Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев бейнебайланыс режимінде партияның облыстық филиалымен жиын өткізіп, ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді пысықтады.
Жиында партияның облыстық, қалалық және Арал, Қазалы, Жалағаш, Жаңақорған аудандық филиалдарының, облыстық мәслихаттағы депутаттық фракция мен партиялық бақылау комиссиясы жұмысының есебі берілді.
Жалпы облыстық филиалмен жыл басынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Соның ішінде партия айнасы болып табылатын қоғамдық қабылдау бөлмелеріне есепті кезеңде азаматтардан 4880 өтініш түсіп, олардың 72,3 пайызы оң шешілді. 1 317 адамға өтінішіне сәйкес заңнамалық кеңес берілді.
9 айда бекітілген жоспарға сәйкес 614 шара өткізіліп, 41 980 адам қатысты. Оларда әрбір страталарды қамтитын Партиялық жобалар да насихатталып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланды. Соның ішінде «Жер аманаты» жобасы бойынша биылға жоспарланған 70,0 мың гектардың бүгінге 76 377 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, жоспар артығымен орындалды. «Қарызсыз қоғам» жобасы бойынша 9462 адам қаржылық сауаттылықты арттыру курсынан өтті.
Биыл 38 ауылда әкімдер сайлауы жоспарланса, сайлауда 37 ауылдың әкімі лауазымына партиядан ұсынылған үміткерлер жеңіске жетті.
«Жастар рухы» Жастар қанаты да белсенді жұмыс жасап келеді. «Ерікті көмек» жаңа жобасы аясында «109» Қызу желі іске қосылып, шұғыл көмек қажет азаматтарға қолдау жасалуда. Мәселен, есепті кезеңге 200-ге жуық қоңырау келіп түсіп, оның ішінде, қызу желі жобасына сәйкес келетін 70-тен астам әлеуметтік жағдайы төмен, жалғыз басты қарттарға жастар еріктілерімен азық-түлік пен үй ауласына қол көмек жұмыстары жүргізілді.
Партия Хатшысы жалпы атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да партия филиалына Сайлауалды бағдарламаның орындалуын қатаң бақылауға алу, депутаттық фракция жұмысын жетілдіріп, партиялық жобалар, қоғамдық қабылдау, ақпараттық жұмыстарды күшейту секілді бірқатар міндеттер жүктеді.