Kyzylorda-news.kz. Жыл көлемінде Арал аудандық «Жастар ресурстық орталығы» аудан бойынша көпшілік-мәдени ісшаралардан бастап, қайырымдылық шараларын да қалыс қалдырған емес. Ақпараттық-мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарды ақпараттандырып, сонымен бірге белсенділер бойынша жүйелі жұмыс істеп келеді. Бұл туралы орталықтың директоры Абай Әбілбаев айтып берді.
Өткен жылғы ауданда орын алған қуаңшылық кезеңінде аудан белсенділері болып тұрмысы төмен отбасыларға, сонымен бірге ауылдық округтерге шөп тасу бойынша көмек көрсетілген. Биыл жаз мезгілінде орталық алаңда жастарға арнап түрлі іс-шаралар ұйымдастырумен қатар, шағын мөлтек аудан жастарына арнап қызықты кештер ұйымдастырылды.
«Көлемді шаралардан да жастарды қалыс қалдырмадық. Мәселен, тұрақты түрде спорттық, кездесу, семинар-тренингтер мен көшбасшылық бойынша мектеп, колледж жастары арасында үздіксіз кездесулер ұйымдастырылып келеді. Жалпы жыл көлемінде ұжым болып 125 шара ұйымдастырып, оған 4837 жасты қамтыдық. Сонымен бірге жыл басынан орталық 12 бағыт бойынша жоба әзірлеп, жоба бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіліп келеді», - деді Абай Сәкенұлы.
Ол жастар саясаты бойынша алғаш 2013 жылы Жастар съезінің делегаты болғанын тілге тек етті. Сонымен бірге колледж қабырғасында жүрген сәттерде де біршама жетістіктерге жеткенін айтты.
«2017 жылы Ақтөбе облысы әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталсам, 2019 жылы Ақтөбе облысы жастар басқармасы басшысының Алғыс хатын алдым. Сондай-ақ 2019 және 2020 жылдары сол кездегі аудан әкімі М.Оразбаевтың Алғыс хаты, 2021 жылы Қызылорда облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекованың Алғыс хатын алған болатынмын. Осы 2022 жылы жуырда өткен жастар форумында Қызылорда облысы әкімі Н.Нәлібаевтың Алғыс хатымен марапатталдым», дейді көшбасшы.
«Жастар саясаты» жайында жаңа Заң қабылданғаны белгілі. Яғни, бүгінге дейін 18 бен 29 жас аралығы бойынша жұмыстар қайта қаралып, 35 жасқа дейін ұзартылмақ.
«Сенат депутаттары Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында жастардың жастық межесін 35 жасқа дейін ұлғайту туралы заң жобасы талқыланған болатын. Әрине, бұл дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі алдағы уақытта 35 жасқа дейінгі тұлғалар да жастар саясатына арналған барлық дерлік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндігі бар. Бұл дегеніміз алдағы уақытта қоғамның қозғаушы күші жастарды қолдауға беріліп отырған үлкен мүмкіндік деп білемін. Мемлекеттік жастар бағдарламасын кеңінен дамытуды қолға алмақпыз. Сонымен бірге аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында арнайы креативті жобаларды іске асырып, жастар саясатын дамыту бойынша алдағы уақытта біршама жұмыстар атқарылмақ», - деді орталық директоры Абай Әбілбаев.

