Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы мен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Ляззат Сүлеймен Шиелі ауданына іс-сапармен барды.

Депутаттар алдымен “Аруана” шұбат өңдеу цехында болды. Аталған зауыт күніне 1 тонна сүт өнімдерін өндіреді. Қазіргі таңда сиыр, түйе сүтінен шұбат, құрт, ірімшік, балмұздақ тағамдарын өндіріп, ауданнан бөлек көршілес облысқа өз өнімдерін сатуда. Өндіріс орнының бас технологі Баян Сабырқызы депутаттарға өндіріс жайлы толық мәлімет берді.

Халық қалаулылары осыдан кейін құны 64 млрд теңгені құрайтын “Гежуба-Шиелі» цемент зауытына ат басын бұрды. Мұнда меймандарды зауыт директорының орынбасары Фу Минг күтіп алып, өндіріс орындарының мүмкіндігімен толық таныстырды.

“Гежуба” цемент зауыты іске қосылған күннен бастап 500 мың тоннадан астам цемент өнімін өндірген. Соның 30 процентін Өзбекстан республикасына экспорттаған. Мұнда 95 пайыз жергілікті азаматтар жұмыс істейді.

Парламент депутаттары жаңа аудандық аурухананың да жұмысымен танысып, ондағы дәрігерлермен сұхбаттасып, соңғы үлгідегі технологиялардың жұмысын көрді. Өз кезегінде аудандық аурухана басшысы, аудандық мәслихат депутаты Нұрлан Әмір күн тәртібінде тұрған бірқатар мәселелерді көтерді.

Сенат депутаттары мұнан соң Шиелі индустриалды-аграрлы колледжіне барды.

Шиелі индустриалды-аграрлық колледжі болашақ мамандарды жоғарғы деңгейдегі білім сапасымен қамтамасыз етуде. Сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру кадрларының бәсекеге қабілеттілігін көтеру басты мақсаттарының бірі. Жастарды еңбекке құрметпен қарауға тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатуда. Сондықтан болар, бұл оқу орны қоғам сұранысын өтеп, өндіріс орындарына 10 түрлі мамандық, 42 біліктілік бойынша мамандар дайындауда.

Тағы да оқыңыз: