Kyzylorda-news.kz. “Nur Otan”- партиясы алдағы сайлауда ұсынатын жаңа депутаттар корпусының құрамын қалыптастыруға бағытталған праймериз – партияішілік сайлауын өткізді. Осыған орай Қызылорда облысынан праймеризге қатысушылардың бірқатары өз пікірлерін білдірген болатын.

Қызылорда облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Ибадулла Құттықожаев: Біз еліміздің болашағының жарқын болғанын қалаймыз

Бұл сайлауға қатысты түрлі пікірлер айтылуда. Әрине,біздің елімізде алғаш қолға алынған саяси шара болғандықтан оның жетістігімен қатар, кемшін тұстарының болуы да заңды. Биліктің немесе сыртқы  күштердің ықпалын мейлінше азайтуды көздеген дауыс берудің электрондық жүйесі сыр беріп, ашылмай, дауыс бере алмай,әбігерге салған сәттер де болды. Дегенмен де, тәуекелге барып, дауыс берудің осындай формасын енгізу, бұл “Nur Otan” тарапынан жасалынған батыл қадам.

Партияның негізі – бастауыш партия ұйымдары екенін көбісі енді түсіне бастады. Білім, денсаулық, оқу орындары, ірі өндіріс т.б салалардағы бастауыш партия ұйым мүшелері осы саяси науқан барысында байқалған белсенділерді назардан тыс қалдырып, өз өкілдеріне басымдық берді. Бұл алдағы жұмыста мән беретін мәселе.

Дегенмен де біз праймериз барысында жаңашыл, белсенді азаматтардың жаңа буынның өкілдерін байқадық. Енді праймериз жеңімпаздары 12 ақпанға дейін өтетін партия коференцияларында аудан, қала, облыстық мәслихаттарға кандидат ретінде ұсынылатын болады. Алдағы сайлауға “Nur Otan”- партиясы біршама дайындықпен жылжуда. Бұл шаралардың басқа партиялардың сайлау науқанына жаңаша қарауына ықпалы болары анық.

Біз еліміздің болашағының жарқын болғанын қалаймыз. Бұл жолда жақсы бастамалар, идеялар көтерген азаматтар біздің құндылығымыз. Ал, ойы бұзық, керағар, тасадан тас ататын шолақ белсенділер қай қоғамда да болған. Оларға қуғын-сүргін заманында, алаштың арыстарын қор қылғандай, жол бермеу керек. Бүгінгі ары, жаны таза азаматтармен тонның ішкі бауындай ынтымақта болып, қолдайық ағайын!

Қармақшы ауданы және Қызылорда қаласының құрметті азаматы Шаһизада Әбдікәрімов: Ынтымақ ұйымынан

Биылғы жылдың оқшау оқиғасы – «NurOtan» партиясының алдағы саяси науқанға тас-түйін дайындалып, партияішілік праймериз өктізуі еді. Сонау 1842 жылы АҚШ-тағы президент сайлауы қарсаңында алғаш қолданылған үміткерлерді дауыс беру арқылы сұрыптау технологиясын Аргентина, Уругвай, Франция, Германия сияқты Латын Америкасы және Европа елдері қолдады. Ол – 2000 жылы посткеңестік республикалар аумағында Ресей Федерациясында жүзеге асырылды.

Қандай бір партияның демократиялық бағытын айшықтайтын, ішкі мәдениеті мен этикалық қалыптарын нығайтатын, біртұтас көзқарас тәртібін шегендейтін бұл тәсілдің азаматтық қоғам құрудағы мәні зор. «Болды да партия, ел іші жарылды» дейтін ұлы Абайдың ескертуін нақ түсінген «Nur Otan» бастамасы басқаларға да ой салса деймін. Себебі, праймериз кезеңінде партияластарымыздың болар іске белсенділігін, жауапкершілігі мен ұйымшылдығын байқадым. Облыстық, қалалық, аудандық филиалдар бекітілген кестеге сай жұмыс істеп, үміткерлер мен таңдаушылардың талап-тілектері деңгейінен көріне білді. Праймеризге қатысушыларға методикалық-техникалық көмек көрсету өз дәрежесінде жүргізілді. Бастауыш партия ұйымдарының мүшелерді қоғамдастыру іс-қимылында кінәрат байқалған жоқ. Соның нәтижесінде облыс бойынша өзім праймеризге барған Қармақшы ауданында сұрыптау сайысы мақсатты мәресіне жетіп отыр.

Мен облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болып, аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық үдерісіне қатысып келемін. Зәру мәселелер де назарымнан тыс қалған емес, оларды шешуге әріптестеріммен бірге араласып жүрмін. Өзімнің жылдар беделінде жинақтаған тәжірибем мен партияластарымның сеніміне сүйеніп, жаңашыл бастамаға қатысып отырмын. Нәтижесін уақыт көрсетер. Ең бастысы – маған сенім білдірген 2232 партия мүшелеріне және праймериз кезеңін ұйымдастырушыларға алғыс сезімімді білдеремін.

«Q-MED» клиникасының директоры Раушан Базарбай: Праймериз 2020 – әйел және саясат

Адамзат тарихы әйел мен ер адам өмірінің әр саладағы қарым қатынасынан, өмір сүру қағидалары тарихынан құралған. Бұны гендерлік тұжырымдама деп сипаттаймыз.

Бүгінгі таңда қоғамның толыққанды дамуына ықпал ететін ерлер мен әйелдер арасындағы Гендерлік теңдік деген пікірді қамтитын көптеген қабылдаған құжаттар, гендерлік саясатты жүргізетін қоғамдық ұйымдар мен заңды құрылымдар бар болғанымен, гендерлік теңдікке толыққанды жетуге Қазақстанның шығыс елдерінің, діні ұстанымдардың әсері басымдырақ болды.

Шынтуайтында, гендерлік теңдік ерлер мен әйелдердің елдің ұлттық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына үлес ретінде өз құқықтарын іске асыру үшін тең жағдайлары, сондай-ақ өз қызметінің нәтижелерінен пайда алудың тең мүмкіндіктері болуын болжайды.

Осы орайда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың биліктің шешуші органдарының қатарына кемінде 30 % әйел адамдардың болуын талап ету, еліміздің демократиялық жолдағы өте жақсы көрсеткіші деуге болады.

Әйел адамы ең алдымен, ана, отбасының қамқоршысы. Дегенмен, қазіргі урбанизация, глобализация, демократизация заманында Әйелдер өздерінің саяси белсенді позицияларын айқын көрсетуде.

Біздің аймақта Қазақстан тарихындағы ең алғаш әйел әкім тағайындалды. сенаторлыққа қаншама тіке-тіреске қарамастан, бәйгеде аты оза шауып таза өз беделі мен елдің арасында жинаған абыройының арқасында сенатор болып Акмарал Альназарова халықтың қолдауымен сайланды. Ал осы праймериз іріктеуінде қанша «Менмін» деген ер азаматтар тұрсада, елдің таңдауы көпшілік дауыспен тағыда өзіміздің қатарымыздағы белсенді әйел Аида Ибрагимқызы Абибуллаева озып отыр. Сенатор болып сайланған Акмарал Шәріпбайқызы да, Аида Ибрагимқызы да жанұясымен жұмысын қатар алып жүрген әйелдер.Осы әйелдердің саяси аренада өз орындарын алғандағы жолы арқылы , әйелдер саясаткерлеріне “жыныстың әлсіздігіне” жеңілдік жасамайтынын білдік.

Тарих пен тәжірибе әйелдің ерікті қасиеттері оларға халықтарды басқаруға, тиранияға қарсы тұруға, өз елін өркендеу мен бостандыққа жетелеуге мүмкіндік береді дейді. Парламент пен Үкіметте әйелдердің 30% – дан азы бар мемлекеттер ана мен баланы қорғау, Бала құқықтары, әлеуметтік қорғау проблемаларымен нашар күреседі. Ал, әйелдер билік құрылымдарының кем дегенде үштен бірін құрайтын елде, қоғам тұрақты дамитынын , демократия мен ашық мемлекет болатынын уақыт пен Европа елдерімен айшықталған.

Азаматтық Қоғам саясаткер әйелдерге жоғары талаптар қояды, бұл әйелдердің саяси жетекшілерінің бірінің тапқыр ескертуін тудырды: әйелді саясаттағы көрнекті тұлға ретінде қарастыру үшін ол “ат сияқты жұмыс істеп қана қоймай, нәзіктілігін жоғалтпау керек». Біздің өңірден шыққан жоғарыда аты аталған халық қалаулылары осы талапқа сай келеді деп анық айта аламын.

Әйелдердің елдің саяси өміріндегі шынайы жағдайын праймериз 2020 көрсетті, төменгі, Жергілікті деңгейде әйелдердің белсенді болғанын және олардың жергілікті билік органдарындағы өкілдігі жоғары болғанын мойындамау мүмкін емес.Бұл жалпы әлемдік үрдіс.

Кейбір батыстық саяси сарапшылардың пікірінше, әйелдер Жергілікті қатысу деңгейін орталық билікке қарағанда идеологиялық және саяси тұрғыдан қолайлы деп санайды. Бұл жергілікті деңгейде өңір әйелдерінің өмірлік мүдделерімен байланысты нақты практикалық міндеттер шешілетіндігімен, сондай-ақ депутат жұмысының нәтижелері айқын көрінетіндігімен түсіндіріледі.

Әрине, Nur Otan партиясы әйелдердің өкілеттіктерін кеңейту тенденциясын атап өтпесем болмайды, бұл басқа партиялардан айырмашылығы, әйелдердің мемлекеттік басқару органдардағы жұмысына көптеп қатысуына, халықтың мұң-мұқтажын естуші мемлекет болып қалыптасу жолындағы белсенді іс –әрекеттерін айшықтады.

Билік және басқару органдарындағы әйелдердің өкілдігі көп болуы, ол елдің саяси- әлеуметтік дамуының белгісі болып саналады. ХХ ғасырда өркениетті әлемнің барлық дерлік елдері әртүрлі қарқынмен жүргізген құқықтық реформалар заң алдындағы гендерлік теңсіздікті алып тастады және әйелдер сайланған қызметтерде де , жалпы ақылы мансапқа да жол ашты. Бұл жаһандық эмансипацияның әділеттілігі , заң алдындағы гендерлік теңдік үшін күреске арналған алғашқы толқыны, әйел еңбегін қажет ететін урбанизация көрсеткіші.

Сонымен қатар, билік органдарындағы әйелдердің пайызын біртіндеп арттыру процесі өркениет прогресінің сөзсіз белгісі болып табылады.

Немен түсіндіріледі бұл қарама-қайшылық? Саяси жүйеде жеке адамдар емес, институттар — оқиғалар емес, енгізіліп жатқан процестер маңызды.

Саясатта таңдалып алынған кандидаттың жақсы , сүйкімді, тартымды болғаны маңызды емес, маңыздысы сайлау қаншалықты заңды жолмен өтті, қаншалықты барлық үміткерлерге тең мүмкіншіліктер берілді, қаншалықты әділ өтті.

Осы орайда біздің әйелдер бәрін өз маңдай терімен алды, ерлердің алдын орап алып, өз белсенділігі мен тапқырлығы, бар мүмкіншілкті пайланудағы озықтығы, халықтың сеніміне серпін берді деп ойлаймын.

Жалпы айтқанда, Қызылорда өңірінің қыздары озып тұр. Сонау ер мінезді жау жүрек Тұмар (Томирис) ханым мен ару қызымыз Жібектің текті ұрпағы екеніміз көрініп тұр. Талай ғұламаларды өмірге әкелеген қасиетті Сыр өңірі, осы жолы да жақсы сипатта ерекшеленді!

Іске сәт, ер жүректі азаматшалар!

Тағы да оқыңыз: