық жобалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң ықпалын тигізуде.

Жиын барысында бастауыш партия ұйымының мүшелері қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді қатысуға дайын екендіктерін білдіріп, елдің дамуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға өз үлестерін қосатындарын жеткізді.

Кездесу соңында облыстық филиал төрағасы бастауыш партия ұйымының мүшелерімен еркін ой алмасып, ұйым жұмысын жетілдіру бағытындағы ұысынстарын тыңдады. Сондай-ақ бастауыш партия ұйымының алдағы жұмысына сәттілік тілеп, партияның негізгі мақсаты халықтың мүддесіне қызмет ету екенін атап өтті.

Төраға кездесу соңында бірқатар азаматқа партиялық билет және Алғыс хат табысталды.

Тағы да оқыңыз: