Kyzylorda-news.kz Бүгінде Сырдария ауданы серпінді даму жолына түсті. Ауданға қарасты әрбір ауылда іргелі істер қолға алынып, жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар маңызды жобалар іске қосылып, ауыл тіршілігіне жаңа серпін беруде.

Соның айқын көрінісі – Сәкен Сейфуллин ауылы. Елді мекенде соңғы жылдары инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандарды жөндеу, абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ауыл көшелері ретке келтіріліп, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған бастамалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.

Жуырда ғана Сәкен Сейфуллин ауылы өзінің 50 жылдық мерейлі белесін жоғары деңгейде атап өтті. Ауыл тарихына көз жүгіртіп, бүгінгі жетістіктерін паш еткен бұл мерейтой ел бірлігін нығайтып, тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Жарты ғасырлық тарихы бар ауыл бүгінде жаңарып, болашаққа нық қадам басып келеді.

Ауыл тарихынан

Елі ырысты, жері күрішті ауданның тарихы биыл 96-шы жылға қадам басса, аудан орталығына жақын елді мекеннің бірі – Сәкен Сейфуллин ауылының құрылғанына осы жылы – 50 жыл толады.

Мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы Сәкен Сейфуллин атын еншілеген ауылдан Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бәйтен батырлар, Шортанбай, Жүзбасар, Қырғи секілді билер, дарынды ақын-жазушылар, танымал тұлғалар шыққан. Киелі мекеннің алғашқы құрылуы негізінен 1934 жылдан бастау алады. Ол кезде «1 Май» және «Құндызды» колхоздары біріктіріліп, соның негізінде «1 Май» атындағы колхоз құрылған. Одан кейінгі жылдары «Каганович» колхозы, «Ленин» атындағы іргелендірілген колхоз, «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхоз болып қайта құрылымдаудан өткені ауыл тарихында қаттаулы тұр.

Ауыл тарихы туралы деректе: «1 Май» колхозы 1934 жылы құрылып, басқарма төрағасы Сейітжан Сақтағанов болса, «Құндызды» колхозы да 1934 жылы құрылып, алғашқы колхоз төрағасы болып Досмырза Бақтыбаев сайланды. Екі жылдан кейін екі колхоз біріктіріліп, «1 Май» атындағы колхозды Сейітжан Сақтағанов басқарған. Техника жоқтың қасы болғандықтан барлық шаруалар қол күшімен атқарылған. Колхозшылар Әбдірахман Құрланбаев, Созақбай Меңліғараев, Досжан Нұржанов ұсталар соққан еңбек құралдарымен арық қазды, егін егіп, шөп орды. Егінді сумен қамтамасыз етуден атақты Мұрат Қосбармақов пен Жүніс Жотаев басшылық жасады. Ал диқаншылықта Алмағанбет Дүйсебаев, Тұрғанбай Бұланбаев, Бимағанбет Аяпбергенов, Игілік Бақшақбаев, Сүйін Бақшақбаев, Дәрібай Бәйменов, т.б. ақсақалдар елге өнеге болды» деп жазылған.

Ауданға жақын орналасқан шағын ғана Сәкен ауылы – өз-өзімен тіршілік кешіп, берекелі өмір сүріп жатқан мекен. Тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталатын округ әуел баста кішігірім «1 Май» және «Құндызды» атты екі колхоздан құрылды. Одан соң 1949 жылы бірігіп «Каганович» колхозын, 1959 жылы «Амангелдімен» қосылып «Ленин» атауын алды. Кейін тағы да колхоздар бірігіп ХХІ партъезд атындағы совхозға айналды. Ал 1975 жылы Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз болып, өз алдына отау тікті.

Бүгінде 1630 ғана тұрғыны бар елді мекен өзінше даму жолына түсіп, берекелі өмір сүруде. Онда 10 көше, 460 орындық №137 орта мектеп, 90 орындық «Ақ көгершін» бөбекжай балабақшасы, дәрігерлік амбулатория, 150 орындық ауылдық клуб үйі, №4 модельді кітапхана, мал дәрігерлік пункті, учаскелік пункт, «Міркемел Кәлпе» мешіті, және «Қазпошта» бөлімшелері халыққа қызмет көрсетеді. Ауыл халқы 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ауылда балаларға арналған 4 ойын алаңы бар. Мұнда 6 көше жарықтандырылып, 3 шақырым жолға тротуар салыныпты.

«Ауыл Ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 көшенің автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген.  Бір қуаныштысы, былтыр елді мекенді газдандыру жұмысы толық аяқталып, тұрғындардың 90 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілген.

Биыл да іргелі істер бастау алған. Ең негізгі нысандар орналасқан үш көшеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуде. Елді мекенде мал ұрлығы және құқық бұзушылықтын алдын алу, анықтау мақсатында негізгі көшелерге 5 млн теңгеге 6 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлығы толық жұмыс жасап тұр. Соның арқасында ауылда ұрлық-қарлық азайып, бұзақылықтар да тиылған.

Ауылдық округі бойынша 85 кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Оның ішінде 80 жеке кәсіпкер, 3 шаруа қожалығы және 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша Өткен жылы Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы 2 жоба мақұлданып, қаржыландырылып, жұмыстарын жүргізуде. Аграрлық несие корпорациясы «Агробизнес» бағдарламасы бойынша да 2 жоба мақұлданып, қаржыландырылды. «Бастау бизнес» оқу курсына 8 адам қатысып,  олар мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, жұмыс жасауда.

Елді мекендегі «С.Сейфуллин-Жер», «Құндызды-Жер», «Желкен Вент» ЖШС, «Жандос» шаруа қожалылығы және жеке кәсіпкер Қуаныш Сайран аз қамтамасыз етілген, асыраушысынан айырылған, көпбалалы отбасы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға азық-түлік және заттай қайырымдылық көрсетеді. Сонымен қатар мектеп, балабақша, клуб мекемелерінің іс-шараларына, балалардың жазғы демалысына тұрақты демеушілік жасап келеді. Ауылда 7 дүкен, 2 монша бар.

Заманауи үлгіде жаңарады

Ауылда бір ғана №137 орта мектеп бар. Біршама жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім мекемесін заманауи үлгіде жаңарту көпшіліктің талап-тілегінен туындаған екен. Ашылғанына 50 жылға жуық уақыт болған білім ордасына бұған дейін тек жай жөндеу жұмысы жасалған.

Құрылыс басында бізді ауыл әкімі Бекзат Қыдырбаев күтіп алып, жұмыс барысын көрсетті. Құрылысты «Н-Строй сервис» серіктестігі мекемесі жүргізуде. Қазір жұмыстың 80 пайызы аяқталған, ішкі жақта әрлеу және сырлау жүргізілуде. Тамыз айында оқушылар жаңа кейіпке енген мектептің табалдырығын аттайды. Жалпы күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен бөлінген 309,1 млн теңге бөлінген.

Барлық жерде қандай құрылыс болсын, соңғы үлгіде салынып жатыр. Біз де ішкі жұмыстарына өзгеріс енгіздік. Мұнда спорт залдың едені ағаштан емес, резеңкеден жасалады. Бояуы да «Жайлы мектептің» жобасында сырланады. Ішкі жұмыстың тең жартысынан астамы аяқталып тұр, – дейді ауыл әкімі.

50 жылдыққа орай ауылдан шыққан танымал ақын-жазушыларға арналған арнайы кабинет жасақталып, олардың жаңа туындыларының тұсаукесерін өткізу жоспарда бар. Жалпы мектепте 380 оқушы білім алады. Биыл оқу жылында 30 оқушы түлеп ұшса, оның 3-уі «Алтын белгі», 7-уі «Үздік аттестат» иегері. ҰБТ сынағына бітірушілердің 80 пайызы қатысып, орташа балл 83,3 болыпты.

50 жылда ел жаңа

«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, шағын ауылының шаруасы да беталысы да қарқынды. Биыл елді мекеннің құрылғанына 50 жыл болғандықтан, қазірден дайындық жұмысы басталып кеткен тәрізді. Бұл істе ауыл әкімі бірінші болып белсенділік танытып жүргені байқалады. Осы жердің тумасы, екі рет қатарынан әкімдікке сайланған Бекзат Қыдырбаевтың іскер азамат екені көрініп тұр. Сөзі мен ісі үйлескен, әр істің басында өзі жүр. Тіпті жұмысшы жетіспей жатса, оған да кірісіп кетеді. Туған жерге қызмет етуге келген ол: «Ауылды алдыңғы қатарға қосқым келеді», – дейді.

Орта мектеп те, ауыл клубы да бір үлкен көшенің бойына орналасқан. Сол Ә.Байназарұлы атындағы көше биыл күрделі жөндеуден өтуде.

Аймақ басшысының қатаң талабын білетін құрылыс мекемелері бірінші жұмыстың сапасына мән береді. Оны облыс, аудан басшылары, техникалық қадағалау орындары, жергілікті халық бақылап отыр. Қазір талап бойынша жолдың енін 5,75 метр, қалыңдығын 7-8 см етіп артығымен төсейді. Себебі ол тартылып кетіп, қысқаруы мүмкін. Кепілдік мерзімі 2 жыл. Бұрын мұндай уақытқа берілмейтін. Жол жөндейтін мекемелер бір істі қайта келіп жасамас үшін, барлығын тыңғылықты орындап кетуге тырысады. Осы үш көше толық жөнделсе, ауылдағы жолдың мәселесі 100 пайызға шешімін тапқалы тұр, – дейді ол.

Ауылда мұнан өзге атқарылған тірлік көп. Халыққа қажетті ең негізгі – ауызсу мен жарық, газ бар. Дегенмен электр бағаналарын толық қайта жаңғыртудан өткізу керек. Ол іс те таяуда жүзеге асып қалады. Өзге ауылмен салыстырғанда жаңашылдық, өзгеріс, толымды істер байқалады. Бюджет қаражатына орай әлі де жасалатын жобалар бар.

Мерейтойға орай демеушілер көмегімен клубтың жанынан орталық алаң салынып, онда субұрқақ, әдемі гүлзар жасалған. Басты демеуші Абзал Ералиев субұрқақ салуға көмек берді. Жұдырықтай жұмылып, алға қарай ұмтылып, табанды тірлік етіп жатқан Сәкен ауылындағы серпінді істер, міне осындай. 

Тағы да оқыңыз: