Kyzylorda-news.kz. Денсаулық сақтау министрлігі емханалар жанынан құрылатын мобильді бригадалардың қызметі халыққа тегін болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

«Бұл (мобильді топтар) – халыққа тегін көрсетілетін жедел жәрдемнің жаңа қызметі. Мемлекет әр шақырту бойынша МӘМС (Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру) қоры арқылы төлейтін болады. Олар науқастармен байланыста болғандардан және симптомы барлардан COVID-19-ға ПТР-тест алады», – деді министрліктен.

Мәлім етілгендей, мобильді бригадалар емханалар жанынан құрылған. Қызметі – коронавирус симптомы бар және пневмониямен ауырғандарды, сондай-ақ стационарда емделіп шыққан науқастарды бақылау.

«Сонымен бірге мобильді топтар созылмалы ауруы бар адамдарды, жүкті әйелдер мен балаларды үйінде бақылайтын болады. Мобильді бригадалардың қызмет төлемін Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры жүргізеді. Әр шақырту үшін емханаларға 5400 теңге аударылады. Мобильді топтардың қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен, пульсоксиметрлермен және басқа да керек-жарақпен қамтамасыз етіледі», – делінген хабарламада.

Тағы да оқыңыз: