Kyzylorda-news.kz. Қызылордада полиция қызметкерлері қаңғыбастыққа салынған, тұрғылықты жері жоқ азаматтардың үсіп қалмауын қамтамасыз ету мақсатында алдын алу шараларын жүргізді.
Аймақта ауа райы күрт суытты. Осыған байланысты қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарды жылы жерлерге орналастыру бойынша шаралар қабылдауда. Учаскелік инспекторлар, криминалдық полиция және патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері қаңғыбас азаматтарды анықтау мақсатында құрылысы аяқталмаған ғимараттарға, шатырлар мен жертөлелерге, кәріз құдықтарына тексерулер жүргізуде.
“Көбіне тексеру барысында бұл азаматтардың тұрғылықты мекенжайы мен жақын туыстарының бар екендігі анықталуда. Қаңғыбастыққа салынған кейбір азаматтар өз еріктерімен отбасыларын тастап, көшеде өмір сүруде. Рейдтік шаралар барысында Қызылорда қаласы аумағында қаңғыбастыққа салынған, белгілі бір тұрақты мекенжайы жоқ 455 адам Қызылорда ҚПБ қабылдау-тарату орнына жеткізіліп, есепке алынды. Қызылорда қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығына 20 азамат жеткізілді. Онда орналастырылған азаматтар тегін тамақпен, қажетті медициналық дәрі-дәрмекпен, киім-кешекпен қамтамасыз етіледі”, – делінген хабарламада.